• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Маусым, 2015

Терезеден кірген қайғы

368 рет
көрсетілді

Жаз айларында баланың қауіпсіздігі отбасына оңай­ға түспейтіні бар. Ой­ын баласының қатерге барып ұрынғанын ата-ана байқай алмай қалады. Жаз бойы балалар ауруханасына жа­рақат алып түсетіндер толастамайды. Соңғы жылдары пластикалық тере­зенің торланған көзінен кіш­кентай сәбилердің құлап кету оқиғалары жиілеп жүр. Рудный қаласында жарты айдың ішінде екі қайғылы оқиға орын алды. Осы қаладағы биік үйдің 5-ші қабатынан әлі екі жасқа толмаған ер бала құлап кетіп, тіл тартпай кетті. – Анасы санаулы минутқа ғана ваннаға кіріп кеткенде, ас бөлмесінде қалған бала тырмысып терезенің алдына шыққан. Терезеге бекітілген торға сүйенгенде құлап кеткен. Бала ауруханаға жет­кізілген соң бір сағат болмай көз жұмды, – дейді Руд­ный қалалық ішкі істер бас­қармасы жасөспірімдер полициясының топ аға инс­пекторы Татьяна Гусева. Бір жарым жасар бала үшінші қабаттың тере­зесінен құлап кетуі де осы қалада орын алды. Бірақ тірі қалды. Балаға қарап отырған әкесінің көзі ілініп кеткенде, сәби терезеге өрмелеп, алдына шыққан да, тағы да сол торлы терезеге сүйенем деп төмен құлдыраған. – Бұл баланы періштесі қаққан болуы керек, жамбасы сынған, басынан жара­қаттанған, бірақ өміріне қауіп жоқ. Мүмкін жұмсақ жерге немесе шөптің, бұ­таның үстіне құлаған болуы керек. Әдетте, биіктен құлаған балалардың өмірін сақтап қалу қиын. Өйткені, кішкентай балалардың ба­сының көлемі ірі болады да, олар биіктен құлағанда басымен «ұша­ды». Қол-аяғы сынса оның жарасы жеңіл, басынан алған жарақат өміріне өте қауіпті, – дейді Рудный қалалық ауруханасы травматология бөлімінің меңгерушісі Всеволод Галенко. Өткен жылы да Руд­ныйда екі бала терезеден құлап кеткен болатын. Ал облыста мұндай оқи­ғаның төртеуі тіркелген. По­лицейлер мен дәрігерлер баланың тыным таппай жү­гіретін, қауіп-қатерді түсінбейтін кезінде терезеге өте ықтият болуды тапсырады. Баласы құлаған терезеден қайғы кіретінін әркім түсінуі тиіс. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». РУДНЫЙ.