Киіктердің жаппай қырылуынан қауіптеніп қалған жұртқа бағымдағы малдың да шетінеуінің ұшырасуы – алаңдатарлық оқиға. Мұндай жағдай Ұлытау ауданындағы Бозтұмсық ауылында орын алды. Алайда, әлеуметтік желілерде хабарланғандай, мұнда бірден 100-ден астам мал басы емес, 21 ірі қара түрі, атап айтқанда, 19 бұзау, 2 қашар тұяқ серіпкен екен. Әзірге басқалары өлім-жітімнен аман.
Кеше аудандық ветеринария бөлімінен білгеніміздей шетінеген малдардан алынып, тексеріске жіберілген үлгіні Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығы» зерттеген. Нәтижесінде листериоз пен пастереллез аурулары екені анықталыпты. Осыған байланысты аталған комитеттің Қарағандыдағы эпизотияға қарсы отряды мамандары бүгінде Қаракеңгір ауылдық округі аумағындағы мал қораларына дезинфекция жұмыстарын жасап, аурудың таралмауы үшін алдын алу шараларын жүргізуде. Осындай істермен қатар, аудандық әкімдіктің қаулысымен малды дағдылы жайылым аумағынан асырмай бағуға, ет, сүт өнімдерін сырт жерлерге шығармауға шектеу қойылды.
Мұндай тосын жағдай бұл ауылда көптен бері ұшыраспапты.Соған тап болу жергілікті тұрғындардың қолдарындағы түлік түрлерінің ветеринарлық күтіміне деген жауапкершілігін күшейтуге ден қойдырып отыр.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Қарағанды облысы,
Ұлытау ауданы.