Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуын тежейтін, заң мен тәртіп үстемдігін бұзатын қауіпті құбылыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың басым бағыты жемқорлықтың алдын алу, яғни мәселенің салдарынан бұрын, оның туындау себептері мен алғышарттарын анықтау, жемқорлық тәуекелдерін жою, қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру болып саналады.
Бұл ретте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық бөлімшесі ретінде Ұлытау облысы бойынша департамент кешенді жұмысты жалғастырып жатыр. Негізгі бағыты – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын іске асыру, күрделі әлеуметтік мәселелерді шешу жолымен азаматтардың сенімін арттыру, басшы құрам арасындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау.
Департаменттің превенция желісі қызметіне тоқталсақ, 2024 жылы бес салада сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің сыртқы талдауы жүргізілген. Атап айтқанда, талдау автожолдар салу және жөндеуден өткізу, ауыл шаруашылығы жерлерін бөлу, еңбек және әлеуметтік қамтамасыз ету, сондай-ақ спорт салаларын қамтыды. Нәтижесінде, бірқатар жемқорлық тәуекелі анықталып, жойылды.
Су ресурстарын басқару, үй аулаларын абаттандыру, балалар ойын алаңын орнату, автожол жөндеу және салу, ауыл шаруашылығы субъектілерін субсидиялау, қоршаған ортаға зиянды заттарды тарату, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары және білім инфрақұрылымын қолдау қорының қаражатын жұмсау салаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізілді. Мониторинг нәтижелері бойынша жемқорлыққа әкеп соғуы ықтимал мәселелер анықталып, шешілді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Жолдыбаев:
– Мемлекеттік сатып алу саласындағы мониторинг аясында 1,3 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаражаты үнемделіп, 8 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Өткен кезеңде тыйым салынған қызметпен айналысқаны, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға кедергі келтіргені, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдамағаны, бұрын жемқорлық жасаған адамды жұмысқа қабылдағаны үшін 7 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Департамент ұсынысы негізінде өзге мемлекеттік органдар 7 жеке және заңды тұлғалар 130 млн теңге көлемінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке, 17 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – дейді.
«Бизнеске жол» жобасы аясында 547 кәсіпкердің құқығы қорғалды, оның 15-і жүйелі кейс бойынша іске асырылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында өңірдің он әртүрлі деңгейдегі лауазымды тұлғалары әшкереленіп, іздестірудегі бір тұлға ұсталған. Сотқа дейінгі тергеу бағыты бойынша 20 іс сотқа жолданып, Қылмыстық-процестік кодекстің 200-бабы бойынша 18 ұсыным енгізілді. Тергеу барысында заңдылық пен объективтілікті қамтамасыз етуге аса назар аударылатынын атап өткен жөн.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет құрылысы ұзаққа созылған нысандарды қадағалайтыны белгілі. 2024 жылы департамент бақылауында төрт нысан болды. Оларға жиі шығып, құрылыс барысы қадағаланды. Өткен жылдың соңында төрт нысанның үшеуі қолданысқа берілді. Бұлар – Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы екі балабақша, Сәтбаев қаласындағы Оқушылар сарайы. Қазіргі уақытта департаменттің бақылауында Жезді кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені қалып отыр. Жыл басында Жаңаарқа ауданы Атасу кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені бақылауға алынды.
Еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022–2026 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, былтыр мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлеріне арналған дәрістер жоспар бойынша жүргізілді. Сондай-ақ жемқорлыққа қарсы тақырыптағы материалдар қоғамдық орындарда, әлеуметтік желілерде кеңінен таралды. Мемлекеттік қызметшілер үшін жемқорлыққа қарсы тақырыптағы театрландырылған қойылым ұйымдастырылды.
Жастардың санасында жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға бағытталған жұмыстарға да ерекше мән беріледі. Соның бірі ретінде «Жемқорлық – індет, онымен күресу – міндет» тақырыбындағы студенттер арасындағы республикалық эссе байқауын айтуға болады. Оған еліміздің бірнеше өңірінен жастар қатысып, бақ сынады. Жемқорлық туралы ойын жеткізіп, оған қарсы тұрудағы ұсынысын ортаға салды.
Бұған қоса жыл басынан бері Мемлекет басшысы атап өткен «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда нығайту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін 3 мыңнан аса студент пен мектеп оқушысының қатысуымен «Тәртіпті өзіңнен баста!» акциясы өткізілді.
Ұлытау облысы