Шығыс өңірінде «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған жазғы лагерь ашылды. Төменгі Тайынтыда орналасқан «Патшалар жазығы» лагері жуырда күрделі жөндеуден өткен болатын. Сондықтан демалыс орны маусымның әр кезеңінде 150 баладан қабылдай алады. Жаздың алғашқы маусымында мұнда сондай-ақ, Алматы қаласының №2 «Алтын ұя» балалар үйінің 20 тәрбиеленушісі де демалуда.
Жазғы лагерь барлық оқушылардың сапқа тұрғызылып, мемлекеттік Тудың көкке көтерілуімен салтанатты түрде ашылды.
– Сіздер, биыл жазғы маусымды өңіріміздегі ең көркем жерде өткізіп қана қоймай, жаңа достар табасыздар, денсаулықтарыңызды нығайтасыздар. Облыс басшылығы сіздердің жақсылап тынығып, жаңа оқу жылына үлкен күш-қуатпен келулеріңізге барлық жағдайды жасап отыр, – деді лагерьдің ашылуымен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.
Жаңа маусымның тұсаукесеріне орай ұйымдастырылған концертте «Үміт» балалар үйінің жас таланттары мен «Х-Фактор» шоуының жеңімпазы, «Үміт» балалар үйінің түлегі Евгений Выблов өнер көрсетті. Алматылық «Алтын ұя» балалары жаңа достарына өз қолдарынан шыққан ерекше картиналар мен панно сыйлады. Кешкілік балалар ойын ойнап, алау жағып, ән айтты.
Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы қаласының әкімдіктері арасында қабылданған меморандум аясында «Патшалар жазығы» балалар лагерінде жаз бойы алматылық «Алтын ұя» балалар үйінің 90 тәрбиеленушісі демалады.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Ұлан ауданы.