Батыс Қазақстан облысы аумағындағы ұсақ су айдындарында мұз қабатының түзілуіне байланысты суда еріген оттегінің жетіспеуі салдарынан балықтың қырылу қаупі пайда болған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл қыс мезгілі салыстырмалы түрде жылы болғанымен, өңірдегі көптеген су айдындарында мұздың қалыңдығы 40 см-ге дейін жетеді, бұл – балықтардың жаппай қырылу қаупін тудырады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше министрлікке қарасты Балық шаруашылығы комитетінің тапсырмасы бойынша Жайық-Каспий аралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары балықты құтқару мақсатында кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл ретте, әсіресе, тереңдігі аз су айдындарына ерекше көңіл бөлініп отыр.
Қазіргі уақытта: 136 000 ойық бұрғыланып, оттегімен байытылған 5000 текше метрден астам су айдындарға жіберілген, оған 657 адам және 167 техника бірлігі жұмылдырылған.
Аталған жұмыстар жалғасып жатыр.