Мәселе 09 Сәуір, 2025

Кәсіпорында не кілтипан бар?

110 рет
көрсетілді

Сүт өнімдерін шыға­ратын «Eurasian Milk» зауытының тарихы 100 жылға жуықтады. Заманауи жаңғырту мен техникалық қайта жарақтандыру оны елдегі озық кәсіпорынға айналдырды. Сүтті қабылдау мен өңдеу – германиялық өндіріс желісінде, сары май – швейцариялық, ірімшік аустриялық жаб­дықта жасалады. Бірақ компанияның кеңге қанат жаюына не кедергі?

Италиядан әкелінген ерек жабдықта жұм­сақ ірімшік – моцарелла құйылады. Қойы­тылған ашы­малы сүт өнімін асеп­ти­ка­лық қаптаудың жоғары техно­ло­­­гиялық желісін германдық және италиялық компаниялар әзірлеген. Енді сүтті қайта өңдеу­дің жоғары деңгейіне жету мақ­са­тында Аустрия инженерлері әзірлеген сарысуды наносүзгілеу жабдығы орнатылады.

Зауытты энергиямен қам­тамасыз ету жоғары деңгейде жүзеге асады. Оған Германия, Бельгия, АҚШ электро жаб­дықтары орнатылады. Жаңа ғимараттар мен технологиялық жабдықтар алдағы күзде іске қосылмақ. Инвестициялық жо­баның жалпы сомасы – 120 млн доллар. Жұмыс орындары көбейіп, өндірісті кәсіби ұйым­дастыруға шетелдік үздік сарапшылар тартылып жатыр. Кәсіпорын жылына 100 мың тоннадан астам сүтті қайта өңдеуді қамтамасыз етеді. Зауыт сары май мен ірімшік сияқты сүтті қайта терең өңдейтін өнімдерге басымдық береді. Нарықтың осы сегментінде «Eurasian Milk» зауытының өнімдері сапасы мен дәмі жағынан кез келген бәсекелестің өнімінен едәуір асып түседі.

Жоспарда қатты және жартылай қатты ірімшік, қойы­тылған сүт, қаймақ, сүзбе сияқты жаңа өнім түрлерін шығару бар. Алайда инвестицияны ұлғайтуда, өнім сапасын арттырып, ассортиментін кеңейтер кезде зауыт бірқатар маңызды мәселеге тап болады. Ол – шикізат сапасының нашарлығы, нарықта үстемдік ететін елдермен салыстырғанда шикізаттың қымбат құны, мемлекеттік қолдаудың жеткі­ліксіздігі және им­портпен жосықсыз бәсеке­лестік.

Зауыт басшысы Андрей Гриценконың айтуынша, им­порттың отандық сүт өнімдеріне қарағанда арзан болуының бірнеше себебі бар.

«Бірінші, шетелдік бәсе­келестерде дамыған азық-түлік өнеркәсібі, заманауи фермерлік шаруашылық, арзан жемшөп қоры, сапалы селекция және қуатты қайта өңдеу кәсіпорыны бар. Нәтижесінде, отандық шикі сүт құны көршілерге қарағанда 20%-ға жоғары. Екінші, олар ірі мемлекеттік субсидия мен жеңіл несие, өндіріс құрылысын мемлекеттік қолдау мен экспортқа шығару арқылы қол жетімді қар­жыландыруға ие. Бұл игі шара көрші елдерге ішкі нарықты қамтамасыз етуге және экспортқа белсенді шығуға мүмкіндік береді. Біз аса қиын жағдайда жаңа зауыт құрылысына 50 млн доллар қаражат салдық. Ал субсидия тү­рінде 1 млн доллардан сәл ғана асатын ақша аламыз», деді А.Гриценко.

Мемлекеттік субсидияға қа­тыс­ты тағы бір мәселе – тұрақ­сыз төлем. Кәсіпорын кейінгі субсидияны 2023 жылы қарашада алған. Ал осы сәтте берешегі 2 млрд теңгеден асады. Оның шамамен 1,5 млрд теңгесі – сүтке берілетін субсидия берешегі. Қалған 500 млн теңгеден астамы – несиелеуге арналған субсидия қарызы. Несиедегі тым жоғары мөлшерлеме бизнесті дамытуға мүмкіндік бермейді. Барлық пайданы қаржы секторы алады. Мұндай жағдай мемлекетке стратегиялық тұрғыдан тиімді болуы екіталай.

«Сапалы сүт өндіруді жылдам арттыру мүмкін емес. Себебі зауытты пайдалануға бергенде бірден бар қуатқа жүктеуге болмайды. Фермерлер зауыт іске қосылғаннан кейін ғана дами бастайды. Нарықтық емес несие мөлшерлемесі, субсидияның болмауы, өндіріс қалыптасатын осы маңызды кезеңде зауыттың экономикалық шығынын жаһандық деңгейде арттырады», дейді кәсіпорын басшысы.

Азық-түлік өнімінің сапасына шикізат сапасы негіз болады. Осыған байланысты да үлкен мәселе бар. Кәсіпорын мамандары әкелінген шикізатқа талдау жүргізіп, сүт-тауар фермаларынан алынған шикі сүттің 70%-ы микробиологиялық көрсеткіш талабына сәйкес келмейтінін анықтаған. Шағын ғана емес, ірі фермаларда да сүт сапасы өте төмен екені қынжылтады дейді директор.

«Сүт өңдеушілер мемлекет мал сапасын қатаң бақы­лауы қажет екенін айтады. Бұл үшін әуелі фермерді, зоо­техникті, ветеринарды, агрономды оқытуға көмектесетін еуропалық тәуелсіз институттарды тартқан дұрыс. Отандық малшы малды Еуропадан сатып алғанды жөн көреді. Субсидиялау бағдарламасы да еуропалық на­рыққа бағытталған. Сондықтан тұқым дамытатындардың ұсы­нысына сәйкес жануарға қам­қор­лық жасау керек», дейді А.Гриценко.