* 21 маусым – Медицина қызметкері күні
Аурудың жеңілі жоқ дегендей, адамзатқа аманат ретінде берілетін денсаулықтың қадірін науқастанғанда білеміз. Әсіресе, жұртшылық санасында «жазылмас дерт» аталып кеткен обыр ауруының уақыт артып емі де, білікті дәрігерлері де көбеюде. Бұл тұрғыда жанға арашашы, көңілге дем болатын маманға жолықсақ – осы қиындықтан мүдірмей өтуге мүмкіндік туады. Басқа түскен ауыртпалықты қасқайып, қара нардай көтеруге өзінің кәсібилігі, біліктілігі және рухани қолдауымен көмектесіп жүрген медицина ғылымдарының докторы, профессор Абай Мақышев жайында сөз қозғамақпыз.
Көкше өңірінің Қарлыкөл ауылында туып, нағыз қазақы топырақта өскен Абай Қайырғожаұлы көпшілік аса құмарта бермейтін онкология саласына баруды азаматтық борышым деп санапты. Жастайынан білім жолына талпынып, адам жанының арашашысы болуды мақсат тұтқан оқушы Абай Целиноград мемлекеттік медицина институтына құжаттарын тапсырады. Оқуды үздік аяқтап, одан кейінгі өмірі науқастарға ем жасап, ауыр дертпен келгендерге пана болумен жалғасады. Бірінші кезде дәрігер-хирург, одан кейін онко-хирург болып қызмет атқарады. Ал білімін жетілдіру үшін 1988 жылы сол кездегі Денсаулық сақтау министрлігінің жолдамасымен Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық онкологиялық ғылыми орталықтың онкология жөніндегі клиникалық ординатурасына түседі.
Онда 1991 жылы КСРО Медицина ғылымы академиясының Бүкілодақтық онкологиялық ғылыми орталығында асқазан ісігіне байланысты кандидаттық диссертациясын қорғап, 1994 жылы Ресей Медицина ғылымы академиясының Н.Н.Блохин атындағы Онкологиялық ғылыми орталығының торакалды онкология бөлімшесіндегі докторантураға түседі. Арада үш жыл өткен соң «Кардиоэзофагелді обырдың рецидивтерін хирургиялық емдеу» деген тақырыпта докторлық диссертацияны ойдағыдай қорғап шығады.
1997 жылы елорданың Астана қаласына ауысуына байланысты Ақмола мемлекеттік медицина академиясының онкология кафедрасының меңгерушісі қызметіне шақырылды. Онда онкологиялық диспансер базасында осы дертті хирургиялық емдеудің заманауи әдісін енгізді. Атап айтқанда, күрделі болып табылатын өңеш пен асқазан, өкпе, тамақ, ұйқы безі, бауыр, тік ішек, бүйрек, қуық, жатыр мойны обыр ауруларын емдеуге мүмкіндік жасады. Ал білімін жетілдіру мақсатында 2009 жылы АҚШ-тың Бостон қаласындағы жалпы Массачусетс госпиталінде тағылымдамадан өткен.
Жүзінен жылылық табы байқалатын, көңіліндегі кіршіксіз күй мен риясыз пейілді алдына келген науқас бірден байқайды. Соның әсері де болар, профессордың айтқанына көніп, қойған талаптарын бұлжытпай орындап, болашағынан үмітін үзіп келгендердің үміт сәулесін тұтандырып жіберетін Абай Мақышев десе, елдің бәрі оған иланады. Оның кәсіби біліктілігіне бір, рухани қолдауына екі сенім артатын соңғы сатыдағы обыр ауруына шалдыққан жан өз аяғымен тұрып, ауруханадан шығып жүре береді. Алғыс айта, ризашылығын жаудыра жүретін пациенттері осы маманға тап болғандарына қуанады.
Әлі күнге жұмбағы шешілмеген, себебі нақтыланбаған обыр ауруына шын мәнінде адамның психологиялық жай-күйі себеп болатынын ұдайы айтып отыратын Абай Қайырғожаұлы онколог-дәрігер «дәрігердің дәрігері» болуы керектігін аузынан тастамайды. Қолдан жасалатын көмектің 50 пайызы ғана науқасқа дауа бола алатындығын, қалғаны адамның өзіне және дәрігерлердің сөзіне тәуелді екендігін тұспалдайды. Кез келген жеңіл аурудың өзін бастапқы кезеңде анықтаса, оның толыққанды жазылып кетуіне мүмкіндік мол. Ал уақытынан өткізіп, асқындырып алса, сол кезде мәселенің қиындайтындығын айтады. Бірінші, екінші сатыда обыр аурының емі тез әрі нәтижелі болатындығын, үшінші, төртінші сатыдағы онкологиялық дерттің аса күрделі әрі жауапкершілікке толы екендігін айта отырып, дегенмен, бұл тұста адамның өмірден қол үзуіне болмайды. Тап қазіргі медицина мен технологияның қарыштап дамыған заманында оның барлығы 100 пайыз емделіп жатқандығын жеткізеді. Астана қаласы онкологиялық диспансеріне емделуге келген науқастардың ең ауыр сатыдағы, күрделі оталарын жасайтын да, жауапкершілік пен тәуекелге жиі баратын да осы – Абай Қайырғожаұлы.
Бүгінгі таңда «Астана медицина университеті» АҚ онкология кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқара жүріп, жастарды осы салаға үйретіп, олардың білімін жетілдіру барысында аянбай еңбек етіп келеді. Көпшіліктің аталған ауруға деген көзқарасы өзгеріп, болашаққа сеніммен қарайтындардың қарасы қалыңдап келе жатқандығын да қуана жеткізеді. «Бұрын бұл аурудан көз жұматындар саны көп болса, осы күні олардың өмірлері ұзарып, ұстанымдары өзгерді», дейді жоғары санатты хирург-онколог. Бұл мәселеге елімізде нәтижелі бағдарламалар мен қолға алынған шаралардың септігін тигізіп отырғандығын айтады. Күніне 3-4 сағаттық күрделі операция жасайтын дәрігердің байсалды бола тұра, науқастардың көңілін табуда психолог қабілеті де бар екендігі көрініп тұрады.
Өз ісінің шебері, білікті дәрігерге айнала білген ақ халатты абзал жанның еңбегі еленіп, жұмысы жемісін беріп жатқаны – оған риза халқының көңілінен туындайтын бедел ғой. Онсызда жұрт жақсы білетін дәрігердің Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен, екі рет «Денсаулық сақтау саласының үздігі» белгісімен марапатталғандығын айту артық болмас.
Бүгінгі күні емі жоқ аурудың азайып, адамның өмір сүру жасының ұлғайып келе жатқандығы да осындай дәрігерлеріміздің арқасында екендігін мойындап қана қоймай, талай жанды дертінен құлан-таза айықтырып, екінші өмір сыйлап жүрген оларға жұрт алғысы шексіз...
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».