2025 жылдың басынан бері Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы, Тасқала және Жәнібек аудандарында бірнеше рет ұшқышсыз ұшатын аппарат табылды. Бұл аудандардың бәрі де Ресей Федерациясымен шекаралас орналасқан.

Биылғы 18 ақпанда Бөкей ордасы ауданына қарасты Ұялы ауылы маңында ұшқышсыз ұшатын аппаратқа ұқсас құрылғы құлаған болатын.
Одан кейін 18 наурызда Тасқала ауданының Қазақстан ауылдық округінде, Атамекен ауылынан 18 шақырым жерден ұзындығы 3 метр шамасында тағы бір аппарат табылды. Нысанды алғаш көрген тұрғындар түсірген бейнежазбада аппараттың жер сызып келіп тоқтаған ізі байқалады.
24 наурыз күні Жәнібек ауданы Ұзынкөл ауылдық округі аумағында тағы да осындай оқиға болды. Елді мекеннен шамамен 8 шақырым қашықтықта белгісіз аппараттың бөлшектерін ауыл тұрғыны көріп, тиісті мекемелерге хабарлаған.
26 наурыз күні Жәнібек ауданы орталығынан 55 шақырым қашықтықта Қамысты ауылы аумағынан тағы бір аппараттың бөлшектері табылғаны жөнінде хабарлама түсті.
Осы жағдайдың бәрінде де аудандық прокуратура, аудандық полиция бөлімінің жедел тобы, төтенше жағдайлар бөлімі, жергілікті атқарушы билік және аудандық шекара басқармасының өкілдері оқиға орнына барып, құлаған аппараттарды алып кеткен. «Оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр» дегенмен, халыққа әлі нақты ақпарат берілген жоқ.
Бүгін, 26 наурыз күні Астанада Мәжіліс отырысына келген Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров журналистер сауалына «БҚО аумағындағы жағдайға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Техникалық мәселелер қаралып жатыр, яғни аппарат қайдан ұшты, қайда құлады және кімге тиесілі. Құзырлы органдар мен техникалық мамандар зерттеп, анықтайды. Кейін белгілі болады», деп жауап берген.
Ал Қазақпарат агенттігі ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаевтың «БҚО-дағы ұшқышсыз ұшатын аппараттың құлау фактісі бойынша құзыретті органдар тергеу жүргізіп жатыр. Тергеуден Қорғаныс министрлігі де тыс қалған жоқ. Әуе қорғанысы әрқашан біздің қарауымызда. Тергеудің қорытындысы бойынша қажет болса, қосымша іс-шара қабылдаймыз. Мүмкін техникалық ақау болып, сыртқа шығып кеткен шығар, басқа да себеп болуы мүмкін. Тергеу аяқталғанша, нақты айта алмаймыз», деген жауабын таратты.
Министрдің орынбасары халықты алаңдамауға шақырып, жағдайдың бақылауда екенін айтқан.
Батыс Қазақстан облысы