• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
30 Маусым, 2010

“БІЗДІ БИІКТЕТКЕН ТЕМІРТАУ”

1023 рет
көрсетілді

Еліміздің өткен ғасырдың екінші жартысындағы тарихында елеулі бір белестің Арқа төсінде орнаған жаңа өндіріс ошағынан тамыр тартқаны аян. Осы күнгі әйгілі металлургия комбинатының ізашары соғыс өрті өршіп тұрған шақта ірге көтерген Қазақ металлургия зауыты болған еді. Бұл саладағы алыпқа айналуы 1960 жылдың 3 шілдесінде бірінші домна пеші іске қосылып, қазақстандық тұңғыш шойын алудан басталды. Содан сабақтасып, өрілген өзгерістер өрі қазір биік. Соның негізін беріктірген Еламан Байғазиев, Алтынбек Дәрібаев, Сергей Дрожжин, Төлеген Адам-Юсупов, Алексей Панченко, Арғын Жүнісов, Александр Хвостов сынды Магнитка тарландары қатарында болашақ Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың болуын теміртаулықтар мақтаныш тұтады. Горновойлықтан Мемлекет басшысына дейін өскен ұлы жолдағы терең із комбинат, қала шежіресімен астасып жатыр. Ол, әсіресе, кезінде бірге от ауыздықтап, қоян-қолтықтаса еңбек еткен жандарға етене таныс. Соған орай байырғы болат балқытушы Арғын Жүнісовті, бір бригадада иық тірестіре жұмыс істеген Владимир Колбасаны, Днепродзержинск техникалық училищесінен түлектес Алтынбек Асановты, сыйластықтары жарасқан Владимир Кауцты әңгімеге тартқан едік. Арғын ЖҮНІСОВ, КСРО-ның құрметті және Қазақстанның еңбек сіңірген металлургі: – Менің тағдырым Теміртаумен біте тамырлас. Қазір қарап отырсам, сексен­нен асқан жасымның алпыс үш жылы осы қала тынысымен тығыз ұштасқан екен. Соғыстың қиын кезеңінде ауыр жұмысқа ерте ара­ласқан барша жеткін­шектердей Ақмоланың Жолымбет кені­шінде үлкендермен қоса қолыма қайла ұстадым. Сонда 14 жастағы бозөкпе бала едім. Қабырға қатаймаған, буын бекімеген кез. Бірақ өмір тез есейтетін уақыттар болады емес пе?! Сол маңдай­ы­мызға жазылған шығар, қызық шақтың қызы­ғын көре алмай ержеттік. Есесіне еңбекке ысылдық, тіршіліктің ыстық-суығына төселдік, ғұмырлық серік іске беріктік болды. Майданнан аман-есен оралған ағам Кабир Теміртауда енді-енді қадам түзеп келе жатқан Қазақ металлургия зауыты­ның комсомол комитеті хатшысына тағайын­далған бетте бүткіл отбасымызды көшіріп алды. Өзім аға ақылымен соған жұмысқа орналастым. Дәлін айтқанда, 1947 жылдан 1998 жылға дейін 51 жыл бойы табан аудармастан бір кәсіпорында еңбек еттім. Бұл өзі жартығасырлық еңбек белесі ғой. Соның тең жартысы мартен пешінің алдында өтті. Біз тағдырымызды Теміртаумен тоғыстырған алғашқы жас лек болсақ, арадағы он жылдан соң қатарымызды толықтырушылар көбейген үстіне көбейе түсті. Бұлар комсомолдық жолдамамен, кейбірі өз еріктерімен болашағы зор өндірісті өркендетуге үлес қосуды мақсат етушілер болатын. Әсіресе, бірінші домна пешінің іске қосылуы алдында комбинат жұмысшылар құрамы тіпті жасарып кеткендей-ді. Алыстан ағылған мыңдаған жігіттер мен қыздар арасынан өзіміздің қандас бауырларымызды жиірек көрген сайын көңіліміз марқайып қалады. Солардың ішінен үлкен бір шоғыры металлург мамандарын даярлаудың үздік мектебі саналатын Днепродзержинск техникалық училищесіне оқуға жіберіл­генін естіп жүруші едік, екі жылдан кейін іс үстінде таныдық. Ал көзге ерек түскені Нұрсұлтан Назарбаев атты ініміз