Италия еуродан бас тарта ма?
«Қалайда еуродан құтылу керек». Қазіргі таңда италиялықтардың басым бөлігі осы бір ауыз сөзді жиі айтатын көрінеді. Бұдан біз аталмыш мемлекетте бірыңғай валютадан бас тарту мәселесі қозғала бастағанын аңғарамыз. Италияда 2009 жылдың қазан айында құрылған «Бес жұлдыз» деген оппозициялық бағыттағы қозғалыс басшылары қазірдің өзінде аталған мәселеге қатысты халықтың дауысын жинап, жыл соңына қарай референдум өткізуді қолға алып отыр. Бұларды қолдаушы сарапшылар мемлекеттің еуродан бас тартуы экономикалық ауыртпалықтардың жолын кесіп, әлеуметтің әл-ауқатын көтереді деген пікірді жиі қайталауда. Осылайша, төтеннен туындаған бұл мәселе бүгінде талайдың басын ауыртып отыр. Италияның еуродан бас тартуға мүмкіндігі бар ма? Егер солай болса, ел келешекте қандай жағдайларға тап келуі мүмкін? Бұл сұрақтарға нақты жауап беруге әзірге ешкім дайын емес. Өйткені, аталмыш мәселеге орай «иә» немесе «жоқ» деп сенімді түрде жауап беру ақылсыздықтан туындаған асығыстық болар еді. Бүгінде италиялықтар күн тәртібіне шығарылған осы жағдаятқа байланысты түрлі пікірлердің жетегіне еріп, желпініп жүр. Олардың бірі «Лираның кезінде тұрмысымыз әлдеқайда тәуір еді. Тіпті, Қытайдан да озып тұрғанбыз. Тауарларымыз сапалы әрі өтімді болатын. Ал қазір бәрі мүлде керісінше. Еуроодақ бізді құлдырату мақсатында құрылған. Қарыздан көз ашпай келеміз. Билік әрекетсіз. Ештеңе шешпейтін атқарушы биліктің тізгіні халықаралық институттардың қолында», деген мазмұндағы пікірді жақтайды. Кейбір мамандардың айтуынша, Италия халқының жартысынан астамы еуродан бас тартуды қолдайды. Еуроодақты жаратпайтын азаматтардың қатары жылдан-жылға көбеюде. Оған дағдарыс тікелей әсер етіп отыр. Ал жоғарыдағы пікірге қарсылар «Бірыңғай валюта Италияны қарызға батудан сақтап қалды. Еуроның жалпы артықшылығы көп, сондықтан одан қол үзбеу керек. Ортақ валютаны қайта қарастырудың қажеті жоқ. Ақша ауыстыру оңай емес. Бәрібір ештеңе өзгермейді, одан ауыртпалық жеңілдемейді», деген сыңайдағы ойды құп көреді. Айта кетейік, еуродан бас тарту мәселесінің көтерілуіне түрткі болған «Бес жұлдыз» қозғалысының жетекшісі, осыдан 3 ай бұрын еуроға қатысты жалпыхалықтық референдум өткізу мақсатында қол жинай бастаған Беппе Грилло бірыңғай валютадан құтылмайынша іс оңға баспайтынын 2013 жылдан бері қозғап келеді екен. Енді ол бұл шаруаны биыл соңына дейін жеткізуді көздеуде. Осы орайда ел депутаттары да түрлі бағыт ұстанып отыр. Олардың арасында Еуроодаққа іш тарта қоймайтындар да баршылық. Мәселен, Италия парламентінің депутаты Джорджио Сориал «Кейбір зейнеткерлер айына 400 еуро ғана алады. Ал елдегі кедейлік шегі 600 еуро деп белгіленген. Жұмыссыздар қатары да қалыңдап келеді. Олар басқа елге кетуге мәжбүр. Бірыңғай валютадан бас тартқан жағдайда елде не болары белгісіз. Еуроаймаққа кірген мемлекеттерге кері қайтар жол жабық. Алайда, бүгінгі Грекияның ұстанған бағыты Еуропадағы көптеген елге дем берді. Грекия үкіметінің басшысы Алексис Ципрас күтпеген қадамдар жасап, Брюссельді ойлантып тастады», дейді. Депутат бұл арада Алексис Ципрастың таяуда Еуроодақты сынап айтқан сөздерін меңзеп отыр. Еске салайық, таяуда Грекия премьері Еуроодақ экономикасы Оңтүстік және Солтүстік деп екіге бөліне бастағанын, мұның соңы жақсылыққа апармайтынын, бірлестікте әділдік, тепе-теңдік сақталуы тиіс екенін, одақ басшыларына дұрыстап ойлану қажеттігін ашық айтқан болатын. Осы арада Испанияның оппозициялық партиясы да еуроаймақтан шығуға байланысты қозғалыс ұйымдастыруға кірісіп жатқанын, олар үстіміздегі жылдың соңына дейін референдум өткізуді көздеп отырғанын, сол сияқты, Францияның да көзқарасы дәл осындай бағытта екенін айта кетейік. Бұған қосымша, Ұлыбритания да 2 жылдан соң одақтан шығамыз деген ойда. Мұның барлығын біліп отырған кейбір мамандар Еуроодақ тек Германияға ғана тиімді дейді. Енді реті келіп тұрған соң Италияның қазіргі кездегі ахуалына аз-кем тоқтала кетейік. Себебі, жоғарыда сөз болған мәселелердің туындауына елдің ішкі түйткілдері тікелей әсер етіп отырғаны күмәнсіз. Ендеше, ол қандай жағдаяттар? Бұл ел жұмыссыздықтың қамытын кигелі біраз болды. Қазіргі Италияда 9,5 миллион азаматтың тұрақты табысы жоқ. Бұл – мемлекет халқының 15 пайызы. Ал мүлде жұмыссыздар саны 3 млн.-нан асып кеткен. Елдің жалпы еңбек конфедерациясы жариялаған зерттеулердің соңғы қорытындысы осындай. Италиядағы жұмыссыздық талайды үмітсіздікке апарып тіреген. Мәселен, Джорджио Ванцини деген педагог еңбек шартының мерзімі бітіп, жұмыссыз қалған. Соңғы 5 жылда мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеген ол ақырында бюджет қаржысын үнемдеу шарасының салдарынан қысқартуға ұшыраған. Оның қазіргі үміті тек кәсіподақ ұйымында. Егер осы ұйым құқығын қорғай алмаса, жағдайы қиын, келешегі бұлыңғыр. Джорджио Ванцини «Барлық үмітім кәсіподақта. Әріптестерімнің де көп жылғы еңбегі еш кетіп, далада қалғалы тұр. Мұндай жағдайдың болғаны ақылға сыймайды. Балалармен 10 жылдан бері жұмыс істейтіндер бар. Олардың енді ешкімге керегі жоқ», дейді. Соңғы мәліметтерге қарағанда, елде ай сайын 50 мыңға жуық адам жұмысынан шығып қалуда. Өзге кәсіп табатындар өте аз. Жұмыс іздеп жүргендердің дені 25 пен 45 жас аралығындағы азаматтар. Оларға берілетін жәрдемақы көлемі де қысқарып кеткен. Адамдар жұмыс табамын деген үмітінен мүлде күдерін үзген. Мұндай жандардың саны 100 мыңдап саналады. Ұзақ мерзімге арналған еңбек шарты туралы, тіпті, әңгіме қозғау қиын. Рас, мемлекет жәрдемақы төлеуге мол қаржы бөліп, жаңа еңбек реформасын жүргізуге тырысып бағуда. Бірақ кәсіподақтар бұл шаралардың оң нәтиже береріне сеніңкіремейді. Италияның Bruno Trentin қауымдастығының президенті Фульвио Фаммони «Заңды өзгерту арқылы жұмыссыздық мәселесін шешуге болады деу бос сөз. Одан түк өзгермейді. Біздің пікіріміз осы. Меніңше, мұнай арзандап, салық төмендеген осы кезеңді тиімді пайдаланып, қаржыны экономикаға қайта салу қажет», дейді. Бүгінгі Италияның жай-күйі осындай. Мұндағы халықтың экономикалық қиындықтардың туындауына Еуроодақты кінәлай бастауы жақсылықтың нышаны емес.Грекия тағы да алақанын жайды
Еуроодақтан бөлінеміз деп біріккен Грекия Еуропа орталық банкінен (ЕОБ) қысқа мерзімді несие алуды көздеп отыр. Бұл туралы елдің премьер-министрі Алексис Ципрас парламент отырысында хабарлады. Жаңа үкімет қарызға алғалы отырған бұл қаржыны елдегі қатаң үнемдеу саясатынан ең көп зардап шеккендерге гуманитарлық көмек ретінде жұмсамақ. Премьердің аталған мәлімдемесіне Еуроодақ елдерінің басшылары қалай қарайтыны әзірге белгісіз. Грекия үкімет басшысының сөзіне қарағанда, соңғы жылдары елдің ішкі жалпы өнімі 25 пайызға құлдыраған. Ал жұмыссыздар саны 1 млн.-нан асып кеткен. Бұл жұмысқа жарамды халықтың 25 пайызын құрайды. Тағы бір айта кетер жайт, біз бұған дейін мемлекеттің сыртқы қарызы 340 млрд. еуроны құрап отырғаны жөнінде бірнеше рет жазған болатынбыз. Алайда, соңғы мәліметтер бойынша, бұл көрсеткіштің аз ғана уақыттың ішінде едәуір өзгергені анықталды. Дәлірегі, Грекияның сыртқа берешегі 412 млрд. еуроға жетті. Айта кетейік, елге қаржылай көмек берудің қазіргі бағдарламасының мерзімі 28 ақпанда аяқталады. Егер Грекия үкіметі осы уақытқа дейін борышын өтеудің жаңа шарттары негізінде Еуропа орталық банкі, Халықаралық валюта қоры және Еурокомиссиямен келісіп үлгермесе, елдің жағдайы тым нашарлап кетеді. Нақтылай сөйлесек, үстіміздегі жылдың шілде, тамыз айларына қарай Грекияның берешегін өтеуге қаржысы қалмайды. Ал мұның ақыры дефолтқа ұрындыруы ықтимал. Орайы келіп тұрғанда тоқтала кетейік, бүгінде Афинаға ақылын айтып, жол сілтеушілер жетіп, артылады. Мәселен, АҚШ-тың федералды қорының бұрынғы басшысы Алан Гринспен Грекияға еуроаймақтан шығуға тура келетінін жеткізді. BBC-ге берген сұхбатында А.Гринспен еңсесі түскен Грекия экономикасына қолдау білдіріп, жаңа займдар бергісі келетін ешкімді көріп тұрмағанын айтады. Жаңа үкімет сыртқы қарыздарды өтеу мәселесіне қатысты келісімге келу үшін әрекет етіп жатқанына қарамастан, АҚШ федералды қорын 19 жыл басқарған саясаткер Грекияның Еуроодақтан шығуы қажет екенін мәлімдей келіп, «Бұл қадам Афина мен еуроаймаққа бірдей тиімді болады деп ойламаймын. Әйтсе де, уақыт өте мұның дәл қазіргі жағдайдағы ең ұтымды стратегия екенін бәрі түсінеді», деп аталмыш мемлекеттің еуроаймақтан кету мүмкіндігі туралы мәселеге түсініктеме берді. Сол сияқты, АҚШ-тың қаржы министрі Джек Лью мен Ұлыбритания қаржы министрі Джордж Осборн Грекияға өз экономикасын қалыпқа келтіру мақсатында құрылымдық реформа жасау үшін кешенді қадамдарға барғаны маңызды екенін жариялады. Бұл «Үлкен жиырмалыққа» енетін мемлекеттердің қаржы министрлері және орталық банк басшыларының Ыстамбұлда өтетін кездесуі алдында Wall Street Journal басылымына Джек Лью мен Джордж Осборн екеуінің бірлесіп жазған мақаласында айтылған. Нақтысына келсек, қос министр «G20-ға енетін әр мемлекеттің үкіметі өз елдерінің экономикасын қолдау мақсатында және «жиырмалықтың» ортақ мүдделерін, яғни әлем экономикасының динамикалық, тұрақты және кепілді өсуін жүзеге асыру үшін қолында бар барлық мүмкіндікті пайдалануға міндетті», деп өз үндеулерін жариялаған-ды («Жиырмалық тобы» (G20) – ғаламдық экономикалық және қаржы серіктестігіне қатысты мәселелерді талқылайтын алдыңғы қатарлы форум. «Үлкен жиырмалық» әлемдегі ірі дамыған және дамушы экономикаларды біріктіреді. Олардың әлемдік ІЖӨ-дегі үлес салмағы 85 пайызды құрайды. 2013 жылы G20-ға Ресей төраға болса, 2014 жылы бұл міндет Австралияға ауысты. Ал 2015 жылы аталған функцияны Түркия атқарады). Бұдан бұрын Грекияның премьер-министрі Алексис Ципрас ел билігінің қазіргі экономикалық дағдарыстан шығуына септігін тигізетін халықаралық бағдарламалардан бас тартуға ниетті екенін растаған болатын. Ол жексенбі күні кеште парламентте сөйлеген сөзінде 4 жылға жоспарланған үкіметтің өз бағдарламасын ұсынды. Ципрастың жоспары бойынша елде жеке инвестицияны қолдауға, халықаралық қарыз мәселесін шешуге, Германиядан басқыншылық кезінде кеткен шығындар үшін өтемақы талап етуге қатысты бірқатар реформалар жүзеге аспақ. Сонымен қатар, ол жұмыстан шығарылған мектеп күзетшілері мен қаржы министрлігіндегі еден жуушыларды қайта қабылдауды, ЖОО қызметкерлерін жұмыстан шығаруды тоқтатуды, әртүрлі меморандумдардың «айуандық қадамдарының» құрбаны болған барлық отбасыға тегін тамақ үлестіруді және тегін электр қуатымен қамтамасыз етуді кезек күттірмейтін мәселелердің қатарына қосты. Одан бөлек, премьер-министр кезең бойынша ең төмен жалақыны 751 еуро қылып бекітуге және салық салу жүйесін өзгертуге уәде берді. Дайындаған Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».