Елімізде инвестициялық климатты жақсарту мақсатында Елбасы: «Әділ сот төрелігі инвесторлар мен бизнес үшін қолжетімді болмақ. Жекеменшік құқығы мызғымайтын болады. Инвестициялық сот және халықаралық төрелік сот орталығы үздік халықаралық тәжірибенің үлгісі бойынша елдегі бизнес ахуалды әлемдегі ең тартымдылардың бірі етуі тиіс» деп жариялады. Мұнымен қатар Елбасы «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты Ұлт жоспарының 23-қадамында инвестициялық даулар бойынша жеке сот істерін жүргізуді құру, Жоғарғы Сотта ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарау үшін Инвестициялық алқаны ұйымдастыруды тапсырды. Бұл тапсырмадан қандай міндеттер туындайды? Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Әбдіразақұлы МӘМИДІҢ мақаласында осы сұраққа байланысты жауап қайтарылған.
Биыл қазақстандықтар үшін ең мерейлі жыл ретінде есте қалары сөзсіз. Елімізде кезектен тыс президенттік сайлау жоғары деңгейде өткеніне бүкіл қазақстандықтармен бірге мыңға жуық шетелдік байқаушылар куә болды. Осы орайда, сайлау науқанының заң шеңберінде өтуіне соттар да өз құзыреті аясында ықпал етті.
Елімізде әр жылдары жүргізілген сот-құқықтық реформаларды және оның табысты іске асырылуын Елбасы әрқашан жіті назарында ұстайды. Осындай бастамалардың бірі елімізде экономикалық сот құру болатын.
Бұдан он бес жыл бұрын Президенттің бастамасымен құрылған мамандандырылған экономикалық соттар бүгінде сапалы қызмет көрсетуде. Мұның өзі қандай істі болсын, әр саланың өз маманы жасай білсе, оның сапасы арта түсетіні табиғи заңдылық екеніне көз жеткізді. Және ол ел экономикасының өсуіне оң ықпал етті. Бастапқыда, 2001 жылдан бастап, тәжірибе ретінде Алматы мен Қарағанды қалаларында ауданаралық мамандандырылған экономикалық соттар құрылды. Уақыттың қатаң талабына сай жұмыс жүргізген аталған соттар аз уақыт ішінде өзінің тиімділігін көрсетті.
Бұл Мемлекет басшысының 2002 жылы 9 ақпанда «Мамандандырылған ауданаралық экономикалық және әкімшілік соттарды құру туралы» Жарлыққа қол қоюына негіз болды. Осы Жарлықпен барлық облыс орталықтарында мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар құрылды. Яғни, мемлекет тарапынан шағын және орта бизнестің дамуына қуатты серпін беретін заңнамалық тетіктер жасалынды.
Қазіргі уақытта республика көлемінде он алты мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар тыңғылықты жұмыс жүргізуде. Бүгінде жеке және заңды тұлғалардың арасындағы экономикалық дауларды қарау мәселесі бір арнаға түсіп, бұл саладағы сот шешімдері көпшіліктің көңілінен шығуда.
Өткен жылы экономикалық соттардың жұмысына қатысты бизнес субъектілерінің пікірін білу үшін әлеуметтік сауалдама жүргізілді. Сауалдамаға жауап бергендердің 86,4 пайызы экономикалық соттарда істердің сапалы және уақтылы қаралатынын, осы салаға маманданған судьялардың кәсіби деңгейінің жоғары екендігін атап көрсеткен.
Алайда, әр кезеңде өмір өз талабын туғызады. Қазіргі жаһандану уақытында экономикалық байланыстардың нығаюы, дамушы елдер мен нарықтық қатынастар арасында бәсекелестіктің өсуі ұлттық экономикаға инвестициялық тартымдылықты арттыру мәселесін жаңғырту қажеттігін көрсетіп отыр.
Елбасының заңның үстемдігін қамтамасыз ету жөнінде Ұлт жоспарындағы осы тапсырмасын іске асыруға байланысты тағы бір өрелі іс өмірге жолдама алуға дайын. Атап айтқанда, инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында және соттарға деген сенімді одан сайын арттыру үшін Астана қаласында инвестициялық дауларды қарайтын жүйе құру қолға алынуда.
Бұл жүйенің басты ерекшелігі, сот процестері қысқа мерзімде, барынша жеңілдетілген жағдайда жүргізілмек. Инвестициялық даулардың сапалы қаралуы судьялардан бірқатар тиісті салалар мен құқықтық институттарға арнайы бейімделген білімділікті, жалпы алғанда, дауларды шешуде неғұрлым практикалық тұрғыда машықтануды талап етеді.
