АСТАНА. 20 маусым. Алматының Алмалы ауданы «Тастақ» шағын ауданындағы аулалардың бірінде 5 автокөлік өртеніп кетті. Бұл туралы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Төтенше жағдай аталған шағын ауданның Дүйсенов көшесіндегі 100-үйдің ауласында болды. Өрт туралы ақпар таңғы сағат 4:30-да келіп түскен. Оны өшіру үшін 2 техника бірлігі мен 13 қызметкер жұмылдырылды. Тілсіз жау 32 минуттан кейін толық сөндірілді.
Апат салдарынан зардап шеккендер жоқ. Отқа оранған Mitsubishi Pajero, Lada Samara, Honda CR-V, Chrysler 300 және Toyota көліктері мүлдем жарамсыз болып қалды.
Куәгерлердің айтуынша, Chrysler көлігінен өрт шыққан кезде, оның қасында бірнеше жас жігіт ерегісіп тұрған. Кейін қызыл жалын лезде жанындағы басқа көліктерді де шарпып үлгереді.
Еламан Қоңыр.
Дерек: Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Сурет: tengrinews.kz.