Атырау студенттері оғыз дәуірінің қорымын тапты
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің бірінші курс студенттері археологиялық қазба жүргізу барысында үлкен олжаға кенелді. Олар ежелгі қорымнан оғыз дәуірінің жауынгері мен бірнеше құнды жәдігер тауып алды. ІХ-ХІ ғасырдағы оғыз дәуіріне жататын қорым Индер ауданындағы Теректі деп аталатын жерден табылып отыр. Бұл осы аудандағы Елтай ауылына таяу орналасқан. Ауыл тұрғынының университет ғалымдарына адам сүйегін, киім-кешек түрлерін тауып алғаны хабарланған. Университет жанындағы археологиялық-этнографиялық орталық директоры Әния Ермағамбетованың мәлім етуінше, аталған жердегі ежелгі қорым бірінші курс студенттерінің қатысуымен толықтай қазылған. Сол кезде қорымнан адам, жылқы сүйектері табылған. Жылқының жанында ұзындығы 1 метрге жуықтайтын қылыш, жебе сауыт және ат әбзелдері де болған. Ғалымдар темір сауытты адамға емес, атқа арналған деген тұжырым жасап отыр.
– Біздің болжамымыз бойынша, қорым оғыз дәуіріне жатады. Демек, бұл ІХ-ХІ ғасырға тиесілі. Сол заманда оғыз тайпалары атқа темір сауыт жасағаны белгілі, – дейді университет жанындағы археологиялық-этнографиялық орталық директоры Әния Ермағамбетова.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.