• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
20 Маусым, 2015

Ізгі іс қолға алынса игі

319 рет
көрсетілді

Мәжілісте палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Бақытбек Смағұл Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевқа депутаттық сауал жолдаған еді. Онда былай делінеді: «Тәуелсіздікпен бірге қаншама құндылықтарымыз құт-береке тұнған қазақтың қасиетті қара шаңырағына оралуда. Солардың қатарында ұлт үшін ұрысқан, Отан үшін тұрысқан біртуар батыр бабаларымыздың аттары да қайта жаңғырып, ұлықталуда. Бұл іс, әсіресе, «Нұр Отан» партиясынан қолдау тапқан биылғы Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы жылында аса өзекті деп білемін. Ел қорғау жолында жанын құрбан еткен, бүгінде тәуелсіз елдің ұрпағы үлгі тұтуға лайық ерлеріміздің бірі – бүкіл Орталық Азия елдері және қазақ арасынан шыққан тұңғыш генерал, бір емес, үш дивизияға басшылық еткен ­командир, Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рақымов. Ол 1902 жылы 25 қаңтарда қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Қазығұрт жерінде дүниеге келген. Оның отбасының сол тұста бақуатты адамдарға қарсы басталған қудалаудан құ­тылуға тырысып, Ташкент жаққа көшкені нақты деректерден мәлім. Ұлы Отан соғысы басталған, 1941 жылы С.Рақымов өз еркімен майданға аттанады. Оның мото­атқыштар дивизиясы генерал фон Буштың қару-жарағы жаңа, қуаты басым ірі күштеріне қарсы тұрған. Алапат жаудан айласын асырып, фашистердің соққы жасаушы күшін Туапсе қаласына жеткізбей, жау шебін кері шегіндіреді. 1943 жылдың басында оның дивизиясы Солтүстік Кавказдағы шабуыл операциясында жанқиярлық ерлік көрсетеді. Осылайша, Гитлердің Қап тауы етегіндегі елді мекендерді басып алу жоспарының күл-талқанын шығарады. Осы ерлігі үшін С.Рақымовқа 1943 жылдың 19 наурызында генерал-майор шені беріледі және сәуірде Мәскеуге, Бас штабтың К.Е.Ворошилов атындағы әскери ака­демиясына оқуға жіберіледі. Оқу­дан кейін де ол соғысқа қайта аттанған. 1944 жылы ІІ Беларусь майданында жүріп, ол Беларусь пен Польша жерін жаудан азат етеді. Даңқты қолбасшы, гвардия генералы Сабыр Рақымов 1945 жылы наурыз айының соңында, Ұлы Жеңіс күніне аз уақыт қалғанда Польшаның Данциг (қазіргі Гданьск) қаласы маңында асқан ерлікпен қаза тапты. Ол Өзбекстан астанасы Ташкенттің Кафанов паркіндегі бауырлас­тар зиратына әкелініп жерленіп, 1965 жылдың 6 мамырындағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен оған Кеңес Ода­ғының Батыры атағы берілді. Кезінде темір генерал атанған С.Рақымовтың басқа марапаттарын айтпағанның өзінде, ол екінші дәрежелі Кутузов, Суворов ордендерімен 4 мәрте жауынгерлік Қызыл Ту орденімен наградталған. 4 рет ауыр жарақат­танғанына қарамастан, алғы шепте соғысты. Бүгінде Жеңістің 70 жылды­ғына орай, «Қазақфильм» киностудиясы Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан арда­герлері» қауымдастығымен бір­лесе отырып, режиссер Тілеген Ахметовтің жетекшілігімен «Ге­нерал Сабыр Рақымов» деректі фильмін түсіріп аяқтады. Бір өкініштісі, 2011 жылы 7 қаңтарда, Ташкенттегі С.Рақымов ескерткіші орнынан алынып, Гафур Гулям атындағы парк аума­ғына көшірілді. Қазіргі кезде тұ­ғырсыз, «Сабыр Рақымов» деген тақтайшасыз қара жерде жатыр. Әрине, бұл – көрші елдің ішкі ісі. Біздің айтпағымыз, болашақ ұрпақ осындай ұлы бабаларын үлгі тұтуы үшін онымен байланысты тарихи жәдігерлер де Отанына қайтарылуға тиіс. Ташкенттегі Даңқ мұра­­жа­йында Сабыр Рақымов жара­лан­ған кезде маршал С.М.Буденный­дың сыйға берген алтын сапты қылышы, шинелі, бас киімі – папахасы, ма­рапаттары сақталған болатын. Бүгінде олардың бар­лығы мұражайдан алып тас­талып, сақтау қоймасында шаң басқан күйде жатыр. Өзбекстан бауырлас ел ғой, онда жақсы достарымыз да, жанашыр тілектестеріміз де барлығы сөзсіз. Сондықтан, құрметті Бердібек Мәшбекұлы, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі арқы­лы ресми хат жолдап, Қазақ­станның Өзбекстандағы елшілігі келіссөздер жүргізіп, ол жәді­гер­лерді елімізге әкелудің мүмкін­діктерін қарастыруыңызды сұраймыз. Бұл ерлік пен елдіктің сабақ­тастығы үшін ауадай қажет. Сабыр Рақымов сирек, даңқты батыр. Демек, оның есімімен және ерлігімен байланысты бас­ты заттар Қазақстанның орталық музейлерінен орын алса, ер есімі ескеріліп, ескерткіші Астана қаласынан бой көтерсе, бұл өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге зор үлес болып қосылар еді. «Тірісінде елін ерлікпен жаудан қорғаған, өлген соң, қадірі болмаған» деп ұрпақ жазғырмауы үшін Ұлы Жеңіс жылында осындай ізгі іс қолға алынса игі».