болды. Қазақстандық тұңғыш шойын алушы бригадаға қамтылу, мұндай сенім учи­лище қабырғасынан жаңада ғана қанат­танған жігітке жайдан-жай көрсетілме­гендігі басқа-басқа, бізге бірден білінді. Жасыратыны жоқ, ол кезде қазақ жаста­рының өндірістің жау­ап­ты буындарына тартылуы сирек-тін. Тү­сініксіз самар­қаулық тыйылып, сең қоз­ғалғандай бұл құбылысқа қуанып қалдық. Сол ұмытылмас күні шойын селін ағызушылардың іс-қимылдары сәттілігіне тілеуқор болушылардың бірі ретінде менің назарым әріптес бауырыма еріксіз ауа бергені есімде. Жан-жақтан қадағалау­шылар көп. Кемістік жіберіп алмаса деп толқимын. Байқаймын, қозғалыс-әрекеті өз міндет­теріне мүлтіксіз горновойлардай ширақ. Ішімнен “Болғалы тұрғалы жігітсің-ау” деп ойлап, жанымдағыларға мақтана қарап қоямын. Сөйтсем, бір мен емес, ниеттес ағайындардың бәрі сондай қуанышта екен. Кейінде жақын таныстық, араласа бастадық. Кездесулерде інілік ілтипатпен алдымен сәлем беріп, емен-жарқын әңгі­ме­лерге тарта жөнелетіндігі, білмегенін сұрап, металлургия өндірісінің мән-жайына қаны­ғуға ынтызарлығы одан сайын сыйласты­ғымызды жарастыра берді. Менің негізгі міндетім мартен буынына қатысты болған­дықтан, қоян-қолтықтаса жұмыс істесе қоймасам да, тәжірибем бар, ағалы­ғым бар ақыл-кеңесімді айтудан аянбаймын. Содан он жылға жуық домнада еңбек етті. Онда жұмыс істеудің аса қиындығын, оған екінің бірі төзе бермейтіндігін тек металлургтер біледі. Нұрсұлтан інімнің ел басқарудағы қазіргі қажырлы қайраты сондағы шың­далыстан болар деп ойлаймын. Елбасынан бастап талай тарлан тұлғаларды түлетіп ұшырған Қазақстан Магниткасынан мен де бақытым жанған жандардың бірімін. Ұзақ жылдар мартен пеші алдында төгілген маңдай терім жоғары бағаланып, Ленин және Октябрь революциясы ордендерімен марапаттал­дым. КСРО-ның құрметті, Қазақстанның еңбек сіңірген металлургі атандым. Осындай қуанышты сәттерімде Нұрсұлтан Әбішұлы елден бұрын құттықтап, мерейімнің өсе беруіне тілек білдіретін. Еңбек адамын қастерлей білудің биік мәдениеттілігін бүгінде бәрімізге айнымаған адал көңілінен сезіп жүреміз. Маған кейде қазақтың тұңғыш ме­таллургісіз деген қолпаштаулар айтылып қалып жатады. Кім дәріптегенді жек көрсін, алайда, алдымда Еламан Байға­зиев, Алтынбек Дәрібаев сынды ұс­таздарым бар. Бұл теңеуге солар лайық деп санаймын. Шүкір, қазір Жүнісовтер әулетінен шыққан металлургтер бір шоғыр. Ізімді балаларым, інілерім басып, комбинатта жалғастырып келеді. Абырой-беделдері тәп-тәуір. Соған қуанамын. Заман та­лабына сәйкес жаңартылып, жаңғыр­тылған техникаларды шебер басқаруды меңгеріп алған, соны ұршықша үйіретін жастардың орнымызды басқанына қуа­намын. Жұмасына бір соқпасам көңілім көншімес байырғы ортамның айдан-айға танығысыз өзгерісі разылық өсіреді. Автоматтан­ды­рыл­ған, компью­терлен­дірілген жұмыс буын­дарына қызығып кетемін. Түтін, газ иісінен арылған, айналасы тап-таза цехтар бұрын біз армандайтын көрініспен алдан шығады. Әттең, жас ұлғайды, әйтпесе, қайта ора­лып, кәнігі іске кірісіп кеткім келіп тұрады. Жақында бір барғанда үздіксіз қаңылтыр қақтау цехын арнайы араладым. Жұрттың бәрі таниды ғой. Құшақтарын жая қарсы алып, іс барысын баяндады. Байырғы ме­таллург ретінде онсыз да жағдайды жазбай аңғардым. Ауысымдары үстінен