2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған Президент Жарлығын іске асыру шеңберінде Төтенше жағдайлар министрлігі әскери қызметшілерді қажетті мамандықтарға оқытуды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бауыржан Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшілері Ж.Жабаев атындағы кәсіптік колледжі және Мектепаралық оқу-өндірістік комбинаты арасында жасалған меморандум негізінде аспазшы, автомеханик, слесарь, шаштараз, газ дәнекерлеуші, электрик сияқты мамандықтар бойынша оқудан өтіп, біліктілік туралы куәлік алады, бұл оларға мансаптарын сенімді құруға және қазіргі еңбек нарығының талаптарына бейімделуге мүмкіндік береді.
«Біз жастарды әскери қызметке дайындап қана қоймаймыз, сондай-ақ оларға болашақ үшін берік негіз болатын білім мен дағдыларды үйретеміз. Бұл олардың армиядан кейінгі кәсіби қалыптасуы мен табысты өміріне қосылатын маңызды үлес», деп атап өтті сала министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов.