• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Ақпан, 2015

Жұмыспен қамту – мемлекетті дамыту

568 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстан» газетінің өңірлердегі тілшілері жаңа жұмыс орындарын ашудың жайын бақылауда ұстауда Мемлекет басшысы үстіміздегі жылдың 11 ақпанында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында халықтың жер-жерлерде жұмыспен қамтылуын қатаң қадағалауды тапсыра келіп, бұл орайда ақпарат құралдарының осы іске бақылау жасауы қажеттігін атап көрсетті. Елбасы атаған БАҚ қатарында «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттері бар. Бүгін редакция осы мәселеге орай өңірлердегі халықтың жұмысқа орналасу барысы туралы газет тілшілерінің облыс­тардан жазған материалдарының бір тобын оқырмандар назарына ұсынып отыр. Жыл ішінде 600 жұмыс орны ашылды Оралдан – Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Ақжайық аймағы эконо­ми­касының дамуына Зеленов ауданы еңбеккерлерінің қосып отырған үлесі қомақты. Ең бастысы, соңғы кезде мұнда аудан экономикасын әртараптандыруға баса көңіл бөлініп келеді. Зеленов – тұтастай Орал өңіріндегі аграрлық ахуалдың жай-күйін айқындауға септігін тигізе алатын айрықша өңір. Осы бағытта ауданда табаны күректей 17 ұтқыр жобаның бір мезгілде қолға алынуы – қосымша жүздеген жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізді. Сондай-ақ, Зеленов облыстағы жылыжайлары ең көп аудан екенімен де ерекшелене алады. Соның нәтижесінде зеленовтықтардың дастарқанынан жергілікті көкөніс өнімдері қысы-жазы үзілмейді. Мұнда өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан істер де мол. Соған сай, өткен жылы аудан аумағындағы ауылдар абаттандырылып, спорт алаңдары салынды. Осындай сан алуан, қат-қабат істерді қатар атқару арқылы өткен жылы 600 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл бір аудан үшін тәп-тәуір көрсеткіш десек артық кетпейміз. – Ауданымызда жаңа басталған биылғы жылдың өзінде бірнеше әлеуметтік-тұрмыстық және ден­саулық сақтау нысандары бой көтерді. Соның ішінде Махамбет, Мичурин және Трекин ауылдарында бір күнде үш бірдей дәрігерлік амбулаторияның ашылуы бәрімізді үлкен қуанышқа бөледі. Мен осындай біткен істерді аудан әкімі Кәрім Жақыповтың іскерлік қабілетінің молдығымен және оның тұрғындардың мұң-мұқтаждарына сергек қарауымен байланыстыра аламын, – дейді көпэтносты аудандағы украин этномәдени орталығының жетекшісі Галина Гарбуз. Ендігі кезекте әңгіме ауанын шағын және орташа бизнес субъектілеріне бұрар болсақ, бұл салада да көңіл көншітер істер жеткілікті деуге болады. Қолда бар деректер өткен жылы олардың саны 2,7 пайызға өскенін көрсетеді. Сонымен бірге аталған салада жұмыс жасайтындар саны жыл ішінде 4 480 адамға өскен. Бұл сөз жоқ, жоғары көрсеткіш. Соған сай өнім өндіру көлемі алдыңғы 2013 жылмен салыстырғанда 3,7 пайызға көтерілген. Осындай ауқымды жұмыс қарқыны жергілікті бюджетке 1 миллиард 400 миллион теңге түсуіне алғышарт қалаған. Бұл тұтастай аудан бюджетінің үштен бір бөлігін құрайды. Біз жоғарыда өткен жылы Зеленовта 600 жаңа жұмыс орны ашылғанын айтқан едік. Соның басым бөлігі бір ғана шағын және орташа бизнес саласының еншісіне тиіп отыр. Зеленов ауданында ауыл­шаруа­шылық өнімдерін өңдейтін 42 ша­ғын цех жұмыс жасайды. Мұн­да үш жүзге тарта адам қыз­мет атқарады. Бұл өңірде өткен жы­лы 46 инвестициялық жоба қаржы­лан­дырылған. Оның жалпы құны 9 миллиард теңгені құрайды. Мұның өзі үш жүзден аса жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашты. Әртүрлі ұлт пен ұлыстың өкілдері қоян-қолтық ынтымақтаса еңбек етіп жүрген ауданда биыл тағы да жүздеген жаңа жұмыс орындарын ашу белгіленген. Биылғы жылдың өзінде қолға алынған 17 инвестициялық жоба бұл меженің де ойдағыдай орындалатынына айқын айғақ бола алады демекпіз. «Егемен Қазақстан» газетінің өңірлердегі тілшілері жаңа жұмыс орындарын ашудың жайын бақылауда ұстауда Жүйелі түрде жүруде Петропавлдан – Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Облыста тұрғындардың әлжуаз топтарын әлеуметтік қорғау шаралары мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүйелі түрде атқарылып келеді. Былтыр 12801 жаңа жұмыс орны құрылып, 27 мыңнан астам адам еңбек­пен қамтылса, 72,1 пайызын ауылдық­тар құрады. Бұлардың төрттен бірі – ­жастар. Нәтижесінде жалпы жұмыссыз­дық деңгейін 5,1 пайыздан 4,9 пайызға дейін, жастар арасында 7,6 пайыздан 3,9 пайызға дейін, ал табысы ең төменгі күнкөріс кірісінен төмен тұрғындардың үлесі 3,4 пайызға азайды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы үш бағыт бойынша жүзеге асырылып, бұл мақсаттар үшін 4,7 миллиард теңге жұмсалды. «Ауылда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру» екінші бағыты шеңберінде бір миллиард теңгенің 400 несиесі берілді. Біліктілікті жетілдіру институтында 400 бағдарламаға қатысушы оқудан өтіп, жұмысқа орналасты. Оқыту аспаз, шаштараз, есепші, электр-газбен дәнекерлеуші, хатшы-референт, маникюр бойынша шебер, тігінші, кондитер, әлеуметтік қызметкер, ағаш ұстасы, ЭВМ операторы секілді еңбек нарығына қажетті мамандықтарды ескере отырып жүргізіледі. Бағдарламаның үшінші бағыты аясында әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен ауылдардан 150 отбасы көшіріліп, еңбекке қабілетті 82 адам жұмыспен қамтылды. Өңірде мүгедектерді жұмыспен қамту жайына айрықша қолдау көрсетіледі. 2014 жылы 870 адам жұмысқа орналас­ты. 209-ы қоғамдық жұмыстарға, 10-ы жастар тәжірибесіне, 72-сі әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. Жиһаз, еттен жартылай дайындалған өнім әзірлеу, такси қызметін көрсету, мал шаруашылығымен айналысу мақсатымен 16 мүгедекке жеңілдетілген несие берілді. 43 адам «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы­ның бірінші бағыты бойынша инфрақұрылым нысандарын жөндеумен шұғылданды. 224 адам әлеуметтік қолдау шараларына ие болды. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін 53 бос жұмыс орны жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 237 адам жұмысқа орналасты. Биыл облыс тұрғындарының әлжуаз топтары санатындағы 6675 адам­ды жұмыспен қамтуға көмек көрсету жос­парланған. Бұлардың 3546-сы жұ­мыс­сыздар, 3159-ы өзін өзі қамтамасыз еткендер, 970-і тұрмысы төмен от­ба­сылардың еңбекке жарамды мүшелері ­саналады. Бұдан тысқары 3932 жұмыс­сызды қоғамдық орындарға жіберу, 556-сын кәсіби және қайта даярлықтан өткізу, 423-ін әлеуметтік жұмыс орындарына жолдау, жоғары оқу орындары мен колледждердің 400 түлегіне жергілікті қазынадан 85 миллион теңге бөлу шаралары қарастырылған. Тұрақты сипатқа ие Талдықорғаннан – Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бас­қармасынан алынған мәліметке сүйен­сек, Жетісу жерінде мемлекеттік бағдар­ламалар жүйелі түрде жүргізілуде. Нақтылай түссек, 2014 жылы облыс бойынша 20700 тұрақты жаңа жұмыс орындары ашылды. Жұмыс орындарының 14116-сы ауылдық жерлерде құрылған. Ауылшаруашылық саласында 4798 жұмыс орны, өнеркәсіпте – 2234, құрылыста – 2742, көтерме және бөлшек сауда, көліктерді жөндеу саласында – 2544, білім беру және денсаулық сақтауда – 1437 және тағы басқа салаларда 6945 жұмыс орындары ашылды. Жыл сайын жергілікті тиісті мекемелерде экономиканың барлық салалары бойынша қажетті мамандықтардың тізімі жасалып, жұмыссыз азаматтарға кәсіби даярлау курстары ұйымдастырылады. Сөйтіп, облыстың еңбек рыногында тұрақты жағдай қалыптасқан. 2014 жылы 3583 адам  радиоэлектроника және байланыс, сырлаушы, флорист, даяшы, шаштараз, тігінші, радиотелемеханик, механизатор, мал дәрігері, электр мен дәнекерлеуші, слесарь, дизайнер, оператор, мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту сияқты 30-дан астам мамандықтарды меңгерді. 29 жасқа дейінгі, арнайы білімі бар, жоғары оқу орындарының, техникалық, кәсіби білім беру ұйымдарының түлектері ­жастар тәжірибесіне жіберіледі. Бүгінгі күнге дейін жастар тәжірибесіне «Жұ­мыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 1015 адам жіберілді. Әлеуметтік жұмыс орындарына 1253 адам орналастырылды. Мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы облыс бойынша еңбек рыногындағы ахуалға оң ықпалын тигізді. Нәтижесінде облыстағы жұмыссыздық деңгейі 2014 жылдың 3 тоқсанында арғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,8%-дан 4,7%-ға немесе 51,2 мың адамға азайды. Жұмыссыздық деңгейі төмендеп келеді Қызылордадан – Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Былтыр Қызылорда облысы бойынша 11 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылды. Оның 10 мыңында адамдар тұрақты тұрде жұмыс істеп жатыр. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 26 пайызға артық көрсеткіш. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі, әсіресе, жас­­тар арасындағы жұмыссыздық едәуір төмендеген. Бір ғана «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағ­дарламасына сәйкес соңғы екі жылда аймақта 5,4 миллиард теңге микрокредит берілген. Осының арқасында екі қолға бір күрек таппай жүрген 2,5 мың адам өз тіршіліктерін бас­тап кетті. Банктер мен қорлар арқылы қаржы алып жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ адамдар үшін мұның таптырмас құрал екені айдан анық. Көктен іздегендері жерден табылып, жеке бизнестерін ашып, табыстың көзін тапты. Тұрғындардың жұмысқа орналасып кетуіне оңтайлы жағдай жасап, өз бизнестерін ашуға кө­­мек­тескеннің нәтижесінде ең төменгі жалақы деңгейінде табыс табат­ын­дардың саны 2 есеге азайды. Бұл ретте мүмкіндігі шектеулі адам­­дардың жұмысқа орналасуы да артты. Ел­басы мүгедек адамдардың қоғамға бейім­деліп, жұмыспен қамтылуын тап­сырған еді. Мемлекет басшысының тап­­сырмасына сәйкес, 540 адам әртүрлі кәсіп­орындар мен мекемелерге орналасты. Сондай-ақ, былтыр жалпы құны 6 миллиард 700 миллион теңгені құрайтын 12 өндіріс орны тұсауын кесті. Айталық, өткен жылдың басында химия­лық реагенттер шығаратын кәсіп­орынның жаңғырту және кеңейту жұмыстары аяқталды. «SmartRubber» ЖШС-ның жарамсыз автокөлік дөңгелектерінен тамшылатып суаруға арналған түтікше шығаратын зауыты да былтырғы жылдың жемісі. Арал ауданында ас тұзы мен техникалық тұз өндіру жобасы жаңғыртылды. Бұрын «Аралтұз» АҚ жылына 120 мың тонна тұз өндіріп келсе, енді оның өнімділігі 78 пайызға, яғни 213 мың тоннаға артты. Жалағаш және Шиелі аудандарында «Мия тамырын өсіру және қайта өңдеу» зауыты іске қосылды. Қазір Жалағаштағы зауытта 150 адам жұмыс істеп жа­тыр. Онда жылына 1000 тонна мия­ тамырының сығындысы, 100 тонна глициризин қышқылының ұн­тағы шығарылады. Ал Шиелі ауда­нындағы қуаттылығы 250-300 тон­на мия тамырының ұнтағын шы­ғаратын зауытта 50 адам жұмыс­пен қамтылған. Сонымен қатар, Шие­лі ауданында қиыршық тас шы­ғаратын зауыт пайдалануға берілді. Айта берсе, былтыр тұсауын кес­кен кәсіпорындар мен жаңа жұмыс орындарының саны көп. Бұл жұмыс биыл да өз жалғасын таппақ. Айталық, осы жылы аймақта 9500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деген болжам бар. Ашылған орындар жабылмайды Қостанайдан – Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Өткен жылы жобалық құны 10,9 миллиард доллар болатын ірі 5 нысан пайдалануға берілгенде, 251 қостанайлық жұмыс орнын тапты. Олардың барлығы да бәсекеге қабілетті және сұранысқа ие тауарлар өндіреді. Бұлардың қатарында әлемдік бренд Toyota Fortuner автомобилін құрастыру, автомобиль шинасын өңдейтін және қалпына келтіретін зауыт, құрылыс материалдарын өндіретін үй құрылысы комбинаты, Рудный қаласындағы құс фабрикасын жаңғырту, асыл тұқымды малды бордақылау алаңы бар. Жақында Қостанай облысында кә­сіпорындар мен облыс әкімдігі және кәсіпорындардың өз арасында 100 меморандумға қол қойылды. Олардың бірсыпырасы елімізде өндірген өнімді алу, көрсетілетін қызмет бағасын өсірмеу жөнінде болса, басым көпшілігі жұмысшыларды қысқартпауға қатыс­ты еді. Мысалы, машина және ауыл ша­руашылығы техникаларын құрастыратын «СарыАрқаАвтоПром» және «Агро­машХолдинг» зауыттарында 1500-ден аса жұмысшы еңбек етеді. Жақында осы екі зауыт та облыс әкімдігімен жұмыс орнын қысқартпау жөніндегі меморандумға қол қойды. Ма­шина жасаушы жұмысшылар дағдарыс бүйірден қысқанымен жұмысын тоқтатпайды. Қазір облыста шағын және орта бизнесті дамытуға көңіл бөлініп отыр. Адамдардың барлығы бір­дей өндірісте істемейді, сондықтан әркім өз ісін ашса, нәпақасын өздері табады. Осы бағыт басшы­лыққа алынған. Жағдай бірқалыпты Ақтаудан – Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Халық санының табиғи және ортаға оралған бауырлар есебінен халқының саны артқан Маңғыстауда жұмыс табу – өте өзекті мәселе. Оның үстіне жұмысқа жарамды жандардың көбіне өндіріс саласына бетбұрып, қарапайым жұмыстарға таңдауы түспеуі де жұмыссыздық мәселесін шиеленістіріп қоятыны бар. Сол себепті Маңғыстауда жұмыссыздықты жою, тұр­ғындарды жұмыспен қамту жұмыстары күн тәртібінен түскен жоқ. Өткен жылы аймақтағы әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасына жұмыссыз 15 357 адам тіркелген. Жұмыссыздарды әлеуметтік қорғау шараларымен 8193 адам қамтылып, 2041 адам тұрақты жұмыс орнына тұрса, 2176 адам қоғамдық жұмысқа тартылған. Кәсіби даярлықтан өтуге 375 жұмыссыз адам жолданып, 616 адам әлеуметтік жұмысқа, 741 жас жастар практикасына жіберіліпті. Өңірде өткен жылы ин­дус­­триялық