• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Маусым, 2015

Зейнетақы жүйесі

320 рет
көрсетілді

әлі де жаңғыртуды және заңнамалық қамтамасыз етуді қажетсінеді Парламент Сенатында «Қазақстан Респуб­ликасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғырту және оны заңнамалық қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» дөңгелек үстел отырысы болды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауын іске асыру аясында шараны Сенат­тың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті ұйымдастырды. Отырысты аша келіп, Сенат комитетінің төрағасы Ақан Бижанов азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз ету мем­лекетіміздің әлеуметтік-экономикалық маңызды міндет­терінің бірі екенін атап өтті. «Өзгеріп отырған экономи­калық жағдайға орай ұлттық зейнетақы жүйесін бейімдеуге арналған реформалар жүргізуді уақыт талап етіп отыр. Осыған байланысты, Парламент еліміздің зейнетақы жүйесін 2030 жылға дейін одан әрі жаңғырту тұжырым­дамасына сәйкес, зейнетақы заңнамасын жетілдіруді көз­дейтін заң жобасымен жұмыс істеп келеді», –  деді сенатор. Дөңгелек үстелде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенова негізгі баяндама жасап, заң жобасындағы жаңалықтар мен зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғырту туралы хабардар етті. Министрдің айтуынша, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақыны тағайындау тәртібін өзгерту, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушінің есебінен қосымша 5 пайыз зейнетақы жарнасын енгізу, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап күш құрылымдар қызметкерлерін зейнетақымен қамтамасыз етуді реформалау, оларды толықтай мемлекеттік зейнетақымен қамтамасыз етуге көшіру  қарастырылып отыр. Базалық зейнетақы төлемдері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалатын болады. 10 және одан аз жыл өтілі болғанда оның көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінің 50 пайызына тең болады, 10 жылдан асқандағы әр толық жылда оның көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінің 2 пайызына ұлғаяды, 35 жылдық өтілі болғанда ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшеріне тең болады. Осы тақырып бойынша Ұлттық банк төрағасының орынбасары Д.Ғалиева, «БЗЖҚ» АҚ басқарма төр­ағасы Р.Ерденаев, Қорғаныс министрінің орынбасары Б.Шол­панқұлов, Кәсіподақтар федерациясы басқармасы төр­аға­сының орынбасары Қ.Айтуғанов өз ойларын ортаға салды. Шара қорытындысы бойынша зейнетақымен қам­та­масыз ету жүйесін және оның құқықтық негіздерін жетілдіруге қатысты ұсыныстар әзірленіп, тиісті мемлекеттік органдарға жіберілетін болды.