Атырауда кіндік қаны тамған, Жайық жағасында балалық балдәурені өткен, бүгінде Ресейде тұратын атақты режиссер, сонымен бірге, продюсер Тимур Бекмамбетов туған жеріне келіп, әкесі Нұруахитке орнатылған мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына қатысты. Оның есімі тек бір елге ғана емес, әлемге кеңінен жайылған. Әсіресе, «Түнгі шолғыншы» фильмімен танымал болған Тимур Бекмамбетов туған жеріне бұдан он жыл бұрын келген екен. Содан кейінгі Атырауға келу сапары, өткен аптада әкесі Нұруахитке орнатылған мемориалдық тақтаның ашылу салтанатымен тұспа-тұс келді. Оның әкесі энергетика саласында абыройлы еңбек еткен. Алыста жүрсе де туған жерін сағына еске алатын Тимур Бекмамбетовтің айтуынша, ол қазір шетелдік MGM киностудиясының «Бен-Гур» аталатын ірі жобасындағы жұмысын жалғастыруда.
– Бұл – 2000 жылдық тарихы бар өте көне хикая. Оның сценарийі Лью Уоллестің кеңінен танымал болған «Бен-Гур» классикалық романының желісімен жазылған. Хикая сюжетінде ағайынды жігіттер туралы баяндалады. Негізгі түйін – кек пен кешірім жайлы. Хикаяда Морган Фримен, Джек Хьюстон секілді актерлер ойнайды, – деді атақты режиссер журналистерге берген сұхбатында.
Сонымен бірге, бұған дейін Тимур Бекмамбетов негізін қалаған халықаралық «Astana» экшн-фильмдер кинофестивалінде Қазақстан тарихына негізделген бірлескен жобалар жөнінде де әңгімелеп берді. Оның айтуынша, сценарийлер фестивалі өткен. Бірақ, онда Қазақстан тарихына қатысты емес, ғарыш туралы үздік сценарийі таңдалыпты. Сөйтіп, америкалық Брайан Миллердің сценарийі негізінде «Apollo 18» фильмін түсіруге 5 млн. доллар жұмсалған. Кейін фильмнен 25,2 млн. АҚШ доллары көлемінде табыс түскен.
Тимур Бекмамбетов бұдан былай туған жеріне жиі келуге бекініп отыр. «Жас ұлғайды. Бос уақыт табылып тұрады. Соңғы кездері туған жерім тартып тұратын болды. Сағыныш та бар. Елден тамырымды үзгім келмейді», деді ол.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
АТЫРАУ.
Суретте: атақты режиссер Тимур Бекмамбетов туыстарының ортасында.