түскен Виктор Соловьев жетекшілік ететін бригада қимылы ұнады. Құрамы жағынан шағын ұжым былтыр 170 мың тонна қаңылтыр қақтапты. Биылғы бес айдағы көрсеткіш 72 мың тоннадан асып жығылыпты. Белгіленген тапсырманың толық орындалуы жігіттердің міндеттеріне жетіктігін көрсетеді. Бастапқы қалыңдығы 2,3 см болатты жұп-жұқа қаңылтырға айналдыру нағыз шеберліктің белгісі. Бізді биіктеткен Теміртау еңбекке адал азаматтарды биіктете берері хақ. Жалпы алғанда комбинатымыздың қазіргі қадамы қуанарлықтай. Өтпелі кезең қиындықтарынан кейін қайта өрлеуге бет бұруы Елбасы талап-кеңесінің арқасында екенін білеміз. Қанаттанған ортасына жанашырлығына ризалығымыз бөлек. Енді бірер күннен кейін қазақстандық тұңғыш шойынның алынғанына 50 жыл толғалы отыр. Қала, аймақ, қала берді ел өміріндегі осынау елеулі оқиғаға Тұңғыш Президентіміздің қатысатындығын естіп, қуанып жатырмыз. Нұрекеңді өз адам­дарындай көретін теміртаулықтар бұл жолғы мәні де, жөні де бөлек кездесуді тағатсыздана күтуде. Владимир КОЛБАСА, “Парасат” орденінің иегері: – Түпкілікті қалаған кәсібімнен қырық жыл бойында қол үзбей, сол арқылы абырой-беделге бөленіп, құрметті демалысқа шыққан менің өз тағдырыма өкпем жоқ. Қазір уақыт кең болған соң еңбек жолымды қалай өткергенімді жиі еске түсіремін. Шындығын айтқанда, мақтан тұтуға тұрарлықтай екеніне мерейленіп әрі мәртебеленіп қаламын. Адамға асыл бір бақыт осы шығар. Әр кезеңнің өзіндік аса маңызды шақтары болатындығы белгілі. Біз үшін өткендегі 50-і жылдар соңында Теміртау қаласын дүр сілкіндірген жасампаз жұмыс дабылы өміріміздегі өшпес оқиға. Оның он сегіздегі жалындаған кезімізбен тұспа-тұс келуі ғажаптығын қараңызшы. Ол уақыттың бір ерекшелігі, алыс-жа­қындағы дүбірлі құбылыстарға құлағымыз түрік болатын, соған елеңдеп жүретінбіз. Күніне радиодан, газеттер беттерінен Теміртау, Қазақстан Маг­ниткасы деп жаң­ғырыққан сөздер арман буған жүрегі­мізді одан сайын буыр­қантатын-ды. Ук­раинаның Мариуполь қаласындағы кә­сіптік-техникалық мектептің түлегі ретін­де мен сол ортадан табылуды қаладым. Келсек, қала деген аты болмаса, екі-үш көшенің ар жағы ұшы-қиырсыз дала. Дегенмен, ана тұста да, мына тұста да жыпырлаған құрылыс. Қайда да өңшең өзіміз құралпы өрендер. Жастық шақта анау-мынау қиындық елең етілмейтіндей, оншалықты сезілмейтіндей болатын. Бірден жұбымыз жарасқан түрлі жүзді құрбы-құрдастар ортақ іске жұмылдық. Алғаш естіп-білгеніміз: бірінші домна пешінің пайдалануға берілуі жақындап қалған көрінеді. Онда еңбек етуге мамандар таңдалып алына бастапты. Сондай-ақ, тұңғыш шойын балқытатын бригада құрамы жасақталып жатқан­дығынан да хабардармыз. Шіркін, соған тартылсақ, сонау қияннан бостан-босқа келмегенімізді дәлелдесек дейміз. Бір күні тілеуім алдан шықты. Сірә, горновойлық мамандығым және Мариу­поль металлур­гиялық зауытындағы тәжіри­бем бары ескерілсе керек, жауапты міндетті атқару жүктелген Борис Яговитовтың бригада­сына қабылданыппын. Мұны естігенде қандайлық қуанышқа бөленгенім айтып жеткізгісіз. Біздің басымызды алдын-ала қосып, бірнеше күн шойын алу үрдісін үйретті. Жаңа ортада өзгеше көзге түсетін аза­маттар болады ғой. Сонда алғаш рет танысқан Нұрсұлтан Назарбаев сондай көрінді. Кейін білсем, маған ғана емес, басқаларға