Өрт қаупі жоғары кезең басталғалы бір орман өрті және 44 шөп жану оқиғасы тіркелді. Өрт шалған аумақ шамамен 689,31 гектар жерді құрайды. Күзгі өліқау құрғап, өрт қаупі еселене түскен. Өңірде өрттің алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Egemen.kz.

–Жаңа өрт маусымының алдында төтенше жағдайлар департаменті жағдай ушығатын болса, іске қосатын күштер мен құралдардың нақты тізімін бекітті. Жалпы саны 1000-нан астам адам және 262 техника кез келген сәтте оқиға орнына жіберілуге дайын. Олардың қатарында біздің департамент, полиция департаменті, табиғи ресурстар басқармасы, әскери бөлімдер, жергілікті атқарушы органдар, теміржол және жол қызметінің өкілдері бар. Сонымен қатар, облыста 6 өрт пойызы бар, бұл әсіресе, теміржол инфрақұрылымын қорғауда маңызды рөл атқарады,– дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Досбол Жақсыбаев.
Тілсіз жаумен күресте ерікті жасақтардың септігі мол. Өңірде 1000-нан астам адамнан құралған 210 ерікті жасақ жұмыс істеуде. Бұған қоса, 51 жергілікті атқарушы органның өрт сөндіру бекеті бар. Олар алыс ауылдарда және елді мекендерде өрттің алғашқы белгілері байқалған сәтте жылдам әрекет етуге тиіс.
Өрт ошақтарын ерте анықтау үшін спутниктік мониторинг қолданылады. Жергілікті жерлерде жағдайды 108 мобильді топ бақылайды. Оның құрамында орман және дала алқаптарын, демалыс орындарын патрульдейтін 425 қызметкер бар. Бұған дейін жасалған 22 рейд барысында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың 5 фактісі анықталды. Үш азаматқа ескерту жасалды, ал екеуі 78 640 теңге көлемінде айыппұл төледі.
Ақмола облысы