Бүгін Ақмола облысында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында WorldSkills өңірлік чемпионаты басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Чемпионатқа 11 колледжден 300-ден астам білім алушы қатысып, 64 құзырет бойынша өз кәсіптік дағдыларын көрсетуде. Бұл байқау WorldSkills халықаралық қозғалысының бір бөлігі болып табылады, басты мақсаты жұмысшы мамандықтарын насихаттау және кәсіптік даярлық стандарттарын дамыту.
Іс-шараның өтуіне білім алушылар белсене қатысып, таным көкжиегін кеңейтіп жатыр. Шынтуайтында, өңірлік чемпионат қазіргі заманның талаптарына сәйкес кәсіптік білім дамуының маңызды кезеңі болып саналады. Биыл жаңа құзыреттер қосылыпты. Мысалы, «Киім дизайны», «Зоотехния» және «1С платформасында бизнес-процестерді автоматтандыру» сияқты салалар енгізілді. Сонымен қатар, «AbilympicSkills» құзыреттері бойынша байқаулар да өткізіледі, олар мүмкіндігі шектеулі студенттер үшін ұйымдастырылады.
«Ветеринария», «Зоотехния», «Астық және оны қайта өңдеу өнімдерінің сапасын анықтау», «Хореография» және «Құтқару жұмыстары» құзыреттері бойынша Астана қаласы, Түркістан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары тәрізді 7 өңірдің өкілдері қатысуда.
Жеңімпаздарды бағалауда өндірістік оқыту шеберлері мен ірі өндіріс компанияларының өкілдері, атап айтқанда, «Камаз центр-сервис», «Ақай» сән үйі, «Эль-Нур Сервис» серіктестіктері мен «Тыныс» акционерлік қоғамы және басқа да компаниялар қатысуда.