Мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев Ауғанстан Ислам Республикасы Парламенті Волеси Джиргасының Әйелдер мен балалар ісі комиссиясы төрағасының орынбасары Шукрия Пайкан Ахмадимен кездесті.
Ауған парламентшісі Астанаға Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Қазақстан жолы: Бірлік.Патриотизм.Реформалар» атты халықаралық конференцияға қатысу үшін келген болатын.
Тараптар Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға қосқан және ауған халқына жасаған ізгілікті көмегін атап өтті. Сондай-ақ, екіжақты ынтымақтастықты арттыру, оның ішінде сауда-экономикалық, мәдени-ізгілікті салаларды нығайту мәселелері талқыланды. Парламентаралық өзара байланыстың көкжиегін кеңейтуге айрықша назар аударылды.
Жүздесуге ауғандық парламентші Баз Мохаммад Джаузджани мен Мәжіліс депутаттары Мурат Ахмадиев және Самиғолла Оразов қатысты, деп хабарлады Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі.