Телекөпір барысында Қазақстанның барлық өңірлерінің әкімдері Президентке еліміздің жеделдетілген индустриялық-инновациялық дамуының бес жылдық бағдарламасының аясында жүзеге асырылған жобалардың іске қосылуы туралы хабарлады. Жамбыл облысындағы Мыңарал цемент зауыты өндірісінің іске қосылу рәсімі өтті. Балқаш ЖЭС құрылысы басталды. Маңғыстау облысындағы Баутино айлағында кеме жөндеу зауытының тұсаукесері өтті. “Ақтөберентген” АҚ “Дженерал электрик” компаниясымен бірлесіп шығарған алғашқы қазақстандық компьютерлік томограф көрсетілді.
Телекөпір барысында жалпы құны 381 миллиард теңгені құрайтын 72 инвестициялық жобаның тұсаукесері болып өтті. 68 нысан – жаңа өндіріс орны.
Өңірлермен интерактивтік байланысты қорытындылай келе, Президент қазақстандықтар елімізді жаңғыртудың орасан бағдарламасын жүзеге асыруға кіріскенін атап өтті. Осының нәтижесінде 2020 жылға қарай экономика 150 пайызға артады. Өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі 1,8 есе ұлғаяды, ал ауыл шаруашылығында екі есеге дейін артады.
– Бұл біздің тек табиғи ресурстарға сеніп қалмай, баламалы экономиканы, жаңа индустрияны құрып отырғанымызды білдіреді. Қазақстан ешуақытта өз тарихында алдына мұндай міндеттер қойып көрген жоқ және ешуақытта оны іске асыра алған жоқ. Сондықтан мен Қазақстанның басшылығы атынан облыстардың, қалалар мен аудандардың барлық әкімдерін, барлық еңбекшілерді, инженерлік-техникалық құрамды, құрылысшыларды осы міндеттің жүзеге асырылуымен шын жүректен құттықтаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент Қазақстанның барлық аумағы – құрылыс алаңы екенін атап өтті. Әлемде дағдарыс салдарынан кәсіпорындар тоқтап, банкротқа ұшырап, адамдар жұмыссыз қалып жатқанда, Қазақстан заманауи өндіріс орындарын іске қосып, жаңа жұмыс орындарын ашып жатқанын атап өтті.
– Міне, біздің таңдаған стратегиямыз осындай, – деп қадап айтты Президент.
Мемлекет басшысы жаңа жобалардың жүзеге асқанын қадағалап отыратынын және бұл жобаларды іске асыру барысы туралы Үкімет мүшелері мен өңірлердің әкімдерін жылына екі рет тыңдайтындығын жеткізді.
– Мен барлық қазақстандықтарды, әсіресе жастарды, Қазақстанды жаңа индустриялық-инновациялық экономикалық мемлекетке айналдыру жолындағы орасан міндетті жүзеге асыруда күш-жігерлерін жұмылдыруға шақырамын. Бұл Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енуі үшін қажет, – деді Президент.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан телекөпір кезінде “Егемен Қазақстан” газетінің облыстардағы меншікті тілшілері іске қосылған нысандарда болып, тікелей байланыс шараларын өз көздерімен көрген еді. Соған орай олар телекөпірді газет бетінде жалғастырып отыр.
Алматы қаласынан – Қорғанбек АМАНЖОЛ:
Кеше Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен болған телекөпір барысында Алматыда “BІRUNІFARM” компаниясының гемодиализ ерітінділерін өндіру жөніндегі жаңа зауыты ашылды. Оның ашылу салтанатына қала әкімі Ахметжан Есімов қатысты.
Әкімнің атап өткеніндей, бұл кәсіпорын жаңа зауыттар мен компаниялар барған сайын көптеп ашылып, отандық нарықта табысты жұмыс істеп жатқан Алматының жедел дамуы жөніндегі жарқын мысал. Осы ретте гемодиализдің құрама ерітінділерін өндіру біздің елімізде ғана емес, сонымен бірге Орта Азияда алғаш рет қолға алынып отыр. Жобаның жалпы құны 370 миллион теңге шамасында. Жарты жыл ішінде салынып біткен кәсіпорынның жұмысын 15 қызметкер қамтамасыз етуде.
Жоба толықтай жергілікті өнімдерге сүйенген. Өндіріс технологиясы суды тазалаудың күрделі құрылымын өткеріп, оны қажетті ингредиенттермен байытады. Дайын өнім құйылған сыйымдылықтар елдің “жасанды өкпе” аппараты қойылған барлық емханаларына жөнелтілетін болады. Күрделі химиялық технология жолымен алынатын өмірлік маңызды препарат отандық фармрыноктың қажетін түгелдей өтемек. Мұнда жыл сайын 600 мың комплекті немесе алты миллион литр ерітінді өндірілетін болады.
Елбасы халайықты қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығы үшін аса маңызды зауыттың ашылуымен құттықтады. Президенттің айтуынша, бұл зауыт еліміздің фармацевтика саласының заманауи дамуының алғашқы қарлығашы.
Батыс Қазақстан облысынан – Темір ҚҰСАЙЫН:
Новенький ауылының маңайы бүгін қызу қимыл мен қарбаласқа толы. Адамдардың жарқын жүздері мен шалт та еркін қимылдары әлдебір жақсылық пен қуаныштың хабарынан белгі бергендей. Иә, бүгін мұнда газтурбиналы электр стансасының алғашқы блогы іске қосылмақ. Бұл республикалық индустрияландыру картасына енген маңызды жобалардың бірі болатын.
Міне, осы нысанның іске қосылу рәсімі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен “Қуатты Қазақстанды бірігіп құрамыз!” атты жалпыхалықтық телекөпірден көрсетілмек. Ауыл тұсындағы қызу да қарбалас қимылдардың сыры осында болып шықты.
Стансаның ауласында кең форматты үлкен теледидар қойылыпты. Осы арқылы өз кезегі келгенде Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен тікелей тележелі байланысына шықты. Ол Мемлекет басшысына өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар жөнінде айта келіп, жаңа әлемдік озық технологияға сәйкес салынған стансаны таныстырды.
– Бүгін қуаты елу төрт мегаватты құрайтын газтурбиналы электр стансасының бірінші блогы өз жұмысын бастайды. Жобаның жалпы құны 10,3 миллиард теңге. Мұндағы қазақстандық үлес алпыс пайызды құрайды. Сондай-ақ Сіздің 2005 жылдың мамыр айында берген тапсырмаңызға сәйкес өңірдегі ең ірі әлеуметтік жоба – “Қарашығанақ – Орал” газ құбыры да іске қосылмақ. Бүгінде облыста жалпы сомасы 271,5 миллиард теңгені құрайтын 49 ірі инвестициялық жоба бойынша жұмыс жүргізілуде, – деп тіл қатты облыс басшысы Нұрсұлтан Әбішұлына.
Ақжайық өңірінде іске асып жатқан мұндай ірі инвестициялық жобалардың жай-күйінен хабары бар екенін жеткізген Елбасы облыс әкімінің еңбегіне оң баға берді. Әрі индустрияландыру бағдарламасына сүбелі үлестерін қосып жүрген барша батысқазақстандықтарға ризашылығын білдірді.
Іске қосылған өндірістік нысанда 45 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Олардың дені Орал қаласы мен Зеленов ауданының тұрғындары. Мұнда жұмысқа қабылданған мамандардың бәрі де арнайы әзірліктен өткен. Бұл үрдіс олардың шетелдік қондырғыларды тез меңгеріп кетуіне алғышарт қаламақ.
Новенький ауылында пайдалануға берілген станса құрылысының тағы бір ерекшелігі – электр қуатын өндіру кезінде пайда болатын жылу текке ысырап болмайды. Ол облыс орталығында жаңадан бой түзеп келе жатқан сегізінші және тоғызыншы шағын аудандарды жылумен қамтуға жұмсалмақ. Яғни мұның өзі қалдықсыз өндіріс жолға қойылады деген сөз. Ең бастысы республика энергия жүйесінен оқшау жатқан Ақжайық өңірі бұдан былай Ресейге тәуелді болмай, өз қажеттерін өздері өтемек.
Газтурбиналы электр стансасын салтанатты жағдайда іске қосқан Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев мұндай маңызды нысанның ашылуы халықты арзан электр және жылу қуатымен, сапалы қызмет түрімен және тұрақты жалақымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп мәлімдеді. Бұдан соң соғыс және еңбек ардагері Федор Скобичкин осы игілікті істің басы-қасында болғандардың бәріне батысқазақстандықтар атынан алғыс айтты.
Сондай-ақ кеше Орал өңірінде іске асқан ірі әлеуметтік жобаға сәйкес Сырым және Қаратөбе аудандарының орталығына газ құбыры жеткізілді. Ал бүгін облыста мия тамырларын өңдейтін зауыт пен “Жүз мектеп, жүз аурухана” бағдарламасы шеңберінде 120 орындық аурухананың ашылу рәсімі өткізілмек.
Солтүстік Қазақстан облысынан – Өмір ЕСҚАЛИ:
Биыл Солтүстік Қазақстан облысында индустриялық-инновациялық карта бойынша 27,4 миллиард теңгенің 13 жобасын іске қосу көзделген болса, оның 6-уы алғашқы жарты жылдықтың еншісінде. Олардың ішінен “Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз!” атты Президент Н.Назарбаевпен өткен жалпыхалықтық телекөпірге “ЗИКСТО” акционерлік қоғамының жаңа өнімі – астық таситын вагонның тәжірибелік үлгісі ұсынылып, таныстырылды. АҚ осыдан екі жыл бұрын елімізде бірінші болып жүк вагондарын құрастыруды қолға алып, содан бері 600-ге жуық өнімді өз тұтынушыларына жөнелтті. Вагонның жүк контейнерлерін таситын жартылай, бидай мен цемент тасуға арналған жабық түрлері игерілді. Осылайша отандық өнімдер шығаруда сапалық көрсеткішке қол жеткізген АҚ “Өндірістік мақсаттағы ең үздік тауарлар” аталымында жеңімпаз атанып, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Мемлекет басшысы Қызылжар өңірінде болған жұмыс сапары кезінде зауытқа арнайы келіп, игі бастаманы қолдаған болатын.
Облыс әкімі Серік Біләлов жобалардың агроөнеркәсіп кешенінде, мәшине жасау өнеркәсібінде, металлургияда, құрылыс индустриясы мен құрылыс материалдары өндірісінде жүзеге асып жатқанын, 1700-ден астам адамның жұмыспен тұрақты қамтылатынын, жыл аяғына дейін 9 инвестициялық жобаның пайдалануға берілетінін баяндады. Астық таситын вагонның жаңа үлгісі өнімнің бәсекелестікке қабілетін арттырумен қатар, шетелдіктердің сұранысын қанағаттандыруға деген батыл қадам болып табылады, – деді өңір басшысы.
“ЗИКСТО” акционерлік қоғамының бас директоры Игорь Коровин отандық өнімдердің үлесін көбейту жөніндегі Елбасы тапсырмаларының орындалуын айтып берді. “Қазақстан темір жолы” және Ұлттық инновациялық қордың қолдауымен іске асқан ұшқыр жобаның құны – 247,5 миллион теңге. Жылына 1000 вагон шығару жоспарланған. Өнім техникалық-экономикалық көрсеткіштері жағынан Ресей, Беларусь, Украинамен тайталаса алады. 2015 жылға зауыт жыл сайын 1500-ге дейін вагон құрастыру міндетін қойып отыр. Бүгінде жартылай жүк вагонын шығарумен 400-дей адам айналысады. Олардың төрттен бірі құрастыру цехтарында еңбек етеді.
Тікелей телекөпірде, Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченко сөз алып, Елбасына мәшине жасау саласын өркендетудегі шынайы қамқорлығына алғыс білдірді. Былтыр Қазақстан рекордты астық жинағанымен, тасымалдау ісінде олқылықтардың орын алғаны рас. Енді мұндай кемшіліктерге жол берілмейтініне сенімдіміз. Петропавл қаласында жұмыс істеп жатқан кәсіпорын жарқын бастамалардың бастауына айналары сөзсіз, деді әйгілі аграршы.
Президент Н.Назарбаев солтүстікқазақстандықтарға еңбекте табыс, жұмыста сәттілік тіледі.
Жамбыл облысынан – Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ:
Еліміздегі серпінді индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде Жамбыл облысында 19 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның 9-ы биыл ел игілігіне пайдалануға берілмек.
Мойынқұм ауданындағы Мыңарал цемент зауыты сол тегеурінді тоғыздың бірі. Ол облыс орталығынан шалғай орналасқанымен, халықаралық автокөлік және темір жолдың бойында жатыр. Астана мен Қарағанды қаласы да қашық емес. Алматы сияқты үлкен мегаполис тиіп тұр десе де болады. Әйгілі Балқаш көлі зауыттың тап іргесінде.
Демек, бұл жобаның болашағы зор. Жоба іске асырылған тұста жылына 500 мың тоннадан аса цемент өндірілетін болады деп күтілуде. Жобаның құны 8 миллиард 250 миллион теңгені құрайды. Зауыт толық қуатында жұмыс істеген кезде мұнда 300-ден астам адам жұмысқа тартылады. Бюджетке түсетін қаржының көлемі 75 миллион теңгені құрайды.
Іс басындағы мамандар бүгінде бұл цемент зауытында құрылыс жұмыстарының дені атқарылды деп отыр. Оның ішінде құрылысы толық аяқталған үш қабатты зертхана бар. Сондай-ақ өнімді кептіретін камералар мен пештер салынды. Технологиялық желі құрастырылып, темір жол тұйығының құрылысы қолға алынуда. Сонымен бірге зауытқа дейін 2,5 шақырым су құбыры тартылып, төрт насос бекеті қалпына келтірілді.
Біз мұнда телекөпір болардан біраз бұрын келгенбіз. Сондықтан цемент зауытының құрылысын жүргізіп жатқан мамандар мен құрылысшылардың жағдайымен танысуға мүмкіндік туды. Қонақ үй, жатақхана, асхана, кеңсе – бәрі де ойдағыдай жабдықталған. Ыстық және суық су, салқындатқыш бар. Әсіресе, құрылысшыларды тамақтандыруды өз мойындарына алған компанияның адал ісіне мұндағы әрбір адам риза. Өйткені дастарқандарында тамақтың түр-түрі бар әрі мол және дәмді. Асхана жұмысына жергілікті жердің қыз-келіншектерінің тартылуы да көңіл қуантты.
Телекөпір арқылы Елбасымен кездесу кезінде зауыт жұмысшылары қолдарына “Қуатты Қазақстанды бірге көркейтеміз!”, “2020 – жаңа индустрияландыру!”, “Бизнестің жол картасы-2020” – тұрақты жұмыс орындарын ашу” және “Экономиканы әртараптандыру – табыс кілті” деген сияқты ұрандар мен жалаушалар ұстап тұрды. Олардың жүздеріндегі қуаныштан елдегі индустриялық-инновациялық саясаттың дұрыс жүргізілуі арқасында өздерінің еңбектері жанғанын білуге болғандай.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа облыстағы инвестициялық жобалардың жай-жапсары туралы Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев айтып берді.
– Биыл біздің облысымызда тоғыз инвестициялық жоба іске қосылады. Олардың жалпы құны – 62 миллиард теңге. Төрт мың жаңа жұмыс орны ашылады. Жобалар металлургия, жеңіл өнеркәсіп, мұнай өңдеу және құрылыс материалдарын шығару саласында қолға алынып отыр. Оның екеуі бірінші жартыжылдықта іске қосылады. Бүгін біз Сізге Мыңарал цемент зауытын көрсетіп тұрмыз. Бұл биылғы ең ірі инвестициялық жоба. Сіз екі жыл бұрын Францияда болған сапарыңызда “Викат” компаниясын Қазақстанға шақырдыңыз. Олар Қазақстанға келіп, халықаралық қаржы корпорациясымен және жергілікті инвесторлармен бірігіп осы зауытты салуда.
Зауыттың қуаты – жылына бір миллион екі жүз мың тонна цемент шығаруға жетеді. Үш жүз елу жаңа жұмыс орны ашылады. Цемент “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” жолы және Балқаш электр стансасы құрылыстарына пайдаланылатын болады. Бүгіннен бастап технологиялық кешенді сынақтан өткіземіз. Ал екі айдан кейін зауыт өнім шығара бастайтын болады, – деді облыс әкімі.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Балқаш электр стансасы құрылысы туралы ойын айтқанда, оны салуға қажетті цементті жақын жерден, яғни Жамбыл облысындағы Мыңарал цемент зауытынан тасымалдауға болатынын ескертіп өтті. Бұған мыңаралдық цемент зауытының жұмысшылары қуанып қалды. Өйткені, цемент бізде тек Өскеменде өндіріледі. Басқалары импорт – Қытай, Ресей және алыс шет елдерден тасымалданады.
Өндіріс іске қосылған кезде цементтің сапасын қатаң бақылауда ұстау көзделуде. Мұны облыс әкімінің өзі қадағалап отырмақшы. Өйткені, сапалы өнімге деген сұраныс қай кезде де жоғары болады.
Алматы облысынан – Күмісжан БАЙЖАН:
Қазіргі кезде жетісулықтар әр күнді еңбектегі ерен жетістіктерімен атап өтіп, нақты істердің тиянағын келтіріп, жаңашылдық танытуда.
Энергиялық мәселені түбегейлі шешуге қатысты серпінді жобалардың техникалық-экономикалық негіздемелеріне байланысты жұмыстар одан әрі өрістетіліп, кеше Қаратал өзенінің ағысын бөгеу арқылы салынған төртінші шағын су электр стансасының тұсауы тікелей телекөпір кезінде кесілді. Биылғы жартыжылдыққа ойластырылған алты жобаға бөлінген 8,4 млрд. теңге толық игеріліп, бұл бағыттағы жұмыс кестесі сақталғаны осының дәлелі.
Талдықорған мен Текелі қалаларының оңтүстігінен салынған нысан жанына жиналғандар “Қуатты Қазақстан үшін!”, “Бірлігіміз жарасқан!”, “Біз әрқашан Елбасымен біргеміз!” деген ұрандармен мереке мерейін тасытты. Қараталдың ұрымтал тұсын бөгеу арқылы “АСПМК-519” компаниялар тобы жыл сайын бір шағын су электр стансасын іске қосса, бүгінгі нысанның жұмысын Елбасы телекөпір арқылы тамашалады. Облыс әкімі Серік Үмбетов 2016 жылға дейін өңірде қуаттылығы 326 МВт болатын 28 шағын су электр стансаларын іске қосу жоспарланғанын, соның тағы бірі бүгін ел игілігіне айналғанын жеткізді.
Бұдан кейін “АСПМК-519” компаниясының бас директоры В.Сычев алдағы жылдары осындай бірнеше шағын су электр стансалары іске қосылатынын, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына өзіндік үлестерін қосатындықтарын жеткізді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өңірде атқарылған жұмыстарға өз бағасын берді. Энергия жүйесінің қолданыстағы активтерін жетілдіру мен қайта құру, жаңа қуат көздерін іске қосу, электр тасымалдаудың қосымша желілерінің жүйесі, баламалы жаңа қуат көздерін енгізу мен дамыту тәрізді аса маңызды жобалар осылайша өмірге берік еніп келеді.
Ескелді ауданының аумағында іске қосылған Қаратал №4 су электр стансасының құрылысы өткен жылы басталып, өңірдің электр қуатына деген сұранысын қанағаттандыруға осылайша жол ашты. Бағдарлама құрылысына 968.8 млн. теңге қаржы жұмсалып, құрылыс жұмыстарына 60 адам тартылыпты. Станса құрылысын “АСПМК-519” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз есебінен жүргізіп, белгіленген мерзімде тиянағын келтіргені де жақсы істің бірі деуге болады. Аталған нысан 3,5 МВт қуат өндіріп, өз жұмысын осылайша бастап кетті.
Атырау облысынан – Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ:
Бұрын өнеркәсібімен танылған Атырау енді медицина саласында қолданылатын бір реттік шприцтер шығарумен аты шықпақ. Өткен жылы Атырауда осындай өнім шығаратын зауыттың технологиясын құрастыру басталған болатын. Оны іске асырған “Брандо” ЖШС директоры Дәулет Досалиевтің түсіндіргеніндей, зауыттың жылдық қуаты 250 миллион дана шприц шығаруға негізделген. Сұраныс көбейген сайын оның көлемін екі есеге дейін арттыруға болады екен. Елбасымен тікелей желіде іске қосылған 72 инвестициялық жобаның қатарында аталған зауыт та толыққанды жұмыс жасай бастады.
– Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде сан түрлі өнімдер шығарып жатыр. Бір реттік шприц өндіру жобасы Атырауда алғаш рет қолға алынып отыр. Бұл Атыраудағы инвестициялық жобалардың бірі, – деді облыс әкімі Бергей Рысқалиев Елбасына аталған зауыттың өнім өндіру үдерісі туралы баяндап.
Елбасына тікелей желі арқылы ризашылығын білдірген жаңа зауыттың директоры Дәулет Досалиевтің айтуынша, инвестициялық жобаның құны – 6 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл отандық инвестордың қаржысы. Зауытқа өнім өндіру үшін қажетті шикізаттар Корея, Бельгия, Ресей елдерінен әкелінеді. Шикізат алғашқы сатыда арнайы аппаратпен өңделеді. Сонан соң шприцтердің қалыбы жасалып, басқа да бөліктері дайындалады. Зауытта жұмыс жасайтын 25 маман медициналық шприц өндірудің барлық үдерісін қатаң бақылайды. Арнайы жабдықтар арқылы шығып жатқан шприцтер қалыптарын мамандар микроскоппен тексеріп, жарамдылығына көз жеткізіп барып жинақтау цехына жібереді. Соңынан 3, 5, 10, 20 грамдық шприцтердің барлық бөлшегі құрастырылып, залалсыздандыру мәшинесінде 10 сағатқа дейін сақталады. Мамандар шприцті осындай залалсыздандырудан соң ғана пайдалануға болатынын айтады. Өнім өндіру үдерісі толық автоматтандырылған.
– Зауыттың барлық қондырғылары Кореядан алынды. Сонымен бірге бұл зауыттағы өнім шығарудың барлық үдерістері халықаралық ІSO-9001 және ІSO-14001 стандарттарына сәйкес атқарылады. Сол себептен 6 маманды Кореяға жіберіп, арнайы курста оқыттық. Олар сондағы зауытта өнім өндіру үдерістерін атқару, басқару тәсілдері технологиясын меңгеріп келді. Енді осындағы мамандарды үйретуде, – деді директор Д.Досалиев.
Зауытта Корея технологтары қазақстандық мамандарға бағыт-бағдар беріп, өз тәжірибелерімен бөліскен. Солардың бірі – Чань У Ли қазақстандық жастардың жаңа мамандықты Кореяда жедел меңгеріп, енді жаңа өндіріс орнында тәжірибе жинақтауда біліктілік танытқанын айтады. Мұнда жұмысқа алынғандардың барлығы жергілікті жастар. Бір сағатта 60 мың дана, жылына 250 миллион дана әр мөлшердегі шприцтерді шығаратын зауыттың экологияға зияны жоғына сендіреді мамандар. Тек шприц шығаруға қажетті шикізат – полипропилен әзірге Қазақстанда өндірілмейді. Осы өнімді Атыраудан шығаратын жобалар кешеуілдеп жатыр. Сол себептен шикізат Корея, Бельгия және Ресей секілді алыс-жақын елдерден алынады. Соған қарамастан 5 грамдық шприцтің өзіндік құны 5 теңгеден аспайды, өзгелерінің құны мөлшеріне байланысты бұдан сәл қымбаттау. Дегенмен, бұл шприцтер бәсекеге қабілетті болуымен ерекшеленеді, деп пайым жасайды зауыт басшылары.
Атырауда өндірілген отандық шприцтердің алғашқы легі сараптамадан сәтті өткізілген. Тегінде өзіміз куә болып жүрген Атыраудағы дәріханаларда өзге елдерден, соның ішінде алыстағы Германиядан жеткізілген 5 грамдық шприц 15 теңгеден сатылуда екенін ескерсек, тұтынушы үшін дәл осындай жоғары сапалы отандық өнімнің бағасы одан әлдеқайда арзанға түседі.
Қызылорда облысынан – Еркін ӘБІЛ:
Кеше еліміз бойынша өткен “Күшті Қазақстанды бірігіп құрамыз!” атты жалпыхалықтық телекөпірде Қызылорда облысындағы Ақшабұлақ кенішінде ілеспе газды өңдеу кешенінің екінші кезеңі пайдалануға берілді.
Сыр өңірінің жалпыхалықтық телекөпірге қосылуы “Қазгермұнай” біріккен кәсіпорнына қарасты Ақшабұлақ кеніші аумағынан таңдалуы тегін емес еді. Тәуелсіз Қазақстан үшін энергетикалық саясаттың салмағы анық сезіле бастаған 2000-шы жылдары республика Үкіметі Оңтүстік Торғай ойпатының ілеспе газын игеру және Қызылорда қаласын газдандыру туралы қаулы қабылдады. Осы қаулыға сәйкес айдалада алау болып жанып жатқан “көгілдір отынды” ел игілігіне жаратуға алғаш қадам жасаған осы “Қазгермұнай” компаниясы болатын. Осылайша 5 жыл бұрын Ақшабұлақта газ өңдеу қондырғысы орнатылып, жылына 420 млн. текше метр газ өткізетін 124 шақырымдық “Ақшабұлақ-Қызылорда” газ құбыры жүргізілді.
Ал жалпы құны 10 млрд. 275 млн. теңге болатын мына екінші газ өңдеу зауыты өңірде индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру бағдарламасы аясында салынған іргелі өндіріс орны. Құрылысын “НГСК Казстройсервис” АҚ жүргізген жаңа зауыт облыс орталығына жеткізілер “көгілдір отын” көлемін жылына 550 млн. текше метрге дейін ұлғайтады. Оған қоса 30-ға жуық адамға жаңа жұмыс орны ашылады.
Осы өндіріс басында облыс әкімі Болатбек Қуандықов Елбасын ерен еңбегімен ел дамуына үлес қосып келе жатқан Сыр жұртының табысымен таныстырды.
– Сіздің бастамаңызбен Ақшабұлақ кенішінде ілеспе газды өңдеу кешенінің екінші кезеңі қысқа уақытта іске қосылды, – деді облыс басшысы. – Осының нәтижесінде тұрғындардың жылуға кететін шығындары еселей азайып, бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасалды. Сонымен қатар осы жоба биыл қуаттылығы 87 мВт газтурбиналық электр станциясының құрылысын бастауға мүмкіндік беріп отыр. Біз ол станцияның құрылысын келер жылы еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай тарту етеміз.
Биыл аймақта индустриялық-инновациялық бағдарлама бойынша жалпы құны 21,6 млрд. теңге болатын 10 жоба жүзеге асырылып, жаңадан 615 жұмыс орны ашылады.
Облыс басшысынан кейін “Қазгермұнай БК” бас директорының бірінші орынбасары Біржан Дүйсембеков сөз алып, Қызылорда қаласын газдандыру ісіне бастамашы болған компанияның жаңа өндіріс орны арқылы облыс орталығына “көгілдір отын” жеткізу 2 есеге ұлғайғанын айтты.
Осыдан кейін облыс әкімі Болатбек Қуандықов жаңа өндіріс орнын іске қосты. Жылына 300 млн. текше метр газ өндіретін зауыттың ашылу салтанаты қолдарына жалаушалар ұстаған мұнайшылардың қуанышты үніне ұласты.
Зауыт ауласына жиналғандар Сырдағы жаңа өндіріс орны жайлы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының пікірін тыңдады.
Мемлекет басшысы ел дамуында өзіндік орны бар Сыр жерінде ашылып отырған газ өңдеу зауытының экономикалық тиімділігімен қатар, қоршаған ортаны қорғаудағы қызметін ерекше айтты. Соңғы 5 жылдың бедерінде кеніште жанып жатқан “көгілдір отын” ел игілігіне айналуда. Мемлекеттік деңгейде қабылданған бағдарламалардың жергілікті жерде жүйелі түрде жүзеге асырылуының арқасында қазір облыс орталығы тұрғындарының жылуға жұмсайтын шығындары едәуір азайған. Нұрсұлтан Әбішұлы енді ілеспе газды электр энергиясын өндіруге бағыттап отырған облыс басшылығының бастамасына табыс тілеп, Сыр бойы жұртшылығына жылы лебізін арнады.
Осыдан кейін облыс әкімі Болатбек Қуандықов жаңа өндірістің ашылуына қатысушылар алдында “Қазгермұнай” компаниясы басшылығына өңірдің индустриялық-инновациялық дамуына қосқан үлкен үлесі үшін алғыс айтты. Аймақтағы өндіріс орындарының қатарына қосылған жаңа кәсіпорын жайлы компанияның техникалық директоры Лю Чжи мен құрылысты жүргізген бас мердігер “НГСК Казстройсервис” АҚ бас директорының бірінші орынбасары Шасмайл Гасановтар да қысқаша лебіз білдірді.
Өндіріс орнының ашылуынан кейін аймақ басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап сұхбат берді.
– Индустриялық-инновациялық жобаға сәйкес пайдалануға беріліп отырған бұл өндіріс орны облыс орталығын газдандыру ісін толық аяқтауға мүмкіндік береді, – деді Болатбек Баянұлы. – Жалпы облыста осы жылдың алғашқы жартысында биылға жоспарланған 10 жобаның 7-і тұсауын кеседі. Соның алғашқысының қатарында ашылған битум зауыты тәулігіне 500 тонна өнім өндіріп отыр. Осылайша аймағымыздан өтетін “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” автобанына қажетті битумның үштен бірін өзімізде шығаруға қол жеткіздік. Сонымен қатар тәулігіне 15 тонна нан өндіретін зауыт ел игілігіне беріледі. Жылдың екінші жартысында Қазалы ауданындағы тауарлы-сүт фермасы ашылып, облыс бойынша осы рыноктағы өнімдер бағасы едәуір түседі деп жоспарланып отыр.
Семей қаласынан – Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ:
Семейде кабель өндірісімен айналысатын жаңа кәсіпорын қатарға қосылғалы жатыр екен деген хабарды естігенімізге көп уақыт өткен жоқ еді. Сол кәсіпорын кеше Елбасымыздың қатысуымен өткен “Қуатты Қазақстанды бірге көркейтеміз!” атты жалпыұлттық телекөпір барысында салтанатты жағдайда ашылды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, бұл Республикалық индустриялық картаға енгізілген 22 жобаның бірі екен.
Бүгінгі күні Қазақстан нарығындағы кабель өніміне қажеттілік 105,0 миллиард теңгені құраса, ал соның жартысына жуығы шет елдерден әкелінетін көрінеді. Жаңа жобаның ерекшелігі сол, оның ең алдымен жергілікті шикізаттан жасалатыны және халықаралық стандартқа сәйкестігі. Ал кәсіпорын қуатына келетін болсақ, мұнда жылына жалпы құны 22,5 миллиард теңгені құрайтын ұзындығы 33,6 мың шақырым кабель өндірілмек. Облыс әкімі Елбасына мәлімдегеніндей, жаңа өндірістің іске қосылуы сырттан келетін өнімдердің 75 пайызын өртке шыдамды кабельдермен, сонымен бірге кернеулік және бақылау кабельдерімен, сондай-ақ сапалы өткізгіштермен алмастыруға мүмкіндік береді.
Телекөпір барысында аталған кәсіпорынның басшысы Кемелбек Құлтаев та сөз алып, зауыттың болашағы туралы Мемлекет басшысына қысқаша түсініктеме берді. Осылайша қысқаша сұхбаттасудан соң жаңа кәсіпорын салтанатты жағдайда ашылды.
Біз бұдан кейін “Ист индастри компани ЛТД” (Шығыс индустрияландыру компаниясы) ЖШС бас технологы Алтынай Қуандықовамен тілдескенбіз. Ол осыдан үш жыл бұрын құрылған өз серіктестіктерінің Қазақстан Даму банкінен 625 миллион теңге несие алып іске кірісіп кеткендерін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұлардың өнімдері еліміздің құрылыс, энергетика, темір жол салаларында кеңінен пайдаланылмақ. Әзірге мұнда жаңадан 35 жұмыс орны ашылыпты. Келер жылы ол жүз жұмыс орнына дейін ұлғайтылмақ. Ал кадр мәселесіне келсек, тапшылық жоқ екен. Өйткені, тоқтап қалған бұрынғы кабель зауытының кадрлары жаңа кәсіпорынға көптеп келуде.
Жалпыұлттық телекөпір соңы мұнда тағы бір жақсы жаңалыққа ұласты. Яғни, Астана күні қарсаңында Семейде 72 пәтерлік тоғыз қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша қатарға қосылған бұл үйге негізінен жас отбасылар, мемлекеттік және мекеме, ұйым қызметкерлері жайғасты. Пәтер иелеріне кілттерді табыстаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Семейде тұрғын үй құрылысы зор қарқынмен дамып келе жатқанын мәлімдеді.
Оңтүстік Қазақстан облысынан – Бақтияр ТАЙЖАН:
Бұл күні Оңтүстікте үш ірі кәсіпорын іске қосылды. “Hіll” ЖШС Қазақстандағы халықаралық стандарттарға сай жоғары дәрежелі, сапалы мотор майларын шығаратын тұңғыш өндіріс орны. 2005 жылы басталып, Елбасымыздың тікелей қолдауымен индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында жүзеге асқан зауыты техникалық майларды өндіретін қондырғылармен және араластыру технологияларымен қамтамасыз еткен АҚШ-тың “FMC Технолоджи” компаниясы.
Зауыттың атқарушы директоры Рақымжан Нүпбаев қазақстандық өнім – “Фастройл” майының сапасы “Мобил”, “Эссо”, “Шэлл” сияқты әлемге танымал компания өнімдерінен кем түспейді дейді.
2005 жылы Елбасының Жарлығымен мақта кластерін дамыту мақсатында “Оңтүстік” арнайы экономикалық аймағы құрылған болатын. Қазақстан диқандары өсірген ақ алтынын шетелге шикізат күйінде су тегінге беріп, дайын өнім ретінде төрт-бес есе қымбат бағаға келетіндіктен мемлекетіміздің есесі кетіп жүрген жағдайы бар еді. Қазір “Оңтүстік” арнайы экономикалық аймағында өндіріс орындарының қазығы қағылып, алды іске қосылды. Соның бірі “Хлопкопром-целлюлоза” ЖШС “гидроскопиялық мақта-мақта целлюлозасы мен техникалық карбоксиметилцеллюлоза өндірісін” жолға қойды. Серіктестік бұрын Қытайға сатылып келген қалдық мақтадан 40 түрлі отандық өнім алып отыр.
Елбасымен тікелей эфир арқылы тілдесу “Oxy-Textіle” ЖШС ғимаратында өтті. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов сөз алды. – Сіздің елімізді индустриялық-инновациялық дамыту жөнінде берген тапсырмаңызды орындау бойынша биылғы жылы облысымыздан республикалық және өңірлік индустрияландыру картасына енген 16 жобаны іске асыру жоспарланған болатын. Солардың 6-уы іске қосылды, ал 3 инвестициялық жоба бүгін жүзеге асқалы отыр. Олар: “Оңтүстік” арнайы экономикалық аймақтағы “Oxy Textіle” мен “Хлопкопром Целюллоза” фабрикалары және майлау материалдарын өндіретін “Hіll” зауыты. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында 7 индустриялық нысандар ашылатын болады. Аталған жобалардың жалпы құны 51,5 млрд. теңге. Жаңадан 2781 жұмыс орны ашылады. Бұл кәсіпорындардың іске қосылуы біздің өңір экономикасының дамуына қомақты үлес қосатын болады, – дей келіп облыс басшысы Елбасыға тұрғындардың ризашылығын жеткізді.
Мақта талшығынан жылына 6 мың тонна 20-80 нөмірлі сапалы жіп дайындай алатын серіктестіктің директоры Қанаев Ниетбек серіктестіктегі атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Қазақстан экономиканың қарқынды даму жолына түсті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру барысында осындай алып кәсіпорындар жұмыс жасай бастады.
Қарағанды облысынан – Айқын НЕСІПБАЙ:
Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кентінде жаңадан ашылып жатқан өндіріс орындары жылдан жылға ұлғайып келеді. Мұнда кеше Елбасының көз алдында тағы бір кәсіпорын сапқа қосылды. “ҚазТерм” комбинаты құрған болат панельді жылыту радиаторлары зауыты жұмыс істей бастады. Атынан белгілі болып тұрғандай, тұрғын үйлерге жылу тарататын заттар жасалады. Құрылыс кең қанат жайған аймақ үшін бұл өте қажетті өнім. Облыс әкімі Серік Ахметов мәлім еткендей, қазірдің өзінде тұтынушылар тарапынан 50 миллион теңгеге тапсырыс түскен. Оның көлемі алдағы уақытта ұлғая бермек.
Республикалық индустрияландыру картасына енген 18 жобаның жыл аяғына дейін 10-ы іске асырылуға тиіс. Мұның алдында Жаңаарқа, Шет аудандарында көмір және темір концентратын өндіретін кеніштер ашылған болатын. Енді Бұқар жырау ауданында бой көтерген жаңа кәсіпорын өңір экономикасының дамуына, жергілікті тұрғындардың жұмысқа қамтылуына мүмкіндік туғызды.
