• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Маусым, 2010

ҰЛТТЫҚ БАЯНДАМА ТАБЫСТЫ ҚОРҒАЛДЫ

683 рет
көрсетілді

24 маусымда Әділет министрлігінде өткізілген баспасөз мәслихатында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 14-ші сессиясы аясында Қазақстанның ұлттық баяндамасын қорғауының қорытындысы шығарылды. Баспасөз мәслихатына Мәде­ниет вице-министрі Ғ.Телебаев, Президент жанындағы Адам құ­қық­тары жөніндегі комиссияның хат­шысы Т.Әбішев, Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Б.Бер­себаев, сондай-ақ Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орта­лығының өкілдері, т.б. қатысты. Әділет министрлігінің жауапты хатшысы М.Бекетаевтың сөзінде атап өтілгеніндей, бұған дейін, үстіміздегі жылдың 12 ақпанында Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев бастаған қазақ­стан­дық делегация Женевада ұлт­тық баяндаманы табысты қорғаған болатын. Қазақстан баяндамасына мұндай бағаны қорғауға қатысқан БҰҰ-ға мүше мемлекеттер деле­га­циялары, Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдары, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар берген-тін. БҰҰ-ға ұсынылған ұлттық баян­дама Қазақстанның адам құ­қын қорғау мен ынталандыру са­ла­сында қол жеткізген табыстарын айғақтап берді. Мұндай табыстар елімізде жүргізіліп келе жатқан ұлтаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету жөніндегі саясат, ана мен бала жағдайын жақ­сарту бойынша жасалып жатқан нақты қадамдар нәтижесінде мүмкін болды. Женевада сондай-ақ Отанымызда жүзеге асырылу үстін­дегі Адам құқы саласындағы 2009-2012 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары мен 2010-2020 жыл­дарға арналған құқықтық сая­сат тұжырымдамасы оң бағаланды. Үстіміздегі жылдың 9 маусы­мын­да Қазақстанның адам құқық­тары жөніндегі әмбебап мерзімдік шолуы бекітілді. Қазақстан бойынша шолу ая­сында БҰҰ-ның 54 мемлекеті үстіміздегі жылдың ақпанындағы интерактивті үнқатысу барысында еліміздегі түрлі адам құқын қорғау және бостандығы аспектілеріне қатысты 128 ұсынымдама ұсынды, деп хабарлады Әділет министр­лігінің баспасөз қызметі.