Бұл күнде мәдениет пен әдебиет тұлғаларының кезіндегідей ел ішімен етене араласып, әрдайым орталарынан табылуы сирексуін жоққа шығара алмаймыз. Ал осы салада есімі мен еңбегі танымал азаматтармен кездесіп, ой байытуға, біліктілік кеңейтуге деген қауым ынтызары қалпынша деуге болады. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен Түркітану орталығы ұйымдастыруымен Жаңаарқа ауданында өткен тарихшы ғалымдардың, тіл мамандарының, ақын-жазушылардың жергілікті жұртпен жүздесулері соны айғақ етті. Жүздесудің басты арқауы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «ХХ ғасырдың аумалы-төкпелі кезеңдері, қазақ халқының трансформациясы және заманға бейімделуі» атты тарихи-танымдық конференция болды.
Онда Түрксойдың бірінші хатшысының орынбасары Санжар Мұлазымоғлы, ғалымдар Сайын Борбасов, Бекен Кемелбеков, Әлімхан Жүнісбеков, белгілі түрколог Нәпіл Базылхан, «Арыс» қорының президенті Ғарифолла Әнес, ақын Сәбит Бексейіт тартымды баяндамалар жасады. Осы өңірдің өркендеуіне үлкен үлес қосқан, еңбегі ел есіндегі азамат Нұрлан Омарұлы туралы «Тектіден туған тұлғалар» кітабының тұсаукесері де өтіп, Түрксойдың «Ұлы Түрік қыраны» медалі жерлестері алдында кеудесіне тағылған дүлдүл күйші Мұхамеджан Тілеухан мен ізбасарлар өнері бір шеті Түркиядан, Моңғолиядан, Польшадан келіп, конференцияға қатысушылар мен жерлестері көңіл-күйін өсіріп тастады.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Қарағанды облысы.