Ақмола облысынан – Бақберген АМАЛБЕК:
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен өткізілген телекөпір Ақмола облысының басты өнеркәсіпті орталығы Степногор қаласындағы жаңа жылыжай жайлы баянмен басталды. Мұнда қазір төрт гектарға жуық алаңды алып жатқан маңызды жоба жүзеге асырылуда. Оның бастамашысы да, іске асырушысы да “Қазақстанның техникалық технологиясы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып табылады.
Мемлекет басшысымен тікелей байланыста Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко мен аталған ЖШС директоры Александр Грибалов солтүстік өңірдегі заманалық жылыжай туралы кеңінен ақпарат беріп, жаңа өндіріс орнын таныстырды. Мұнда қияр, қызанақ, тағамдық жасыл өскіндер облыс тұрғындарының дастарқан мәзірін толықтыратын болады. Өнімдердің жылдық көлемі 1832 тоннаны құрамақ. Жобаның жалпы құны 1 миллиард 49 миллион теңгеге бағаланған. Қазір жаңа кәсіпорында Голландия мен Ресейден жеткізілген заманалық жабдықтар құрастырылуда. Степногор қаласының 60 тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтыған жылыжай жанынан болашақта балық шаруашылығы да қолға алынбақ.
Облыс әкімі С.Дьяченко Елбасына сондай-ақ мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасының орындалу барысы туралы баяндады. Ақмолалықтар бағдарлама аясында 83 миллиард теңгенің сегіз жобасын табысты игеруде.
Қостанай облысынан – Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА:
Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігіндегі таяуда ғана іске қосылған металл прокаты зауытының атшаптырым цехына телеарналардың түсіру камералары орналастырылған. Қызыл оттан босанып шығып жатқан сом темірдің қызуы бетке ұрып, цехтың іші ысып тұр. Елімізде тапсырылып жатқан инвестициялық жобалар туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тікелей эфирде әңгімелеп беру үшін Қостанай облысының әкімі Сергей Кулагин және өндіріс басшысы Мұхамеджан Тұрдахунов металл шығып жатқан цехқа келді. Балқыту және құю пешінен шашыраған от мерекелердегі отшашуды көзге елестетеді.
Осы уақытқа дейін жыныстарды қопарып, кен шығарып келген өндірістің енді металл құятын өз зауыты бар. Онда үздік технология қолданылады. Соның арқасында кәсіпорын тек кен байытып қана қоймай, металл өндіруге қол жеткізді. Мұнда шығарылатын шағын прокат темір, құрылыс арматуралары “Соколов-Сарыбай өндірістік бірлестігі” акционерлік қоғамының ішкі қажеттіліктерін өтейді. Жыл тәулігіне өндірілетін 75 мың тонна металл қазақстандық мазмұнды байыта түседі. Осыған дейін ССКӨБ өзі шикізат жіберетін Ресейден жылына 100 мың тонна металл прокатын сатып алатын. Ал бұл өндіріске 60 миллион долларға түсетін!
Облыс әкімі Сергей Кулагин Елбасыға облыс экономикасы туралы баяндады.
– Нұрсұлтан Әбішұлы, облыс экономикасы ырғақты дамып келеді, – деді Сергей Витальевич. – Үстіміздегі жылдың қаңтар-мамыр аралығында өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 163 миллиард теңгені құрады. Физикалық көлем индексі 130 пайыздан асты. Үстіміздегі жылы өнеркәсіпке тартылған инвестиция 19,5 миллиард теңге немесе өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 159 пайызды құрайды. Мұндай көрсеткіш өңірдегі индустриялық-инновациялық дамудың қарқын алуына ықпал етеді. Үстіміздегі жылы Қостанай облысында 11 инвестициялық нысан пайдалануға берілмек. Біз соның бірінде тұрмыз. Мұндай жобаның жүзеге асуы ұқсату өнеркәсібі үлесін арттыра түседі.
Мұнан кейін “ССКӨБ” акционерлік қоғамының президенті Мұхамеджан Тұрдахунов Елбасына тікелей эфир арқылы темір кені шикізатын өндіретін Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің тек Қазақстандағы ғана емес, бүкіл Достастық елдері көлеміндегі ең ірі кәсіпорын екенін айтты.
– Бірлестік байытып шығаратын темір кені жентегі мен концентраты нарықта жоғары сұранысқа ие. Бірлестік өз өнімін Қарағанды мен Магнитогорск металлургия комбинаттарына артады. Соңғы жылдары біздің өнімімізге Қытай да мол сұраныс жасап отыр. Бүгін Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі өндірістің жоғары сатысына көтеріліп келеді, ол өндірісті металл прокатпен қамтамасыз етеді. Біздің жаңа зауытымыз инвестициялық жобалардағы қазақстандық мазмұнды толықтыра түсті. Сатып алған қымбат, өзің өндірген арзан екенін дәлелдеп берді.
Ақтөбе облысынан – Сатыбалды СӘУІРБАЙ:
Ақтөбе облысының елімізді индустрияландыруға қосқан үлесінен хабардар ететін тікелей желі байланысы Қазақстандағы медициналық және өнеркәсіптік рентген аппаратын шығаратын бірден-бір кәсіпорын – “Ақтөберентген” АҚ базасында орналасқан-ды. Қашанда жақсылыққа жаны құмар ақтөбеліктер осы бір сәтті асыға күткені жүздерінен аңғарылып тұрды. Мұнда рентген аппаратының 28 түрі шығарылады, олар әлемнің 23 елі