Қоғам 12 Наурыз, 2025

Тасқынға дайындық барысында 74 гидротехникалық құрылыс жөнделді

49 рет
көрсетілді

Су ресурстары және ирригация министрлігі су тасқынына дайындық шеңберінде 74 гидротехникалық құрылысты жөндеді. Сондай-ақ, 239 шақырым өзен арнасы тазартылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

16 өңірде жалпы ұзындығы 584 шақырым болатын 384 бөгет жөнделіп, қайта тұрғызылған. Жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, 6 облыстың (Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай) 84 елді мекенінде қорғаныс бөгеттері мен гидротехникалық құрылыстарды салу және жөндеу бойынша 57 жоба іске асырылып жатыр. Аталған жұмыстар 359 мың адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Министрліктің мәліметінше былтыр 14 облыста 84 су шаруашылығы нысанына көп факторлы зерттеу жүргізілді. Биыл 105 гидроқұрылысты көп факторлы зерттеуден өткізу жоспарланып отыр.

«Еліміздің барлық су қоймалары бекітілген кестеге сай жұмыс істеп тұр. Су деңгейіне тұрақты мониторинг және тәулік бойы кезекшілік жүргізіледі. Бос орындар дайындау үшін су қоймаларынан су жіберу жұмысы жалғасып жатыр. Бұл су тасқыны кезінде суды қауіпсіз өткізуге мүмкіндік береді», деді вице-министр Нұрлан Алдамжаров.