Еңбек Кеше

Ағайынды механизаторлар

27 рет
көрсетілді

Өскелең ұрпақты адал еңбекке тәрбиелеу – талайды толғандырған түйт­­кілді мәселе. Жас толқынға жақсы мысал болар деген үмітпен бір әулет­те өсіп-өнген ағайынды механизаторлар туралы сыр шерту­дің реті келіп тұр.

Пригородный ауылында ынтымағы жарасқан, еңбектен бақытын тапқан Бикташевтар отбасы тұрады. Бір ерекшелігі, ыстық ұяда, шырайлы шаңырақта тәлім-тәрбие алған, тепсе темір үзетін үш бірдей жігіт жер емшегін еміп, механизаторлық мамандықты қапысыз игерген. Үшеуі де қабырғасы қатып, буыны бекіместен техникаға үйір болып өсіпті. Көзін ашқаннан көргені осы болған соң, елбесіп-селбесіп ер жеткен ағайынды азаматтар ел ішіндегі техника атаулыны бала кезінен бастап тізгіндеп, көз көріп, қол үйренген соң майталман маманға айналған.

Ағайындылардың үлкені Денис Фаритович орта мектепті бітіргеннен кейін еңбек жолын «Рассвет» шаруа қожалығында бастады. Ынталы жігіт шағын шаруа қожалығының бар шаруасын ұршықша иіріп әкеткен. Бір айта кетерлігі, бұл өңірде де алдынан жұмыс үркіп отыратын механизаторлар жетіспейді. Себебін де сұрап көрдік. Денис Фаритовичтің айтуына қарағанда, шалғайдағы шағын ауыл жастарының осы бір қат мамандықтан қол үзіп қалуының әлденеше себебі бар, біріншіден, өтпелі кезеңнің өкпек желі шаруашылықтардың түндігін желпілдеткен қиын кезде меха­низаторларға ауылдық жерде жұмыс болмай қалды. Барының өзі көктемгі егіс, күзгі орақ сынды нау­қан­дық жұмыс кезінде ғана. Адал еңбек­теріне сай еңбекақы да жары­тым­сыз болды. Бірін екі ете алмай жатқан шаруашылық басшылары жұ­мыс­шылардың еңбекақысын шөп, сабан, астық қалдығы тәрізді өнімдермен өтеді. Табаны тастан таймаған тарланбоздай күнді түнге, түнді күнге ұластырып адал еңбек еткен адамдар табысына ауыз жарымағаннан кейін механизаторлық мамандықтан қол үзіп қалды. Әрі жастардың да еңбекке де­ген көзқарасы күрт өзгерді, табысы­ мол жеңіл жұмыс іздей бастады. Аға буын зейнет демалысына шығып кет­кен. Денис шаруа қожалығынан ке­йі­н­ Уәлиханов ауылындағы «Жер-1»­ жауап­кершілігі шектеулі серіктес­ті­­­гін­де механизатор болып еңбек етті. Кейінгі толқынға өнеге көрсетті. Тех­ни­ка тілін меңгертумен қатар, еңбектің қаді­ріне жету, өз жұмысын тап-тұй­нақ­тай етіп атқару азаматтыққа сын екен­дігін саналарына құйды. Жай сөз­бен ғана емес, өзінің тегеурінді ісімен.

Ағайындылардың ортаншысы Виталий Фаритович «Бауыр-Агро» серіктестігінің механизаторы. Ол да бұрын «АЯ Люц», «Азамат-4» шаруа қожалықтарында жұмыс істеген.

– Мен механизатор болғанымды мақтан тұтамын, – дейді Виталий Фаритович. – Біз ала жаздай тырбанып тіршілік етіп, ел игілігін еселесек, жалғыз өзіміздің нәпақамыз емес, жалпақ жұртқа ортақ ырыздық. Байқап қарасаңыз, механизатор болу да оңай емес. Дән өссе, маңдай термен өседі. Ең алдымен жер тынысын, ауа райының ау-жайын тамыршыдай тап басып аңғара білген жөн. Содан соң дән себетін уақытты, топырақтың жылуын, ылғалдың жайын сезіне білу керек. Әрине, қазіргі техника біздің әкелеріміз бен аталарымыз тізгіндеген техника емес, жетілген, жаңарған. Сонда да тізгінін ұстаған соң тілін табуың шарт.

Кенже ұл Рамиль Фаритович аға­ла­рының жолын қуып, механизатор болуға аңсары ауған. «Арғын Т-50» жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тігінде жұмыс істейді. Қоғамдық жұ­мысқа да жиі араласады. Ақық дән ая­лаған әулеттің сәулелі соқпағын жал­ғас­тырып келе жатқан абыройлы азаматтың бірі.

– Механизаторлық мамандық білім мен білікті ғана емес, жауапкершілік­ті де қажет етеді. Біздің еңбегіміз ар­қы­лы шаруашылық, шаруашылық қана емес, қоғам игілікке ие болады. Ауылдық жерде механизаторға жұмыс жетерлік. Көктем келісімен астықты алқапты өңдеуге шығамыз. Бусанып, балбырап жатқан дала төсіне болашақ ырыздықтың тұқымын себеміз. Шынын айтқанда, осы бір көріністен кәдімгідей ләззат аламын, қара бұйра топыраққа еккен дәннің көгеріп, көктеп шығуы бір ғажап дүние. Одан соң балапандай баптап, көк өскінді аялау тілмен айтып жеткізгісіз қуаныш. Сарша тамызда, сағым ойнаған сары далада теңіздей толқыған дәнді алқаптың масақтары жайнап тұрады. Техниканы уақытында дайындап, күтіп баптаймыз. Жауапты науқанда тұрып қалмауы керек. Ол уақытта қас-қағым сәт қымбат. Агрономмен ақылдасып, ауа райын болжап үмітпен еккен егінің жайқалып шыққаны – жан рахаты.

Виталий Фаритовичтің ойынша, ұжымдаса еңбек еткен ұтымды. Ауа райының сынағына төтеп беруде де иық тірестіріп еңбек ететін, бір мақсатта жұмылған ұжым болғаны жақсы. Оның үстіне әр жыл сайын жаңарып жататын құрылғыларды, алуан түрлі техникаларды меңгере білуің керек.

Ағайынды механизаторлар ел ішінде үлкен беделге ие. Олардың еңбекқорлығы, іскерлігі жастарға үлгі ретінде жиі айтылады. Бикташевтар әулетінің берекелі еңбегі ел игілігін еселеуге жұмсалып жатыр. Қолдары қалт еткенде өз шаруаларымен айналысады, аналарына көмектеседі. Бақытын байтақ даладан тапқан, он саусағынан өнер тамған осы бір әулеттің тамаша тағылымы жастарға жақсы үлгі.

 

Ақмола облысы,

Жарқайың ауданы