Астанада өтіп жатқан II Орталық Азия медиафорумында мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева халықаралық медиаресурстар мен интернет-платформалар арқылы ел имиджін көтеруге бағытталған бірқатар жобаны атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қазақстан халықаралық ресурстармен байланыс орнату бойынша белсенді жұмыс жүргізіп отыр. Мәселен, өткен жылдың тамыз айында біз Астана қаласында Орталық Азия бойынша «Euronews»-тің өкілдігін ашу туралы келісімге қол қойдық. «Euronews» командасы біздің халықтардың өнері, мәдениеті мен өмір салты туралы «Модерн номадс» телешоуын, «Орталық Азиядан шыққан дауыстар» тақырыптық сериясын – өңірдің белгілі қайраткерлерімен сұхбаттарды, ірі өңірлік іс-шараларды қамтитын «Фокус» репортаждарының бірқатарын көрсетуге кірісті», деді А. Балаева.
Сонымен қатар ол министрліктің Орталық Азия елдерімен тарихи және мәдени мұрамызды, сауда-экономикалық және туристік әлеуетімізді көрсетуге бағытталған бірлескен медиажобаларды жасау бойынша халықаралық әріптестерді тарту жұмысын жүргізуге ниетті екенін жеткізді.