• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2015

Бізде жұмыс орны мен жалақы қысқармайды

196 рет
көрсетілді

  Ел Үкіметінің кеңейтілген жиынында Елбасы 2014 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап және биылғы атқарылатын істерге шолу жасай отырып, көптеген міндеттер жүктеді. Елбасының әсіресе, әлеуметтік мәселелерге назар аударып, жұмыс орындары мен жалақы көлемін қысқартпау туралы тапсырмалары барша жұмыс берушілерге ой салады деген сенімдемін. Бұл бағытта біздің кәсіпорын да біраз тірліктер атқарды. «Қазфосфат» негізінен экспорттық компания болып есептеледі. Яғни, өнімнің 94 пайызы шетелдерге өткеріледі. Компанияға қарасты 7 зауытта 6 200-ден астам жұмысшы еңбек етуде. Еліміздің аумағында фосфат өндіріп, оны өңдеп, тұтынушыларға теміржол көлігі арқылы жеткізіп беретін бірегей компанияның бірі. Бүгінде мұнда минералдық тыңайтқыш, сары фосфор, химия өнімдерінің 20 түрі өндіріледі. Әзірге негізгі табыстың 60 пайызы сары фосфор сатудан түсуде. Қазір өніміміз Еуроодақ, ТМД, Қытай, Жапония, Иран, Ауғанстан және Үндістанға жіберілуде. Әйтсе де, нарық талабы – қатал. Әлемдік қаржы дағдарысы біздің компанияның жұмысына да зиянын тигізбей отырған жоқ. Сондықтан да, біз өзімізде өндірілетін өнімнің сапасын тұрақты жақсартып, бәсекеге қабілеттілігіне ерекше көңіл бөлеміз. Зауыттың бүгінгі таңдағы ең басты тұтынушысы – Еуропа одағы елдері. Онан соң ТМД-ға мүше мемлекеттер. Өткен жылмен салыстырғанда зауыт өнімділігі биыл айтарлықтай артты. Жоғарыда айтқанымыздай, әлемдік нарықтағы кейбір қиындықтарға байланысты өнімді өткерудің мәселесі де жоқ емес. Соған қарамастан кәсіпорын алдағы жылы экстракциялы фосфор қышқылын шығаратын жаңа өндірістің алғашқы кезеңін аяқтауды жоспарлап отыр. Яғни, 2016 жылдан бастап фосфор тыңайтқыштары үш есеге көп шығарылады. Ал, екінші кезеңі 2020 жылы бітіп, компания 1 миллион тоннаға жуық тыңайтқыш шығаратын болады. Жақында ғана Жамбыл облысының әкімдігі, кәсіпорын басшылары және кәсіподақ комитеттері өзара ынтымақтастық туралы екі бағыттағы бірнеше келісімдерге қол жеткіздік. Бұл құжаттардың бас­ты мақсаты – жұмысшылардың еңбек құқықтары мен кепілдігін қамтамасыз ету. Сондықтан, біздің кәсіпорында жұмыс орнын, жалақы көлемін қысқарту деген болмайды. Осыған уәде беремін. Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты. ТАРАЗ.