да солай көрінген екен. Бітімі келісті, ойы ұшқыр, сөзі салмақты, серіктестерімен қарым-қатынаста еркін, жолдастыққа ашық жігіт еріксіз бауыр тартқызғандай еді. Әсіресе, екеуміздің сыйластығымыз тереңірек жарасып кетті. Шойын балқыту сәтті өтті. Бұл еңбек баспалдағымыздағы алғашқы сынақ болды. Байқаймыз, қадамымыз көпші­лікке ұнаған сияқты. Тапсырмаларға тиянақтымыз. Бастапқыда жылына 270 мың тонна шойын алынса, сосын 5 миллион тоннаға ұласты. Бұған біздің бригаданың үлесі әрдайым үлкен болатын. Әр адам мінез-құлығы, қабілет-қа­сиеті жақын аралас-құраластықта таныла түсер емес пе. Біз сол кездің өзінде Сұлтанның (солай атайтынбыз) түбінде бір жерден жарып шығатындығына күмәніміз жоқ-тын. Несін жасыралық, ыстық домна пеші алдындағы ауыр жұмыстан соң шаршап-шалдығып қайтамыз, төсекке құлай кетеміз, бір уақыт демалуға құштармыз. Ал Сұлтан болса кітапханаға тартады. Қоғамдық жұмыстар бел ортасында жүреді. Днеп­родзер­жинскіде серік еткен спортқа әуестігін де тастамайды. Мерекелік шараларда орыс, украин, қазақ әндерін шырқап, орта­мыздың қызық-думанын көріктендіріп жібереді. Комсомолдың Мәскеудегі кезекті съезіне делегат сайлау ұсыныл­ғанда бәрімізге жақын әріптесіміздің кандидатурасын бірауыздан қолдадық. Нұрсұлтан Әбішұлы кейінде жоғары қызметтерге жоғарылау кезінде де бізбен достық байланысты үзбеді. Өндірісте әртүрлі жағдайлар ұшырасып жатады. Сондайда мәселе мәнісін жеткізуге Сұлтанға барамыз. Комбинат партия комитетінің хатшысы міндетін атқаруға көтерілген ол кабинетіне кезексіз, рұқсатсыз кіруге кібіртіктеп қалғаны­мызды байқап қалса, орнынан ұшып түрегеле, дереу төрге бастайды. Әрқай­сымыздың хал-жағдайымызды сұрап алысымен бүкпесіз әңгімеге ынта қояды. Қолдан келер шаруаға кесімді мінезін білетін біз тілек-ұсынысымыздың жерде қалмайтындығына сеніп қайтамыз. Солай болып та жататын. Мінеки, содан беріде біраз жылдар өтсе де Елбасының кешегі еңбектес серіктеріне шынайы пейілі, қарапайым­дылық ілтипаты айнымаған қалпында екенін Теміртауға келген жұмыс сапар­ларында байқап, көріп жүрміз. Кезде­сулерде мені іздестіріп, жа­нында болғанымды қалайды. Жүрекке ыстық шақтар еске түсіріліп, мәре-сәре болып қа­ламыз. Тұңғыш шойын алудың 40 жыл­ды­ғында кезіндегідей қатар тұрып шойын селін ағыздық. Горновой зей­неткерді Пре­зиденттің өзі дос тұтқанына бақыттымын. Зер салсам, біздің әулеттің Қазақстан Магниткасындағы жиынтық еңбек өтіліне биыл 200 жыл толғалы тұр. Ағам Иван, інім Григорий, қарындасым Анна, зайыбым Валентина, бір сөзбен айтқанда, бәріміз еңбек, өмір жолымыз Қарметте өріліп, біте қайнасып кеткен. Барша қазақстандықтардың мүдде-мақсатын біріктіріп, туысқандық тұтастықты тереңдетіп, экономиканы дамытып, еліміз атақ-даңқын асыра түскен Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың бұл ұлы жолдағы еңбегі жеңіл еместігі анық. Теміртауымызда шың­дал­ған қажыр-қайрат соның тірегі екенін сеземін. Халқымыздың бақыты үшін күрестегі жеңісі биіктеп, жемісі мәуелене түсуін тілеймін. Алтынбек Асанов, Қазақстанның еңбек сіңірген металлургі: – Бұдан үш жыл бұрын Қазақстанның Украинадағы жылы өткені мәлім. Облыс делегациясының құрамында Днепро­дзержинск қаласына баратындығым жөнінде хабарды қуана қабылдадым. Өйткені, өткен ғасырдың 50-ші жылдары аяғында осында оқыған едім. Қырық жыл серік болған сүйікті мамандықты мең­герткен мектебі­мізбен қауышуды, жастық шақтың шуағына бөлеген шаһарды қайта көруді өзім де армандайтынмын. Ойым­ның сәті түскеніне қуанып қалдым. Баяғы біз ұшқан ұя, жатқан жатақхана өндірістік тәжірбиеге ысылған зауыт көзге ыстық басылды. Теміртаулықтар келетінін естіген жергілікті курстастарымыздың бір тобы анадайдан жылы ұшырады. Бір-бірімізді шырамытып таныдық. Бұл кездесу ұмытыл­мас әсер қалдырды. Оны сөзбен айтып жет­кізу қиын. Оқыту­шыларымыздың бірі Нина Быковская аты-жөнім аталғанда “Білемін, білемін, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен қатарлас оқыған шәкіртім,, деп ұмтылып құшағына қысқанда төбем көкке жеткендей болғанын несін жасы­рай­ын. Жасы келіп қалса да елгезек қалпындағы ұстазымыз өзі құрып, жабдықтаған кабинетке бастап, жас Нұрсұл­тан отырған партаны көрсетті. Училище мақтаны­шына, Президенттікке дейін өскен адамға арналған мұражайды аралатқанда “Есіңде ме” деп қояды маған әредік. Неге ұмытылсын өмірімнің өшпес елестері. Бір өңірдің тумалары Сатыбалды Ибра­гимов екеуміз Днепродзержинскіге барған бетте біздей қазақ бозбалалары аз еместігіне көңіліміз өсіп, орталарына қосыла кеттік. Металлург деп жалпылай аталға­ны­мен, тармақ-тармақ маман­дықтарға бөлінеді. Нұ­рекең бастаған шағын топ оның ең ауыры – горно­войлықты таңдапты. Біз болат құю кранының машинисі болуды қаладық. Бәріміз тұрғылас, кейбіріміз құрдас жастармыз. Қайда барсақ та бірге жүріп-тұрамыз, жұбымыз жазылмайды. Ор­тамыздың ұйытқысы Нұрсұлтан. Сабақтан тыс уақыттарда бөлмеде жата бергенше көркемөнерпаздар үйірмесіне қаты­суымызға, спортпен шұғылдануымызға, кітапханаларда отыруымызға итермелейді. Бұл жағынан бәрімізден алда. Сабаққа өте алғыр, үйренуге зерек, орысшаға жүйрік, тарихтан, әдебиеттен танымы жоғары жерлесімізді ұстаздарымыз өте жақсы көреді. “Нұрсұлтандай болыңдар, үлгі тұтарлық жан жандарыңда жүр” дейді. Дмитрий Погорелов деген оқыту­шымыздың “Сен, Нұрсұлтан, Премьер-Министр боласың” деп айтуы ақыры дөп шықты. Теміртауға оралысымен өндірістің түрлі буындарына жіберілдік. Ниеттес, тілектес түлектер бәрімізге Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандық тұңғыш шойын алуға қатысуы ортақ қуанышқа айналды. Әрқайсымыз да өз жұмыс орнымызда осалдық көрсетпеуге талпындық. Магнитка өміріндегі маңызды оқиғаларға, өзгерістерге “днепродзер­жинс­кіліктердің” әйтеуір біреуі тартылмай қой­майтын. 1964 жылдың 25 қазанында ауыр сал­мақты мартен цехы іске қосылғанда Сұл­тан Кәкенов басқаратын бригада құрамында алғашқы болат балқыма алуға атсалыстым. Комбинатта еңбек етуге қазақ жастары үш рет ұйымдастырылған түрде әкелінген. 1944 жылы Қазақ металлургия зауытына 2 мың, Қазақстан Магниткасына 1958-60 жылдары 3 мың, 1970 жылы 627 адам қамтылған. Біз екінші лекке жатамыз. Біраз жігіттер кейіннен жұмыс бабы бойынша басқа буындарға, қызметтерге ауысты. Білуімше курстасым, Шымкент қорғасын зауытының балқытушысы Аманәлі Әбдіраманов екеуміз ғана зейнеткерлікке шыққанға дейін қырық жыл бойы негізгі мамандығымыздан қол үзбеппіз. Оқуды бірге бітірушілердің әдетте әр жылдарда кездесіп тұратын дәстүрінше Днепро­дзержинск техникалық учили­щесінің