Тарих көші тереңдей түскенімен Ұлы Отан соғысындағы ерлік жаңғырығы жарқырай беретіні анық. Өйткені, зұлмат жылдардың нәубеті мен қуанышы жүректерден мәңгілік өшпек емес. Еңбекшілдер ауданынан майдан жорықтарына бес мыңнан астам адам аттанса, олардың жартысынан көбі жарияланбаған соғыстың құрбаны болды. Жылдар жылжып, Жеңіс солдаттарының қатары селдірегенімен, оларға деген жалпыхалықтық құрмет қашанда биік тұрады.
Қазақстан жауынгерлерінің батылдығы мен қайсарлығын достастық мемлекеттері де жоғары бағалауда. Жуырда Ресей Федерациясының атынан Омбы облысының заң шығарушы жиналысының депутаты Анатолий Казак Еңбекшілдер ауданында болып, бірқатар майдангерге Ұлы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне шығарылған мерекелік медальдар мен ескерткіш сыйлықтарды табыс етті. Депутат наградаларды Михаил Калантарьян, Николай Посягин сияқты ардагерлердің үйінде тапсырса, Үлгі ауылдық клубында майдангер Зинаида Мельникті марапаттау салтанаты өткізілді.
Ал 2014 жылы тың және тыңайған жерлерді игерудегі еңбегі үшін Ресей медалін иеленген Қызылұйым ауылындағы тыл ардагері Рахымғали Әубәкіров (суретте) енді осы елдің екінші наградасын омырауына тақты. Аудан әкімдігінде болған қабылдауда өңір басшысы Асқар Қиықов ресейлік депутат Анатолий Антоновичке ел атынан алғыс білдірді.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы,
Еңбекшілдер ауданы.