Қызылжардың Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында белгілі балалар жазушысы, халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Толымбек Әбдірайымның «Құс ұясы» атты жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.

Қазақ балалар әдебиетінің тарихы ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннен басталып, бүгінге дейін ауыспалы табыспен жалғасып келеді. Бір кезде оны дүниежүзі балалар әдебиетінің майталмандары да жоғары бағалап, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» хикаяты талай елдің төрінен орын алды. Бүгінде бұл салаға талап жоғары, жас саналарды еліктіретін заманауи ІТ-дің жасайтын бәсекелестігі орасан. Саналы ата-аналар мен салиқалы ұстаздардың қолдауымен балалардың әдебиетке деген құштарлығы өлген жоқ. Бірақ бәсекелестікке төтеп беріп, шынайы, тартымды, бала психологиясына шақталған дүние жазу оңай емес. Шу дегенде балалар әдебиетін оңай деп ойлағандар замана дөңгелегі шабақтарының қақпақылына ұшырап, мұрттай ұшып жатты. Ал Толымбек Әбдірайым сол қақпақылға төтеп беріп, 1996 жылы шыққан алғашқы кітабы «Еркешорадан» бері талмай 30 жылда он бес шақты жинақ шығарып, еңбегімен елге танылған жазушы. Оның балаларға арнаған «Мақтаншақ сары сағат», «Ине мен жіп», «Әуелеп ұшқан тырналар», «Аю құлақ», «Жалқаулыққа кім үйір?», «Алабұға аулаған күн», «Аққоянның үйшігі», «Ақ кептер», «Летят журавли», т.б. жинақтарын оқырмандары жылы қабылдаған. Біраз әңгімелері оқулықтарға да енгізілген.
Астаналық баспалардың бірі «Ардадан» шыққан 367 беттік «Құс ұясының» баспагерлік шеберлігінде мін жоқ. Жинаққа топтастырылған 54 әңгіме, 16 ертегі және 3 хикаяттың бәріне оқушыға түрлі ой салып, мәтіннің мазмұнын аша түсетін түрлі-түсті, әдемі суреттер салынған. Әңгімелерінің бәрі де көркемдігі жоғары, тағлымы зор, баланың қабылдауына ықшам. Белгілі әдебиетші-профессор Серік Негимов кітапқа жазған алғысөзінде: «Әңгімелері оймақтай, оюлы, сырлы, мағыналы һәм мазмұнды. Балалардың жанын керемет түсінеді. Кәдімгі Ыбырай Алтынсариннің алақандай әңгімелері бар ғой, сол сияқты», депті.
Тұсаукесер рәсіміне қызылжарлық әдебиетсүйер қауым қатысты. Ғалым Зарқын Тайшыбай Т.Әбдірайым шығармашылығын көптен бері білетінін, оның қалыптасуы мен өсу жолдарына куә екенін айтты. Жазушы Жарасбай Сүлейменов, кәсіпкер Жомарт Омаров, әнші, актер Құмарбек Қалқатай, ақын Аманжол Зағыпар, т.б. кітап авторы және жаңа жинақ туралы жылы лебіздерін білдірді. 3-сынып оқушысы, жас ақын Сарыбай Абзал жазушыға арнауын айтты. «Бала жанының бағбаны» аталған кешті облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Нұргүл Оқашева ашып, жүргізіп отырды. Қаламгер мен оның жұбайы Кәмилә Мұқашеваға кітапхана ұжымы сый-құрмет көрсетіп, иықтарына шапан жапты. Сөйтіп, балалар әдебиетінің қоржынына тағы бір сүбелі еңбек жол тартты.
ПЕТРОПАВЛ