түлектері де соны ұстанады. Уақыт ыңғайына орай Елбасының өзі де мұндай бас қосудан қалыс қалмайды. Ондайда жүздесуіміздің мәні де, жөні де бөлек болып сала береді. Әрине, өмір жағдайы әрқилы. Кейде қатыса алмаушылар болады. Нұрекең бұған алаңдап, денсаулықтарын білуді тапсырады. Биік билік басында болса да жолдастарының жанынан табылуға құштарлығы, кездесуге келе алмағандарды іздестіріп, сұрастырып жатуы жүрегімізді толқытады. “Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз” деп айтылғандай, еліміз экономикасы алыбының әрі тірегінің кең тынысы, кемел келешегі Теміртаудың, аймақтың, Қазақ­станның өсіп-өркендеуіне зор қуат. Солай болып қалатындығына сенеміз. Теміртауымыз бүгінде қай жағынан болмасын оза танылып, тың серпілістерге екпін естіріп тұр. Баршамызға ыстық мерейлі мереке алдында қаламыздың сәулеті одан сайын шырайлана түсіп отыр. Владимир КАУЦ, Қазақстанның еңбек сіңірген экономисі: – Мен бүгінде зейнеткермін. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық өміріндегі өзгеріс­терге, жаңалықтарға ұдайы зер салып отыра­мын. Қазақ­станымыздың қол жеткізіп жат­қан жетістіктеріне шын қуанатын, биіктей түсуіне тілеуқор жандардың бірімін. Соның негізі Тұңғыш Президентіміздің жемісті іс-қызметімен байланысты екені, әсіресе, маған үлкен мерей. Өйткені, бұдан 50 жыл бұрын-ақ осы кісінің келешегінен зор үміт күтуші едім. Ішкі түйсігім дұрыс болып шықты. Өзіміз жастайынан білетін Нұрсұлтан Назарбаевтың екінің біріне бітпес іскерлік, ұйымдастырушылық, қайраткерлік, саясаткерлік ғажайып қарым-қабілеті халқымыз бақытына даруына тікелей куәгер тағдырыма ризамын. Мың сан металлургтер арасынан есімі алдымен ауызға алынатын жігітті комби­нат­тың жауапты буынын басқару жүктелгенде жақын тани түстім. Бас директордың экономика жөніндегі орынбасары міндетін атқару кезімде жұмыс бабымен күніне бірнеше рет кездесеміз. Өндірістің берекесі қашың­қыраған кез болатын. Қазықты мәселелер түйіні Мәскеуге тіреледі, сол жақтан шешіледі. Нұрсұлтан Әбішұлы бұл істің бәріне белсене араласты. Тиісті орын­дар алдына қойылар, көтерілер мәселе­лерге қатысты дерек-мәліметтерді, анық­тамаларды арқалап, екеуміз ми­нистрліктер есігін тоз­дырамыз. Таң қаламын, сүйсінемін, бастап­қыдағы салқын жүздер жұмсарып, түсіністік қабақ танытылып, жолымыз оңғарылып ораламыз. Өтпелі кезеңде комбинатымыздың басына түскен жағдай бәріміздің жүрегімізге қатты батты. Алып өндірістің құлдыраудан шыға алмау қаупі қинады. Бұл жай Елба­сыны да ерекше алаңдат­қанын білеміз. Қай мәселені де сабырлы, салмақтап шешетін Нұрсұлтан Әбіш­ұлының сол қасиеті арқасында қазір комбинаттың жаңа өрлеуге бет бұрып отыруы іргетасын бекіткен Магнитка ардагерлеріне үлкен қуаныш. Кешегі, бүгінгі істердің маңызы, қадірі уақыт өте келе одан сайын байқалады. Біз бұл жағынан ұятты болмасымызға мақтанамыз. Әңгімелескен Айқын НЕСІПБАЙ. ТЕМІРТАУ. * * * ТАРТТЫ СЫЙ ҒЫП ОТАНҒА, МҰНАРАЛЫ ДОМНАСЫН Сарыарқаның сауыры, Қарағанды деген жер. Сонда туып, сонда өскен, Болат білек өрендер. Қарағанды бойында, Самала отты сан қала. Соның бірі – Теміртау, Өркенін жайған жаңада. Темірлі қала Теміртау, Басқалардан сол басым, Тартты сый ғып Отанға, Мұнаралы домнасын. Омар ШИПИН, халық ақыны. 1960 жыл, 3 шілде.