• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Маусым, 2015

Қандауыры алтын дәрігер

343 рет
көрсетілді

Ел үшін еткен еңбек ешқашан ұмытылмайды. Көзі тірісінде-ақ «қолы жеңіл дәрігер» атанған Тілеулес Батырханов ағамыз өз ісін жете білген, елге қалтқысыз қызмет еткен азамат еді. Оң­тайландыру кезінде кейбір атағы шыққан әріптестері жеке емхана ашуға талпынып, ұзын ақшаның шылбырында кеткенде «бәріміз пайда қуа берсек, мына жұртты кім емдейді» деп күйінеді екен. Жақында отбасына ақжолтай хабар келген. Астанада дәрі­герлердің кәсіби мерекесі қар­саңында Қазақстанның меди­циналық ассоциациясы құрыл­ғанына 25 жыл толуына орайластырылып, «Еуразиялық денсаулық көпірі-2015» атты халықаралық форум өтті. Аталған салтанатта үздіктер марапатталды. Ұлттық медициналық ассоциациясының ең жоғарғы марапаты «АVE VITAE» орденін осы жиында оңтүстік өңірінен кезіндегі елеулі еңбегі ескеріліп, Тілеулес Тіленұлына беруге шешім қабылданды. Жиында орден Тілеулес ағаның ұлы Асқарға табысталды. Оқырмандарға түсініктірек болу үшін дәрігер жөнінде аз-кем айтқан орынды шығар. Шәмші әнімен байтақ Қазақстанға таныс Арыс ауданы Ақбұлақ елді мекенінде дүниеге келген Тілеулес Тіленұлы Батырханов 1972 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу ісі факультетін үздік бітіргеннен кейін өмірінің соңына дейін Оңтүстік өңірінің денсаулық сақтау саласында өнімді қызмет жасаған. «ҚР денсаулық сақтау ісі­нің үздігі», «Алтын дәрігер» төсбелгісінің иегері, медицина ғылым­дарының кандидаты, жоғары санатты хирург-травматолог, жоғары санатты әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтауды ұйымдастыру дәрігері. 1973-2006 жылдары облысымыздың, қаламыздың бірқатар денсаулық сақтау салаларында, соның ішінде Шымкент қалалық медициналық жедел жәрдем ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары, кейін бас дә­рігері қызметінде, об­лыстық клиникалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары лауазымында қызмет атқарған. Алтын қолды дәрігер 2006 жылы дүниеден өтсе де еселі еңбегі ұмытылған жоқ. Бір кездері ол кісі қызмет еткен облыстық клиникалық балалар ауруханасының қабырғасына мемориалдық тақта ілінді. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». ШЫМКЕНТ.