АСТАНА. 12 ақпан. Испанияның Гранада қаласында өтіп жатқан қысқы Универсиада ойындарында хоккейден ерлер арасындағы бәсекеде Қазақстан құрамасы жартылай финалға шықты. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Ширек финалда хоккейшілеріміз Жапония құрамасымен күш сынасты. Бұл Азиядағы басты қарсыласымыз саналатын Жапониямен осы Универсиададағы екінші ойынымыз. Бұған дейін топтық кезеңде 3:2 есебімен жеңгенімізді айта кетейік. Ал тобымыздағы келесі команда АҚШ-тан ойын соңындағы буллит арқылы 3:2 есебімен жеңілуге мәжбүр болдық. Десек те, бұл жеңіліс біздің құрамаға «С» тобында бірінші орын алуға еш кедергі болмады.
Ширек финалдық ойында қазақстандық хоккейшілер күн шығыс елінің қақпасына 4 шайба соқты. Оның екеуі алғашқы кезеңде тіркелді. Ойынның 8-минутында Дәулет Кенбаев пен Нұрсұлтан Белгібаев ұйымдастырған шабуыл Юлиян Поповичтің дәл соққысымен аяқталды. Арада 3 минут уақыт өткен кезде Михаил Качулин мергендігімен көзге түсіп, командамыздың екінші шайбасын соқты.
Келесі кезеңде жапондықтар айтарлықтай қарсылық көрсетті. Ойынның 27-минутында Михаил Смольников қорғаған қақпадан саңылау тапқан жапондар Шун Татеданың мергендігімен есепті қысқартты.
Ал үшінші кезең толығымен Қазақстанның басымдығымен өтті. Кездесудің 47-минутында Данияр Ахметовтен пас алған Владислав Елаков есепті 3:1-ге жеткізді. Жапонияның бас жаттықтырушысы тартыстың аяқталуына 2 минут қалған кезде қақпашы Шун Хитомидің орнына алтыншы ойыншыны шығарды. Алайда, оның бұл әрекеті оң нәтиже бермей, 59-минутта Владимир Гребенщиков бос қақпаны дәл көздеп, командамыздың 4-шайбасын соқты. Нәтижесінде, 4:1 есебімен ірі жеңіске қол жеткізген Қазақстан құрамасы жартылай финалда ойнау мүмкіндігіне ие болды. Бұл кезеңдегі қарсыласымыз Чехия құрамасы. Қос команда арасындағы тартыс 13 ақпан күні өтеді. Келесі жартылай финалдық бәсекеде Канада мен Ресей шешуші сынға берілер жолдаманы сарапқа салады.
Универсиада ойындары 14 ақпанда аяқталатыны белгілі. Әзірге қоржынымызда 5 алтын және 5 күміс медаль бар. Бұл көрсеткішпен жалпы командалық турнир кестесінде екінші орында келеміз. Көш басына 17 алтын, 15 күміс және 17 қола медалі бар Ресей жайғасқан. Ал үздік үштікті Германия спортшылары түйіндеп тұр. Олардың еншісінде 3 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль бар.
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: granada2015.org.