• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2015

Автопарк мың адамға жұмыс береді

364 рет
көрсетілді

Ойпаңда отырған Алматыдай емес, қыратта-ақ орналасқан Шым­кент экологиялық ахуалымен мақтана алмайды. Қазақстан бойынша автомашиналардың көптігінен алдыңғы орынды бермейтін облыс көліктердің улы түтініне тұншығып, өкпесін қолына алардай демігер еді. Қоғамдық көліктердің сапасы да сын көтермейтін. Енді міне, қалаға метан газымен жү­ретін жаңа 200 автобус әкелінді. Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы алаңда жолаушыларды тасымалдайтын автобустардың таныстырылымына облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев пен қала әкімі Дар­хан Сатыбалды қатысып, сөз сөйледі. – Автобустардың жалпы құны 2,5 млрд. теңге, – деді Сапарбек Тұяқбаев. – Көліктерге газ құятын компрессорлық стансаның ашылу рәсімі жақын арада өтеді. Автопарк толығымен іске қосылғанда мыңға тарта жұмыс орны ашылады. Жанар-жағармаймен жүретін көліктерге қа­рағанда бұл автобустар көмір қыш­қыл газын 80 пайызға дейін аз бөледі. «Green bus company» ЖШС алып келген 120 автобустың ұзындығы 10 метр, орындық саны 33, жалпы сыйымдылығы 85 адам. Ал, 80 автобустың сыйымдылығы 70 адамға лайықталған. Сонымен қатар, жаңа автобустарда диспетчерлік бақылауды реттеу үшін GPS навигаторлармен және жолаушылар үшін тегін WI-FI орнатылған. Шымкентте бүгінгі таңда жолаушылар саны 250 мың адамнан асады. Тұрғындардың 31 пайызы қоғамдық көліктердің қызметіне жүгінеді. Жалпы, бұл салада 33 көлік компаниясы 86 бағытта жолаушыларға қызмет көрсетуде. Осы автобустарға арналған газ құю бекетінің құны жеке инвес­торларға 5 млн. АҚШ долларына түскен. Бекетте орналасқан заманауи құрылғылар бір мезетте 8 автобусқа газ құя алады. Айта кету керек, табиғи метан газының 1 литрі бүгінде 54 теңгені құрайды. «Green bus company» ЖШС бұл ретте аталмыш тасымал көліктерін автобус шығару саласында әлемде көшбасшы болып табылатын Қытай Халық Республикасының «Ютонг» және «Голден дракон» зауыттарынан сатып алыпты. Сұйытылған метан газымен жүретін, экологиялық тұрғыдан алғанда таза әрі сыйымдылығы үлкен мұндай автобустар Шымкент қаласына алғаш рет жеткізілгенін де атай кеткен жөн. Автобустардың жалпы құны 2,5 миллиард теңгені құрайды. Бұл үшін қажетті қаражатты серіктестікке «Qazaq Banki» АҚ ұсыныпты. «Жаңа жеткізілген автобустар қаланың экологиялық ахуалын жақсартуда тиімді қадам болып отыр, дейді «Green bus company» ЖШС-нің директоры Б.Күлішев. Аталмыш жолаушылар көлігі екі жылдық қызмет көрсету кепілдемесімен алынды. Сонымен қатар, жергілікті техникалық қызметкерлерді дайындап, олардың біліктілік деңгейін жетілдіру үшін өндіруші зауыттың 5 маманы өз қолғабысын көрсететін болады». Жаңа автобустар маршруттары бойынша жұмысқа кірісті. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». ШЫМКЕНТ.