• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2015

Буллиттен бұйырғаны бір-ақ ұпай

221 рет
көрсетілді

АСТАНА. 12 ақпан. Астаналық «Барыс» хоккей командасы сырт айдында новокузнецкілік «Металлургтан» (Ресей) ойын соңындағы буллит арқылы жеңілді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Ойынның небәрі 2-минутында қонақтар есеп ашты. Кэвин Даллмэн мен Оскарс Бартулис бастаған шабуылға нүкте қойып, көк жолақтың бойынан тамаша соққы жасаған Олег Кваша командасын алға шығарды. Кваша үшін бұл «Барыс» сапындағы биылғы маусымның алғашқы шайбасы. Осы голдан кейін «Металлургтың» бас жаттықтырушысы Герман Титов қақпашысын ауыстырып, Рафаэль Хакимовтың орнына Никита Ложкинді шығарды. Есепте алға шыққан астаналықтар ойынды өз бақылауларында ұстап, бірнеше жойқын шабуылдар ұйымдастырды. Тіпті, есепті еселейтін де тамаша мүмкіндік болған еді. Алайда, қақпашымен бетпе-бет шыққан Талғат Жайлауовқа сәттілік жетіспеді. Айдын иелері үзіліске бір минут қалған кезде ғана есепті теңестіруге мүмкіндік тапты. Михаил Плотниковтан пас алған Александр Комаристый «Барыс» қақпашысы Павел Полуектовтан айласын асырды. Екінші кезең аса тартысты өткенімен, таблодағы есеп өзгерген жоқ. Келесі шешуші кезеңде Андрей Назаровтың шәкірттері белсенді көрінді. Тіпті 48-минутта Николай Антроповтан пас алған Роман Старченко командасының екінші шайбасын соғып, «Барыс» тағы да алға шықты. Арада үш минут өткенде новокузнецкіліктер таразы басын екінші рет теңестірді. Бұл сәтте «Барыс» сапынан Найджел Доус екі минуттық айып уақытымен жазаланып, «Металлург» ойыншы басымдығына ие болғанын айта кетейік. Аталған голдың авторы Сергей Дорофеев. Негізгі уақыт 2:2 есебімен аяқталып, қарсыластар 5 минуттық қосымша таймға жүгінді. Дегенмен, бұл кезеңде есеп өзгермей, жеңімпаз ойын соңындағы буллит арқылы анықталды. Буллитті «Барыс» ойыншылары бастады. Алғаш болып Роман Старченко шайбаға жақындады. Алайда, бұл жекпе-жекте «Металлург» қақпашысы Никита Ложкиннің шеберлігі басым болды. Өз кезегінде айдын иелері сапынан америкалық легионер Кейд Фэйрчайлд Полуектовтан оңай айласын асырып, командасын ойын барысында алғаш рет есепте алға шығарды. Өкінішке қарай, «Барыс» сапынан Константин Пушкарев пен Найджел Доус та Старченконың кебін құшып, өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Соның нәтижесінде, новокузнецкілік команда жалпы ойында 3:2 есебімен жеңіске жетті. «Барыс» әзірге 78 ұпаймен Шығыс конференциясындағы 6-орнын сақтап тұр. Осы конференциядағы басты бәсекелесіміз уфалық «Салават Юлаев» 77 ұпаймен өкшемізді басып келеді. Астаналықтар Құрлықтық хоккей лигасындағы келесі ойынын 13 ақпан күні Новосибирскінің «Сибиріне» қарсы өткізеді. Айта кетер жайт, қазірдің өзінде Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионатын жеңіп алған команда белгілі. Соңғы ойынын словакиялық «Слован» командасына қарсы өткізген мәскеулік ЦСКА қарсыластарының қақпасына жауапсыз 12 шайба соғып, рекордты есеппен жеңіске жетті. ҚХЛ тарихында бұрын-соңды 12:0 есебі тіркелмеген еді. Плей-офф сатысына дейін әлі 6 тур қалғанына қарамастан, мәскеуліктер осы жеңісінен кейін жалпы турнир кестесінде топ жарды. Олардың қоржынында бүгінде 129 ұпай бар. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: metallurg-nk.ru.