Өңірде табиғи суқоймаларын тұрақты табыс көзіне айналдырып отырған жетпіс шақты шаруа қожалығы бар. Көл қорып, ау құрған кәсіпкерлердің дені негізінен сазан, шортан, алабұға, табан өсіреді.

Тың ізденіске барып, заманауи жасанды жабық бассейн орнатып, Тобыл-Торғайда кездесе қоймайтын бағалы балық өсіріп жатқандар да бар. Тобыл қаласындағы «Қостанай бекіресі» серіктестігі жабық ғимараттағы 16 бассейнде бекіре өсіріп жатыр.
Кәсіпкер Валентин Ищенко жеті жыл бұрын шағын тоғанда бекіре шабағын өсіріп көрген. Бірақ ашық аспан астында бағалы балықтың бабын келістіре алмай, ақыры мемлекет қолдауына арқа сүйеп, барлық талапқа сай құрал-жабдығы бар жабық ферма салуға бел буған.
«Бастапқы жобаны 180 млн теңгеге бағалап едік, жер рәсімдеп, ғимарат тұрғызғанша 300 млн теңге шығындалдық. Ғимарат салып, өндірісті іске қосуға мемлекеттен 25 пайыздық инвестсубсидия қарастырылған. Алайда ол субсидияны алу үшін жылына 45 мың тоннадан жоғары өнім шығару керек. Оған қол жеткізу үшін өндіріске тағы 300 млн теңге қаржы салу қажет болады. Бұдан тыс балық өсіретін бассейн мен жемге, су құбырын тартуға субсидия беріледі. Бірақ оны алу үшін алдымен бассейн немесе азық сатып алып немесе балықты өсіріп, оны сатқан соң ғана тиісті құжаттарды рәсімдеп, құзырлы орынға көрсетуіңіз керек. Сондықтан несие пайызын жабуға бөлінген субсидиядан басқа демеуқаржы алған жоқпыз. Қазір бекіре тұқымдас балықтарды, оның будандарын өсіреміз. Мұнда өсіп жатқан балықтың бәрін Астраханнан уылдырық түрінде сатып әкелеміз. Майда жұмыртқа жасушаларды осы жерде инкубаторға саламыз. Балықты табиғи жолмен көбейту үшін кем дегенде 4-5 жыл керек. Алдағы уақытта аналыққа жарайтын балықтарды іріктеп бөлек өсіруді көздеп отырмыз. Бір қиындығы аналық балықты анықтау қиын. Ол үшін арнайы ультрадыбыстық аппарат керек. Сондықтан балықты алдымен өсіріп алып, аналық, иә аналық емес екенін одан кейін ғана анықтау керек», дейді.
Кәсіпті бастағанда облыс басшылары үлкен көмек көрсеткен. Аудан әкімдігі арнайы жер бөліп, ғимаратқа электр желісін тартқан. Мемлекет жеңілдікпен алған несиенің пайыздық мөлшерін субсидиялап, кәсіпорын аяққа тұрып кеткенше демеу жасап жатыр. Ферма қазір бекіренің бес түрін – 28 мың шабақ, саудаға шығаруға дайын 3 мыңнан астам ірі балық өсіреді. Әу баста жылына 20 тонна балық өндіруді межелеген кәсіпорын толыққанды мемлекет қолдауына ие болу үшін биылдан бастап жылдық өнім көлемін 45 тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бекіре табиғи жағдайда 2-3 жылда өсіп, жетіледі. Ал фермада бір жылдың ішінде тауарлы балыққа айналады.
«Жабық бассейндегі балық ойдағыдай өсіп-жетілу үшін суды үнемі тазартып, оттегімен байытып отыру керек. Суды жай тазарту аздық етеді. Ондай суда балық өспейді. Міндетті түрде оттегі қоспасын қосу маңызды», дейді ферма басшысы.
«Қостанай бекіресі» таяуда Тобыл қаласынан дүкен ашты. Жанында шағын цех жұмыс істеп жатыр. Дүкен-цех тек балық сатпай, одан түрлі өнімдер дайындайды. Кәсіпорын технологі Роман Герберсагиннің сөзінше, қазір күніне 500 кило балық өңделеді. Келешекте бекіреден 100-ге жуық өнім түрін шығару жоспарда бар.
Тобыл – Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы Маржангүл Дәндібаеваның сөзінше, аймақта 266 су айдыны жеке пайдаланушыларға берілген. Соның 70-сі тауарлы балық өсірумен айналысады. Олар былтыр 500 тоннаға жуық балық өндірген.
«Балық өсірумен айналысатын аквашарушылықтарға мемлекет тарапынан 50% мөлшерінде субсидия қарастырылған. Инвестициялық салымдар кезінде кәсіпкер шығынының 25%-ы субсидияланады. Одан кейін мемлекет тарапынан да 2,5% жылдық өсіммен жеңілдетілген несие беріледі», дейді бөлім басшысы.
Валентин Ищенконың айтуынша, бағалы балықты шетелден тасымай өзімізде өсіріп, өңдеудің өзі – үлкен жетістік. «Басты мақсат – өңірді таза экологиялық өніммен қамтамасыз ету. Отандық өнімге қазірдің өзінде сұраныс жоғары», дейді ол. Серіктестік өнімдеріне облыстан тыс, Астана қаласы мен Қызылжар өңірінде сұраныс жоғары.
Қостанай облысы