Қазіргі уақытта әрбір үйге, әрбір отбасына қазақстандық келісім мәдениеті мен бейбітшіліктің негізгі қағидаттарын жеткізу өте маңызды. Бұл шара белсенді әрекетті қажет етеді. Осы орайда М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Жамбыл облысындағы Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Назарбаев: «Бір халық – бұл барлығымыз үшін ортақ отан. Бір тағдыр – бұл біз бірге жүріп өткен қиындықтар мен жеңістер!», деп қоғамға терең ой салғаны белгілі. Аналар кеңесінің құрылғанына көп уақыт болмаса да қарқынды жұмыс істеуде. Жуырда оның белсенді мүшелері, этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері республикалық Аналар кеңесінің бірінші форумына қатысып, татулық пен ынтымақ, бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті барлық халықты ізгі жолдарға біріктіретініне көз жеткізіп қайтыпты. Форумнан алған әсерлері де ерекше.
Аналар кеңесі қайырымдылық мақсатымен көп балалы, жалғызілікті аналарға, жетім балаларға, мүгедектерге, басқа да панасыз адамдарға моральдық және материалдық көмек көрсетеді. Тұрақтылықты нығайтып, отбасы құндылықтарын сақтауға бағытталған осындай іс-шараларды алдағы уақытта да өткізу жоспарланып отыр.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.