Бұл салықтық, кедендік, жер қойнауын пайдалану, қоршаған ортаны, зияткерлік меншікті, бәсекелестікті және табиғи монополияларды қорғау, тағы басқа да дауларға қатысты болады.
Сот жүйесінің алдында тұрған өзекті мәселенің бірі – кәсіпкерлік субъектілері қатысатын сот істерінің қаралуын жеделдету, сот өндірісін жеңілдету, төрешілдік ресімдерді азайту.
Елбасы алға қойған жаңа міндеттерді жүзеге асыру барысында бұл салада Жоғарғы Сот тарапынан бірқатар игілікті шаралар атқарылуда. Нақты айтқанда, ең озық инвестициялық соттар жұмыс істейтін шетел тәжірибесін оқып-үйрену, оны қолдану практикасын зерделедік.
Халықаралық сауда-экономикалық байланыстардың дамуы, әлемдік экономикадағы ықпалдастық үдерістері біздерден жаңа көзқарастар мен оңтайлы тәсілдерді талап етуде. Соның ішінде, сот әділдігін тиімді жүргізу мәселелері де бар. Өйткені, қазақстандық сот жүйесі жалпы әлемдік үдерістен тыс қала алмайды. Сондықтан бірінші кезекте инвестицияларды қорғау тұрғысындағы заңнаманы және сот жүйесін жетілдіру мәселелеріне баса маңыз берілді.
Биылғы ақпан айының басында «Әділ сот жүйесі және орнықты заңнама – тартымды инвестициялық климаттың кепілі» атты дөңгелек үстел барысында осы мәселе кеңінен талқыланды. Іс-шара мұнай-газ саласының қазақстандық заңгерлер қауымдастығы, КАZВАR коммерциялық заңгерлер алқасымен бірлесіп ұйымдастырылды. Оған Үкімет, Конституциялық Кеңес мүшелері, судьялар, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдар, дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.
Президент жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің құрамындағы «АрселорМитталТемиртау», «Би Джи Групп», «Камеко», «Эксон Мобил», «Тенгизшевройл», «Шеврон», «Норт Каспиан Оперейтинг Компани», т.б. компаниялардың өкілдері шақырылды.
Басқосуда инвесторлардың құқықтарын қорғау, инвестициялық дауларды шешу, инвесторларға арналған салық артықшылықтары, инвестициялар және төрелік туралы заңнаманы жетілдіру жөніндегі өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Инвесторлардың қатысуымен дауларды қарастыру және шешу тұрғысында сындарлы пікірлер алмасылды.
Елімізде инвестициялық сот құру, оған білікті шетелдік мамандарды тарту қажеттілігі жайлы Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде: «Шетелдік және отандық инвесторлар қазақстандық әділ соттың адалдығына сенімді болуы тиіс. Оған деген сенімді арттыру үшін инвестициялық дауларды қарауға шетелдік судьяларды тартып, мұндай дауларды шетелдік және халықаралық соттардың үздік стандарттары бойынша қарау қажет» деп тапсырған болатын.
Осы тапсырмаларды орындау мақсатында Жоғарғы Сот пен Ұлттық Банктің бірлескен делегациясы Біріккен Араб Әмірліктеріне және Сингапур Республикасына жұмыс сапарымен барды. Осы сапар барысында инвестициялық дауларды шешудің және қаржы орталықтарын дамытудың озық шетелдік тәжірибесі зерделенді.
БАӘ-нің Жоғарғы соты мен Дубай халықаралық қаржы орталығындағы ресми кездесу барысында соттар арасындағы ынтымақтастық туралы ресми хаттамаға қол қойылды. Сөйтіп, осындай құрылымдар құрылған кезде консультациялық көмек көрсету туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сингапурда өткен басқосуда сот ісін жүргізу, инвестициялық даулар саласын реформалау, судьялардың кәсіби деңгейін арттыру және соттарды ақпараттармен қамтамасыз етудің мән-жайы талқыланды.
Дубай халықаралық қаржы орталығы мен Сингапур қолданған тәжірибеден қаржы аумағын басқарудың жаңа әкімшілік тәсілдерін енгізу, төрешілдік ресімдерді жою, салық салу, кеден саласында инвесторларға жеңілдіктер беру, қаржылық орталық аумағында шетел бизнесі үшін жұртшылық таныған жалпы құқық (англо-саксондық) жүйесін енгізудің тәсілдерімен таныстық.
Елбасының «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты Ұлт жоспарында көрсетілген өзге міндеттерді орындауда да нақты істер жүзеге асырылуда. Осы реформалық құжатқа сәйкес, Дубай тәжірибесі бойынша Астана қаржылық орталығында дербес сот және халықаралық арбитраждық орталық құру жұмыстары жүргізілуде.
Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасында инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы инвестициялық қызметке байланысты дауларды қараудың жаңа тәртібі көзделінген. Соған сәйкес, инвестициялық дауларды Астана қалалық соты бірінші сатыдағы сот ретінде қарастыру қажеттілігі ұсынылды.
Жоғарғы Сотта мамандандырылған алқа құрылып, инвестициялық даулар бойынша Астана қалалық сотында қаралған істерді апелляциялық тәртіппен, ал өте ірі инвесторлық дауларды бірінші сатыда қарайтын болады. Осылайша мамандандырылған құрамдағы судьялар үшін инвестициялық істер бойынша сатылар санын қысқартуға және істерді қарау сапасын жақсартуға жағдай жасалады.
Жалпы алғанда, ұсынылып отырған тәсілдер осы саладағы дауларды неғұрлым жоғары деңгейде шешуге септігін тигізіп, жергілікті билік органдарының сот процесіне сырттан араласуына жол бермейді.
Осы ретте Елбасының «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру туралы» Жарлығына орай, Астана қаласы қаржы орталығының сотын құру туралы заң жобасы дайындалды. Бұл соттың өзіндік бір ерекшелігі, олар мемлекеттік сот жүйесінен бөлек, өз істерін дербес жүзеге асыратын болады. Оның жұмысы ағылшын тілінде әрі шетелдік судьялармен Англо-саксондық заңдар негізінде жүргізілмек. Жоғарғы Сот олармен әріптес ретінде қарым-қатынаста болады.
Бүгінде әлемдегі кейбір елдердің жылдам әрі табысты дамуына бірқатар мысалдар бар. Мысалы, Жапония, Сингапур, БАӘ, атап айтқанда, Дубайда тартымды нарықтық қаржылық қатынастардың құрылуы, олардың табысты дамуының басты шартының біріне айналып отыр.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 19 мамырдағы Жарлығымен «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылды. Бұл біздің республикамызда бизнесті табысты дамыту, баламалы жағдай жасау мақсатында, елімізді бірден-бір ірі қаржы және инвестиция орталығына айналдыруды заңдық тұрғыда бекітіп берді.
Республикамызда халықаралық қаржы орталығын Дубай халықаралық қаржы орталығы (DIFC) үлгісінде құру инвесторларға бірқатар жеңілдіктерді ұсынып қана қоймай, қаржыларын сот арқылы тиімді қорғауға құқықтық кепілдіктер беруді қажет етеді.
Президент Жарлығында көзделгендей, бұл орталық әлемнің жетекші қаржы орталықтарының стандарттары негізінде жұмыс істейді. Оның іс қағаздарында, соның ішінде сот ісін жүргізуде ағылшын құқығының қағидаттары мен нормалары, тілі қолданылады. Орталыққа қатысушылар арасындағы қарым-қатынасты реттеу, дауларды қарау, оның ішінде инвестициялық дауларды қарау құқығы берілген шетелдік судьяларды тарта отырып, орталықтың қаржы сотын құру көзделінген.
Орталықтың аумағында алынатын табыс салығын, үлеспайда түріндегі кірістер, төлем көзіне салынатын жеке табыс салығын төлеуден 10 жылға босату қарастырылады. Бұған қоса, оның аумағында тауарларды сатып алған кезде қосылған құн салығын қайтару шарттарын айқындайтын және өзге де жеңілдіктер мен артықшылықтар беруді көздейтін заң жобасы әзірленуде.
Президент жанынан орталықты басқару жөніндегі кеңес және Ұлттық Банктің «Астана» халықаралық қаржы орталығы қатысушыларының қызметін реттеу комитеті құрылады. 2020 жылға дейін орталықтың он ең үздік Азия қаржы орталықтарының және Global Financial Centres Index нұсқасы бойынша әлемнің отыз жетекші қаржы орталықтарының қатарына кіруіне бағытталған стратегиялық әріптестік туралы келісімдер жасасу жөніндегі шаралар қабылданады.
Елімізде жаңа заңнамалық реформалар әр жылдары табысты жүргізіліп келеді. Соның бірі – Азаматтық процестік кодекстің (АПК) жаңа жобасы.
Жобаның мақсаты – азаматтардың конституциялық құқықтарын, заңды тұлғалардың мүдделерін сотта қорғауға бағытталған заңнаманы жаңғырту. Жаңа редакцияда азаматтық қатынастардың барлық салаларында құқық үстемдігі қамтамасыз етіледі.
Осы бағытта биылғы наурыз айында Жоғарғы Сот Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетімен бірлесіп, «Жаңа редакциядағы Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі аясында азаматтық құқықтарды жүзеге асыру және қорғау» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Бұл іс-шараны ұйымдастыруға «Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қоғам (GIZ) және «БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдарламасы» атсалысты.
Қолданыстағы кодексті қайта қарау қазіргі заманның жаңа талаптарына сәйкес, азаматтық процесті кешенді түзетудің айқын қажеттілігінен туындады. Сот органдарының тәуелсіздігін нығайтып, әділеттілікке қол жеткізу мүмкіндіктерін барынша кеңейтеді.
АПК жобасының жаңа редакциясында сотта бітімгерлік ресімдерді қолдануды жетілдіру, сот ісін жеңіл әрі жедел жүргізу, сот актілерін жоғары сатыларда қайта қарау мәселелері айқын көрініс тапқан. Сондай-ақ, дауларды реттеудің соттан тыс және сотқа дейінгі тәртібі жаңа тұрғыдан тұжырымдалған. Жаңа редакцияда талапкердің процестік құқықтары мен міндеттерін сақтау мақсатында міндетті өкілдік ету институтын енгізу көзделген. Осы ретте, талапкерге өкілдік етушілердің жоғары заңгерлік білімінің болуы міндеттеледі.
Сонымен бірге, Жоғарғы Сотта Әкімшілік процестік кодекстің жаңа жобасын әзірлеу жұмыстары да жүргізілді. Бұл кодекс құқықтық дауларды жария түрде шешудің жаңа тетігі болып табылады. Мұндай қадам өзара іс-қимыл барысында мемлекеттік органдар тарапынан қысым жасаушылықтың жолын кеседі.
Осы заң жобасы аясында, сот туындаған қатынастарды реттейтін заңнаманы мұқият зерделейді, тараптардың барлық мүмкін болатын әрі жеткілікті дәлелдемелер ұсынуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, тараптардың өзара бітімге келу шараларын қабылдауы тиіс.
Жаңа кодексте жариялы-құқықтық сипаттағы кикілжіңдерді шешудің тәртібі реттеледі. Әкімшілік әділет жүйесі лауазымды тұлғалар мен басқару органдар тарапынан болатын кез келген тәртіп бұзушылықтың алдын алып, жедел әрі тиімді шешуді көздейді. Бұл тетіктер мемлекеттік басқарудың сапасын айтарлықтай жақсарта түседі.
Аталған жоба әкімшілік сот ісін жүргізуді құқықтық реттеудің бүкіләлемдік тәжірибесіне сәйкес әзірленгенін айта кеткім келеді. Бұл ретте Германия, Латвия, Литва, Әзербайжан және тағы басқа елдердің тәжірибесі терең зерделенді.
Жалпы алғанда, заманауи талапқа сәйкес, республикамыздың сот жүйесінде электронды сот өндірісін енгізу жұмыстары қарқын алды. «Сот кабинеті» жүйесі арқылы биылғы жылдың бес айында 115874 құжат электрондық түрде берілді. «Сот құжаттарымен танысу» сервисі, сот процестерін бейне-дыбысжазба жүйесі, СМС және электронды хабарламалар тарату секілді жобалар жүзеге асырылуда. Міне, осы жұмыстың барлығы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың тиімділігін арттыруға игі ықпал етеді деп сенемін.
Бүгінгі таңда еліміздің сот жүйесі одан әрі ілгерілеп келеді. Атап айтқанда, өткен жылы республикада сот жүйесін серпінді дамыту, оның құқықтық негіздерін нығайту, азаматтардың сотқа қолжетімділігін арттыру барысында оң нәтижелерге қол жеткізілді.
Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекелестік индексі жариялаған рейтингіне сәйкес, Қазақстан «Сот тәуелсіздігі» көрсеткіші бойынша 2014 жылы 86-орынға тұрақтады. Соңғы үш жыл ішінде өз көрсеткішін 25 позицияға жақсартты.
Ал тәуелсіз, көпсалалы «World Justice Project» халықаралық үкіметтік емес ұйымының дерегінше, 2015 жылы заң үстемдігі туралы әлемдік рейтингіде (The Rule of Law Index 2015) біздің еліміз 65-орынға табан тіреді. Яғни, ұлттық сот жүйесі өткен жылмен салыстырғанда, өз көрсеткішін алты позицияға жоғарылатты.
Бүгінде елде сот-құқық реформасының жемісті жүргізілуі Елбасының соттарға ұдайы қамқор болуының нақты дәлелі. Мемлекет басшысы азаматтардың бостандығы мен құқықтарының қырағы қорғалуын әрдайым өзінің назарында ұстап келеді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мемлекеттің міндеті – адамдардың еңбек етіп, өмір сүруінің тиісті заңдық тетіктерін жасау, конституциялық құқықтарына кепілдік беру» деген ұлағатты сөзін басшылыққа ала отырып, Ұлт жоспарында белгіленген ауқымды міндеттерді талапқа сай іске асырамыз деген сенімдеміз.
Қайрат МӘМИ,
Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы.