*Қазақстанда жасалған!
Еліміздегідей Алматы облысы, Талғар ауданында да бизнесті дамытуға теңдессіз жағдай жасалғаны рас. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалана білсек, табыстың қайнар көзі ашылады. Әрине, кіріс көзі екен деп адам ағзасына зиянды өнімдерді арзан бағамен базарға шығару ұят. Өркениетті елдердегідей халықтың денсаулығына ешқандай залалы тимейтін сапалы өніммен нарықты жаулай алсаңыз құба-құп.
Осыдан 10 жыл бұрын біз ұйымдастырған шағын цех бүгінде «Барон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне айналып, пайдалануға жартылай дайындалған тұшпара шығарумен жалпақ жұртқа жақсы таныс. Себебі, өнім сапасын арттыру үшін арнайы шаруа қожалығын құрып онда үйрек өсіріп, қанаты қатайып еті талапқа сай болып жетілгенде сойып, тоңазытқыштарды толтырамыз. Ерекше айтарымыз, осы өнімді өндіретін цехтағы құрал-жабдықтардың барлығын еуропалық стандартқа сай өзіміз жасап орнатамыз. Нақтылай түссем, өндіріс орнына бір есіктен кірген темір үлкенді-кішілі және ұңғымалы, жұмыр, жалпақ болып келетін түрлі қондырғылардан өтіп, азықтық өнім өндіретін жабдыққа айналады.
Негізі 1994 жылы макорон өнімдерін шығаратын цех, 1997 жылы технологиялық жабдықтар жасайтын өндіріс цехы, 2001 жылы азық-түлік өнімдерін шығару және технологиялық жабдықтар өндірісі болып үлкейіп құрылған «Барон» ЖШС-інде бұл күндері өнеркәсіптік жабдықтармен дайындалатын азық-түлік өнімдері өндіріледі. Үш сала бойынша қанатын жайған ұжымда барлығы 175 адам еңбек етеді.
Компанияның кірер есігінде германиялық «Schaller» фирмасының қондырғысы әр адамның санитарлық тазалығы үшін қолынан бастап аяқ киіміне дейін тазалап тұрады. Әрине, өндіріс орнының ауласы күн сайын жуылып тазартылатыны тағы бар. Бұл дегеніміз, медициналық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптың қатал сақталуы болып табылады. Мамандардың кәсіби біліктілігін көтеруге зор ықылас танытатын, әр маман төл міндетін кәсіби тұрғыда әрі адал атқаруын бақылап, тиісінше талап қойып отырамыз. Сондықтан, біз шығарған өніміміздің барлық стандарттарға сәйкес келетіндігіне кепілдік береміз.
Өндірген өнімімізге күннен-күнге сұраныстың артуының басты себебі, бірінші күннен алдымызға міндет ретінде қойып, бүгінде қалыптастырып алған дәстүріміз – сенім мен тұрақтылық деп білемін. Сөз реті келгенде бизнесімізді дамытуға барлық жағдай жасап отырған Елбасына айтарымыз тек алғыс.
Сергей КАЛИНИН,
«Барон» ЖШС бас директоры,
Алматы облыстық
мәслихатының депутаты.
Алматы облысы,
Талғар ауданы.