Бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаевтың қатысуымен брифинг өтті, деп жазады Egemen.kz.

Брифингте С. Жарасбаев дене шынықтыру және спорт саласын реформалаудың негізгі тетіктерін баяндады. Оның айтуынша, спортшыларды даярлаудың тиімді, ашық және нәтижеге бағдарланған жүйесін қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту, сондай-ақ спорттық инфрақұрылымды жаңғырту басым бағыттар болып қала береді.
Министрлік «дене шынықтыру және спорт туралы» Заң жобасын әзірледі. Ол 2025 жылдың 29 қаңтарында Мәжілісте екінші оқылымда мақұлданып, Сенаттың қарауына жіберілді.
Құжатқа «Мүгедектігі бар спортшыны сүйемелдеуші» ұғымы енгізіледі.
Бұл жаңа ереже бірінші топ мүгедектігі бар спортшыларға спорттық іс-шараларға қатысу кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Заң жобасы мүгедектігі бар спортшылардың қозғалыс еркіндігін және спорттық жарыстарға қатысу шарттарын ұлғайтуға бағытталған.
Бұл өзгеріс спорттағы инклюзивтілікті арттырып, мүгедектігі бар азаматтардың спортқа қатысуына қолайлы жағдай жасауға септігін тигізеді.
Заң жобасында тағы да бір маңызды өзгерістің бірі легионерлерді мемлекеттік бюджет және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салынғаны.
Бұл шара ел азаматтарының спортта да, қаржылық қолдауда да басымдыққа ие болуын қамтамасыз етеді.
Заң жобасының қабылдануы еліміздегі спорттық жүйені жетілдіруге, мемлекеттік қаражаттың тиімді пайдаланылуына және спорттың кәсіби деңгейде дамуына серпін береді.