• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2015

Жуырда банк несиелері теңгемен беріле бастайды

235 рет
көрсетілді

АСТАНА. 12 ақпан. Жуық арада елімізде несиені теңгемен беру басталады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовтің сөзіне сілтеме жасаған Tengrinews.kz хабарлады. Ұлттық банк төрағасы мұны Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде айтты. Қайрат Келімбетов журналистердің: «Неге екінші дәрежелі банктер несиені ұлттық валютамен емес, доллармен беріп жатыр?» деген сұрағына жауап берді. «Банктер бір сәттік девальвация болады деп есептегендіктен, сондай табиғи реакция болды, олар бір жағынан валюта несиесін беру жолымен өз валюта қауіптерін сақтандырды, екінші жағынан оларда теңгенің беріктігіне қатысты оқыс тапшылық байқалды», - деді ол. Ұлттық банк басшысы жуық арада бұл мәселе шешілетінін айтып, ешқандай бір сәттік девальвация болмайтынын тағы қайталады. «Бәрі сабырға келіп, алдыңғы жылдары болған қалыпты, іскерлік айналымға кірісуі керек, яғни теңгеден долларға қайтадан жаппай айырбастау басталады. Мен тағы да еске салғым келеді - теңге депозиттері 10 пайызға дейін, доллар түріндегі депозиттер үш пайыздан аспайтын мөлшерде табыс табуға мүмкіндік береді. Сәйкесінше, олар үшін де, жеке заңды тұлғалар үшін де, квазимемлекеттік ұйымдар үшін де валюта қаупі жоқ. Қысқамерзімді тапшылық кезеңінде біз тиісті қаражатты екінші дәрежелі банктерге ұсынатын боламыз. Олар ең таяу арада несиені теңгемен бере бастайды деп ойлаймын», - деді Қайрат Келімбетов. Оның пікірінше, бұл шаралар экономикадағы ахуалды тұрақтандырады. Еске салайық, 11 ақпан күні Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізген еді. Оның барысында Нұрсұлтан Назарбаев халықты «теңге бағамының өзгеру мүмкіндігі туралы қауесеттерге сенбеуге» шақырды. Сәкен Майлыбай. Дерек, фото: Tengrinews.kz.