• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Маусым, 2015

Аймақтық форумдағы әңгіме – мемлекет келешегі

296 рет
көрсетілді

Шымкентте «Бес институттық реформа – 100 нақты қадам: ақпараттық қамту және ілгерілету» тақырыбында республикада алғаш рет аймақтық журналистер форумы өтті. Бар тіршілік болмысын, арманын өз жұртына арнап, өз алдына тәуелсіз мықты ел болуын армандап өткен Әлихан Бөкейханов: «Өз күшіне сенбеген адам да, халық та ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды», деген екен. Елбасы мемлекетіміздің даму жолдарын жүйелеген 100 нақты қадам арқылы алдағы уақытта не істелу керектігін жік-жігімен тарқатып берді. «100 нақты қадам» – бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап, соны­мен бірге, жаңа тарихи жағдайларда елі­міз­дің дамыған мемлекеттердің отыз­­­­­­ды­ғына кіруі жөніндегі жос­пары. Ал фо­румда «Ақпараттық қам­ту және іл­герілету», «Мәңгілік Ел қазақ­­­стан­дық біртектілік идеяларын жүзеге асыру», «БАҚ-тағы, интер­­­­нет­тегі бұқа­ралық ақпараттың жаңа буын­­дарын қалыптастыру», «Бар­шаға арналған қазіргі заманғы идеяны жүзеге асырудың негіздері» тақырып­тары бойынша пікір алмасулар ұйымдастырылды. Аймақтық және облыстық ақпарат құралдарының өкілдері жиылған бас­қосуда құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр 100 нақты қадамның Елбасы Үкіметке міндеттеген озық отыз елдің қатарына кіруде мықты баспалдақтар екендігін атап өтті. ‒ Үш миллионға жуық тұрғыны бар Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы 236 бұқаралық ақпарат құра­лы бар. Олардың 175-і газет бол­са, 37-і журнал, 12-і телеарна, 3-уі радио. Бұған қоса, 9 интернет ресурс халыққа жылдам әрі толымды ақпарат таратуда. БАҚ өкілдерін, Елбасы айтқандай, бір ұлт болып ұйысуға, ілгерілеуге, Ұлт жоспары мақсатында атқарылған шараларға белсене қатысып, ақпаратпен қамтуға шақырамыз, ‒ деді Е.Садыр. Өңірлердегі бұқаралық ақпарат құралдарының басын қосқан бұл форумға «Ара.kz» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы сатира кеңесінің төрағасы К.Әмір­бек, «Түркістан» газетінің бас редакторы Ш.Паттеев, «Айқын» газе­тінің бас редакторы Н.Жүсіп, Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің директор-бас редакторы К.Сәттібайұлы, «Қазақстан-2050» Жал­пыұлттық қозғалысының медиа-директоры Қ.Әуесбайұлы, Қазақ­­стан Стратегиялық зерттеу­лер инс­титутының сарапшысы Ж.Жұмә­ділов сынды білікті журналистер Астана, Алматы, Қызылорда, Жамбыл мен Шы­ғ­ыс Қазақстан облыстарынан қаты­сып, өз ойларын ортаға салды. Облыс әкімдігі ұйытқы болып, рес­публикада ақпарат құралдары арасында алғашқылардың бірі болып өткізілген алқа-қотан кеңесте сөз алған Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі сая­сат және дін істері басқармасының басшысы Берік Құрманғали: – Мемлекет басшысының бес инс­титуттық реформасын жүзеге асыру­дың 100 нақты қадамының 90-қада­мында БАҚ-та, интернетте, сондай-ақ, әлеуметтік желілерде қазақстандық біртектілік идеяларын жүзеге асыруды ақпараттық қамту және ілгерілету туралы тапсырмасын орындау, жергілікті билік пен БАҚ арасындағы байланысты одан әрі нығайту, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен насихаттау мақсатында «Оңтүстік» ақпарат орталығы құрылып, жұмыс жасау­да. Аталған орталықта жауапты басшылар күнделікті өтетін брифингтерге қатысып, билік пен БАҚ арасында ашық үнқатысу алаңын орнатты. Мұнда күн сайын баспасөз мәслихаттары ұйымдастырылып, өңірде жасалып жатқан жұмыстар баян­далуда, ‒ деді. Форумда келелі мәселелер, нақты ұсыныстар, өткір сын да айтыл­ды. Қазақ халқының ұлттық құнды­лықтарына орыс тілді басылымдардың немқұрайдылау қарайтындығы, жана­шырлықпен терең қаузап жазбай­тындығы спикерлердің сөйлеген сөздерінде нақты мысалмен көрінді. Бұл дұрыс та шығар. Әйтсе де, медальдің екінші жағы болатындығын да ұмытпаған ләзім. Елбасы «Мәңгілік Ел» идеясы арқылы Қазақстан халқын бір мақсат, бір мүдде төңірегінде топтастыруға күш салып отыр. Өткенде Оңтүстікке келгенде Әбіш Кекілбаев ағамыз «еліміз тәуел­сіздік алғанда қазақтардың үлесі 40 пайызға жетпеген еді» деген деректі алға тарт­қан. Қазақстанға тағдыр-тала­йымен келген ондаған ұлттар мен ұлыстар Елбасының сындарлы сая­са­тының арқасында мемлекетіміздің тұтастығы үшін дауыс берді. Ата-баба аңсаған тәуелсіздікте олардың асқар тау­дай үлесі бар. Бүгінде өз қолым өз аузыма жетті деп оларды арғы жағалауға ысырып қоюға болмайды. «Алтау ала болса, ауыздағының кетіп, төртеу түгел болғанда төбедегінің келетінін» ұғып болдық қой. Біздіңше, осындай талқылау, ашық үнқатысуға оларды да шақырып, пікір­­­­лерін тыңдаған артық болмас еді. Сон­да арада әжік-күжік артық әңгіме емес, өзара түсіністік жүреді. «Кеңесіп піш­кен топ келте болмайды» деген ғой біздікі. Қорыта айтқанда, форум жоғары деңгейде өтті. Осында айтылған ұсы­ныс­тар мен пікірлер екшеліп, жинақ­талып ел пайдасына жұмыс жасайтын болады. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.