және инфра­құ­ры­лым­дық жобаларды іске асыру есе­бінен 24306 жаңа жұ­мыс орны пайдалануға бе­ріл­ген. Аймақта­ғы әлеу­мет­­­­тік-экономикалық ­ахуалды арттыруға үлес қосып, тұрғындарды жұмыспен қам­туға қатысты жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 3789 адам өнеркәсіп саласына, 4985 адам құрылысқа, көлік саласына 1222 адам жұмысқа тұрса, саудаға 3272 адам тартылып, білім беру мен денсаулық сақ­тау салаларына жұмыс жасау­ға тиісінше 941 және 217 адам барған. Өзге де экономикалық қызмет салаларына 6576 адам тұрды. Аймақта жаңа жұмыс орындарын ашуға үдемелі ин­дустриялық-инновациялық даму бағдарламасы мен индустрияландыру картасы аясында ашылған кәсіпорындардың үлесі мол. Мысалы, 2014 жылы 57 млрд. теңге көлеміндегі қаражатқа 815 тұрақты жұмыс орнын ұсынған 10 жоба пайдалануға берілді. Олардың қатарында Шетпедегі «Каспий Цемент» ЖШС, Қаламқас кен орнындағы 2Х45 МВт газ-турбиналы электр стансасы, Жетібайдағы «Жанарыс» ЖШС-нің киім тігетін және химиялық тазарту цехы және басқа да жаңа кәсіпорындар бар. Өңірде биыл да қатарға қосылатын жаңа кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздар санын қысқартады деп күтілуде. Дамудың басты тірегі Көкшетаудан – Бақберген АМАЛБЕК,  «Егемен Қазақстан». Халқымыздың алаңдауына ешбір негіз жоқтығы мемлекеттік жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бағдарламасының жүйелі жүргізіліп жатқанынан айқын көрініс табуда. Соның бір айғағы ретінде, Ақмола облысындағы игі істерді тілге тиек етуге болады. Өңірде 2014 жылы 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 6,5 мың адам тұрақты жұмыс­­қа орналасты. Оның ішінде, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында, жұмыссыз ретінде тіркелген және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларынан 3300 кісі еңсе көтерер еңбекке тартылып отыр. Өңір тұрғындары мемлекеттің тұрақты қамқорлығына бөленіп отырғаны жөніндегі жылы мысалдарды да көптеп келтіруге болады. Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында республикалық бюджет қаражаты есебінен 4,3 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ, ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға, өз кәсібін ашуға бизнес негіздері курстарында оқыған 468 адамға 1,1 миллиард теңгенің жеңілдетілген несиесі берілген. Мұндағы басымдық дәстүрлі мал шаруашылығын дамытуға бағытталып отыр. Үкіметтің өңірлерді дамыту саясаты салмақты қайтарымын бергендігін айтуымыз керек. Инфрақұрылымдарды жөндеп, елді мекендерді абаттандыру есебінен 871 жаңа жұмыс орны ашылды. Осының нәтижесінде маңызды 66 инфрақұрылымдық жөндеу игілігін беріп отыр. Бұған қоса, әлеуметтік жұмыс орындарына 1119 адам арнайы жолдамамен орналастырылды. Жастар іс-тәжірибесінен өткен 777 түлек  тұрақты жұмысқа қабылданды. Бүгінгі күні аталған кешенді шараларды жүзеге асырудың арқасында жалпы жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрап отыр. Ал ресми жұмыссыздық 02 пайыз деңгейінде. Сондай-ақ, күнкөрісі төмен азаматтар саны 226 кісіге азайып, 725 адамды құрады. Бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда екі есе төмен көрсеткіш. Осы ретте, барлық қаржыландыру көздерінен 2736 аз қамтылған азаматқа 78,7 миллион теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілгенін айта кеткіміз келеді.

Ниет болса – еңбек бар

Павлодардан – Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан. Жолдауда еліміз бойынша жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы тұрғындардың әл-ауқатын арттыра түсу керектігі айтылды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметтерінше, бұл мақсаттың орындалуына «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы негізгі тұғыр бола алды. Мәселен, былтыр облысымызда  7163 тұрғын осы бағдарламаның арқасында жұмысқа орналасқан екен. Олардың ішінде 3370 адам – ауыл тұрғындары. Өткен  жылы 44 рет бос жұмыс орындарының жәрмеңкесi өтіпті. Осыншама адамды жұмыспен қамту жұмыстарына 4,1 млрд. теңге бөлініпті. Яғни, 139 жаңа шағын бизнес нысандары ашылып, 306 ауыл тұрғыны шағын несие алған. Жалпы, бұл бағдарлама өздігінен еңбек еткенімен, шаруасы өнімсіз тұрғындарды, жұмыссыздарды, аз қамтылған отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелерін жұмысқа орналастыруға қол ұшын беру. Сондықтан бұл жүйе бойынша, алдымен, бір жылда қамтылуы тиіс азаматтардың нақты саны белгіленеді. Өткен жылы 138 адам қайта даярлау курстарына жіберілсе, оқуды бітірген 854 тұрғынның 82 пайызы тұрақты жұмыс орнын тауыпты. Құрылған жұмыс орындарының 5888-і тұрақты (оның ішінде ауылда – 2798). Тұрақты жұмыс орындары ауыл шаруашылығында (1046), өнеркәсіпте (566), құрылыста (1585), саудада (1045), көлікте (61), білім беру және денсаулық сақтауда (264), басқа салаларда (1321) құры­лып, 5051 уақытша жұмыс орны (ауыл бойынша – 4269) ашылды. Облыстың жұмыспен қамту органдарында 1560 жұмыссыз, олардың 963-і әйелдер  есепте тұр, оның ішінде ауыл бойынша – 625 адам. Басқарма басшысы Балтабай Қаппа­совтың айтуынша, жұ­мысқа орналас­паған­дардың өзіндік себептері бар. Бірі әскер қатарына шақырылса, бірі оқуын жал­ғастыруды құп көрген. Енді бірі денсау­лығына байланысты еңбекке тартыл­маған. Қоғамдық жұмыстарға 4318 жұмыс­сыз қатысты, оның ішінде ауыл бойынша – 2925 адам. Жұмысқа қатысушылардың еңбекақысын төлеуге жергілікті бюджеттің қаражатынан 295945,4 мың теңге, жұмыс берушілердің қара­жатынан 24162,8 мың теңге есеп­теліп, қаржыландырылды. Яғни, еңбек етемін деп ниет білдірген адамға «екі қолға – бір күрек» табуға мемлекет тарапынан қолдау жетеді. Негізінен өндірісті өңір, өндірісті қалалар, кенттер  болған соң тұрғындардың дені кәсіпорындарда, зауыттарда еңбек етеді. Облыста биыл тағы да 3 зауыт iске қосылмақшы, мұнай, алюминий және химия кластері бойынша жобалар іске асыры­лады. Бұл мақсатқа 23 млрд. теңге бөлініпті. Басым бөлігі жұмыспен қамтылды Атыраудан – Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Мұнайлы өңір тұрғындарының бәрінің бірдей мұнай-газ өнеркәсібінен тұрақты жұмыс табар мүмкіндігі бола бермейді. Біреулерінің мамандығы, екіншілерінің еңбек өтілі жоқ. Бұдан қалса ел экономикасының жетекші саласында жұмыс ізде­­гендер үшін бос орын да табыла бермейді. Десек те, еңбекке қабі­леттілердің, әсіресе, ауыл тұрғындарының да жұмыс жаса­ғысы, табыс тапқысы келеді. Сол себептен, олар жергілікті жұмыспен қамту органдарына жүгінеді. Дерекке жүгінер болсақ, былтыр Атырауда жұмыс­­­сыз ретінде 15 348 адам тірке­ліпті. Бұлардың арасында нәзікжан­дылардың үлесі молдау көрінеді. Яғни, жұмыс табуға ниетті әйелдердің қатары 8 440 адамды немесе тіркелгендердің 55 пайызын құрап отыр. Бұдан кейінгі басымдықты 29 жасқа дейінгі 7 217 жас иеленеді. Демек, орда бұзар отызға толмағандардың үлесі – 47 пайыз. Ал, зейнет жасы­на жетпегендіктен 6 908 адам жұ­мыссыздар қатарына алыныпты. – Жұмыссыз ретінде хабарлас­қандардың 55,4 пайызы ауыл адамдарының үлесіне тиеді, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасы басшы­сының міндетін атқарушы Кө­ңілқос Орысбаев. – Жалпы, жұмыспен қамту органдарына жүгінетіндердің арасында әр санаттағылар кездеседі. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі жандар да, білім беру ұйымдарының түлектері де бар. Бұрынғы жұмысынан босатылғандар да, төрт және одан да көп баласы барлар да, ұзақ уақыт, яғни бір жылдан астам жұмыс істегендер де, тіпті, бас бостандығынан айыру орындарынан босағандар да біздің органдарымызға хабарласады. Алайда, осы санаттағылардан бұрын мүлде жұмыс істемегендердің қатары көбірек болып тұр. Өткен жылы осындай санатқа жатқызылған 5 675 адам жұмыссыз ретінде тіркелді. Басқарма басшысының міндетін атқарушы Орысбаевтың айтуынша, ресми тіркелген жұмыссыздардың түгелдей болмағанмен, 81,8 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Бұған 16 743 жұмыс орны құрылатындығы болжалған инвестициялық жобалардың іске асырылуы оң септігін тигізіпті. Демек, бір жылда жұмыссыз жүрген 12 558 адам өңірдегі инвестициялық жобалардың жемісін көре бастады деуге болады. Сондай жобалардың қатарында «KPI» серіктестігі құрылысын жүргізуді қолға алған газ-химиялық кешені мен Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта құру және жаңғыртуды айта аламыз. Мұнай-газ өнеркәсібі сала­­­сын­дағы жобалар құрылысына ин­женер-құрылысшы, жобалаушы, бақылау-өлшеу құралдары инженері, инженер-электрик, энергетик, сапаны бақылау ин­женері, инженер-механик және құрылысшы секілді маман­дықтардың қажеттігі сезіліпті. Сонымен бірге, құрылыс, мұнай-химия және мұнай-газ салаларында 5-6 разрядтағы дәнекерлеуші, құбыр монтаждаушы, даралаушы, электрмонтаждаушы, ағаш сатыны монтаждаушы, 1000 вольтқа дейін рұқсатнамалары бар электрик, стропальшы, аргонды-доғалық дәнекерлеуші, бақылау және өлшеуіш құралдарының слесарі, дефектоскопист секілді мамандықтар үлкен сұраныс тудырыпты. Сол себептен, аталған мамандық иелерін дайындау кәсіптік оқу орындарымен бірігіп, жүзеге асырылыпты. Бұдан жұмыс берушілер де қалыс қалмай, өз қаражаттары есебінен мамандарды оқытуды ұйымдастырып, оқу ақысы, шәкіртақыларды, жол және пәтер шығындарын төлеуді мойнына алыпты. Талпынғанға тірлік табылады Ақтөбеден – Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Облыста жұмыс орны бағы­тында кешенді іс-шаралар жүргізі­луде. Өңірде өткен жылы 15725 жаңа жұмыс орындары құрылды немесе жоспардың 105,5 пайызын құрады. Жаңадан ашылған жұмыс орындарының 9680-і тұрақты түр­де құрылды. Ауылдық жерлерде 4930 жұмыс орындары ашылған. Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтынбек Әмірғалиевтің айтуынша өнеркәсіпте – 1398, ауыл шаруашылығында – 432, көлік және логистика саласында – 269, құрылыста – 3176, білім және денсаулық сақтауда – 1071, сауда – 1744, басқа салаларда 7635 жаңа жұмыс орындары ашылған. Олардың басым бөлігі Ақтөбе қаласының үлесіне тиесілі, ол 9369 бірлікті құрайды. Атап айтқанда, Ақтөбе қаласында ҮИИДБ аясында жүзеге асырылған жоба – Ақтөбе рельс-арқалық зауытында 200 жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыспен қамту органдары арқылы 118 жұмыссыз негізінен инженер, кран машинисі, арнайы құрылғыларды пайдаланушы оператор, слесарь-жөндеуші, өлшеу және сынау электрмонтері, есепші, автокөлік жүргізуші мамандықтары бойынша жұмысқа орналасқан. Бағдарлама аясында пайдалануға берілген Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №4 цехында141 жаңа жұмыс орындары құрылды. Жұмыспен қамту органдары арқылы жаңа және бос жұмыс орындарына 212 жұмыссыз металл балқытушы, ферроқорытпа ажыратушы, электр-газбен дәне­­­керлеуші, күйдіруші, инженер, электр құрылғыларын жөндеу бойынша слесарь-электрик маман­­­дық­тары бойынша жұмысқа тартылған. Сонымен қатар, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының бірінші бағы­ты «Инфрақұрылымды және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық­ты дамыту есебінен жұ­мыс­пен қамтуды қамтамасыз ету» ­аясында 2180 жұмыс орында­ры ашылып, оған 1157 бағдарла­ма қатысушылары жұмысқа орналастырылды. Бағдарламаның екінші бағыты «Кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру» бойынша 382 бағдарлама қатысушыларына 654,2 млн.теңгеге шағын несие беріліп, олар ашқан қосымша 602 жұмыс орындарына 336 адам жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары бойынша орналастырылды. Облыста 2015 жылдың 1 қаң­тарына тіркелген жұмыссыздық деңгейі 0,2 пайызды құрады. Өткен жылдың үшінші тоқсанында жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз болған еді. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен төмен. Жаңа жұмыс орындарының ашы­луы экономикалық даму қарқы­нына серпін беріп, әлеуметтік шиеленістің алдын алуға алғы­шарт жасап отыр. Сондай-ақ, адам­дардың күнкөріс жағдайын жақсартып, әл-ауқатын арттыруда, өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуде. Мүмкіндіктер мол Өскеменнен –Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Былтыр Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Шығыс өңірінде бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Өске­мен қаласының өзінде жалпы құны 27 млрд. теңгені құрайтын он жоба Индустрияландыру картасына ұсынылған. «ПОСУК Тита­ниум» титан құймаларын шығару, тех­н­икалық жабдықтарды өндіру, өнер­кәсіптік арматура зауыттары сынды ірі үш кәсіпорынның өзінде 300-ден астам жұмыс орны құрылды. Жалпы, 2011-2015 жылдар­ға арналған аумақтық даму жоспары бойынша 2014 жылы Шығыс өңірінде 14 520 жұмыс орнын құру көзделген болатын. Іс жүзінде 20 245 жұмыс орны ашылды. Бұл – ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс пен коммуналдық шаруашылық, көлік, байланыс, сауда, білім мен денсаулық сынды салаларды қамтыды. