• RUB:
    6.05
  • USD:
    518.57
  • EUR:
    566.59
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Сәуір, 2025

«Bishimbayev University»: Министрлік мәлімдеме жасады

131 рет
көрсетілді

Әлеуметтік желіде экс-министр Қуандық Бишімбаевтың әкесі  Таразда «Bishimbayev University» деген атаумен жеке жоғары оқу орнын ашатыны туралы ақпарат тараған болатын.  Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз хатшысы, Жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры Олжас Беркінбаев Facebook парақшасында осы мәліметке орай айтылған министрліктің мәлімдемесі туралы жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«ҚР-ның «Білім туралы» Заңының 5-3-бабына сәйкес, кадрлар даярлау бағыттары мен оқыту нысандары бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында білім беру қызметімен айналысу үшін заңды тұлғаларға лицензия және (немесе) лицензияға қосымшаны беру – ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның құзыретіне жатады», деп жазды О.Беркінбаев.

Оның айтуынша, осыған байланысты, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы кез келген білім беру қызметі міндетті түрде лицензиялануға жатады.

«ҚР-ның «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңына сәйкес, рұқсат беру немесе хабарлама тәртібі белгіленген қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) жеке және заңды тұлғалардың тиісті рұқсат алмай немесе тиісті хабарламаны жібермей жүзеге асыруына жол берілмейді», деп жазған ол.

Олжас Беркінбаевтың жазуынша, Министрлік «Bishimbayev University» атауымен білім беру қызметін жүзеге асыруға лицензия берілгенін жоққа шығарады, сондай-ақ «е-лицензиялау» ақпараттық жүйесінде тиісті өтінімнің болмағанын хабарлайды.