ЕҚЫҰ-ның Венадағы штаб-пәтерінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» тақырыбы бойынша 1325 қарарының орындалу мәселесін қарауға арналған Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі форумның кезекті отырысы өтті.
Негізгі баяндаманы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова жасады. Ол ЕҚЫҰ-дағы Сербия төрағалығы кезінде гендерлік мәселелер жөніндегі бейресми жұмыс тобының жетекшісі болып тағайындалған болатын. Дүниежүзінде және ЕҚЫҰ жауапкершілігі бар аймақта 1325 қарарды іске асыру туралы жан-жақты ақпарат айтылған баяндаманы Ұйымға мүше елдердің делегациялары жоғары бағалады.
Б.Әйтімова ЕҚЫҰ-ның Венадағы гендерлік мәселелер жөніндегі бейресми жұмыс тобының отырысына да қатысып, ЕҚЫҰ-ның 2004 жылғы Гендерлік мәселелер жөніндегі жоспарына толықтырулар жобасын талқылауға жетекшілік етті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.