• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2015

Еуроодақтағы үлкен инвестордың бірі

205 рет
көрсетілді

Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Италия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Стефано Раваньяны қабылдады. Мемлекеттік хатшы елшіні Қа­зақстанда қызметке кірісуімен құт­тықтай келіп, екі елдің ара­сын­дағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жылдан-жыл­ға артып келе жатқанына қанағат білдірді. Бұл іске Президент Нұр­сұлтан Назарбаевтың 2009 жылы Италияға жасаған ресми сапары тың серпін бергенін айта келіп, Г.Әбдіқалықова сол сапарда Стра­тегиялық серіктестік туралы мем­лекетаралық келісімге қол қойылғанын атап өтті. Одан әрі Мемлекеттік хатшы Ита­лияның Қазақстан үшін әлем­дегі үшінші орында тұрған сау­да әріптесі екендігін және елі­міз­дің экономикасына аса ірі кө­лемде инвестиция құюшы еке­нін де еске алды. Қазақстанның Еуро­одақ елдерімен арадағы тауар айналымының 13 пайызы Ита­лия­ның үлесіне тиеді. Ал Италияның Қазақстан экономикасына салған инвестициясының жалпы көлемі 6,5 млрд. АҚШ долларын құрайды, деді ол. Одан әрі Г.Әбдіқалықова Ита­лияның Аквил қаласында болған жойқын жер сілкінісінен кейін Қазақстан Италия халқымен достықтың белгісі ретінде осы қаладағы «Амитернумдегі қасиетті Биаджо» шіркеуін қайтадан қал­пы­на келтіруге 1,7 млн. еуро көле­мінде қаржылық көмек бергенін айтты. Кездесу барысында екіжақты әріптестіктің бүгінгі жай-күйі мен ынтымақтастықты одан әрі дамы­тудың болашағы, оның ішінде ита­лиялық компаниялардың индус­трияландырудың екінші бесжыл­дығына, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Президент Жолдауында белгіленген Жаңа Экономикалық Саясаттың аясын­дағы инфрақұрылымдық даму жоспарының жобаларына қатысу мүмкіндіктері талқыланды. Мемлекеттік хатшы Қазақстан өзінің жеке ұлттық павильонын ұсыну арқылы Италияның Милан қаласында өтетін «ЭКСПО-2015» халықаралық көрмесіне белсене қатысуға ниетті екенін жеткізді. Сондай-ақ, Г.Әбдіқалықова ита­лия­лық әріптестердің Астанада болатын «ЭКСПО-2017» көрмесінің жұмысына белсене қатысатынына үміт білдірді. Сонымен қатар, кездесуде Қа­­зақстан мен Италия арасын­дағы өзге де іскерлік және мәде­ни-гу­ма­нитарлық қарым-қаты­нас­тар­ды нығайтудың мәселелері талқы­ланды. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар