• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Маусым, 2015

Қазақстан мериносы 120 килоға дейін ет береді

825 рет
көрсетілді

Меркі ауданында меринос қойдың жаңа тұқымы пайда болды. Осы аудандағы Меркі асыл тұқымды қой зауыты етті әрі жүні де сапалы түліктің бұл түрін өмірге әкелу үшін жарты ғасырдай уақыт тер төгіпті. Жақында ғана бұл жаңалықты растауға келген мемлекеттік және шетелдік комиссия қой тұқымын сараптамадан өткізді. Сонымен, асыл тұқымды биязы жүнді қой «Қазақстан мериносы» деген атау алды.  – Ғалымдардың арқа­сын­да асыл тұқымды қой шаруа­шылығындағы мамандармен бірлесе отырып, біз қойдың Австралияның мериносына пара-пар келетін, жүнінің сапасы жағынан ешбір қалыспайтын, ал бірақ жергілікті жерге жақ­сы бейімделген, өсімтал, салмағы үлкен қойдың жаңа тұқымын дүниеге әкелдік деп айтуға болады. Асыл тұқымды «Қазақстан мериносының» біреуі 14-15 кило сапалы жүн береді. Етті келеді. Салмағы 120 килоға барады. Жазда – жайлауға, қыста құмға айдауға да бейім, – дейді Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Серік Оспанов. Бұл тұқымның бұрынғы өсіріліп жүрген «Оңтүстік қазақ мериносынан» ерекшелігі – жүнінің сапасында. Қазір сапалы биязы, жіңішке талшықты жүнді қойларға сұраныс өте жоғары. Жүннің ұзындығы, жүннің тығыздығы өте жоғары. Меркі ауданындағы Асыл тұқымды қой зауыты – еліміздегі іргелі шаруашылықтардың бірі. Қазір мұнда 26 мыңнан астам қой бар. Шаруашылық ұжымы алдағы уақытта төлдердің санын арттырып, одан әрі жетілдіруді қолға алуда. Бүгінде бұл шаруа­шылықта 300-ден астам ауыл тұрғыны еңбек етеді. Олардың өсіріп отырған қой­лары енді еліміздің өзге аймақ­тарында да өрістемек. Қазірдің өзінде көптеген шаруалар асыл тұқымды қойларды алуға ниет білдіріп отыр. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.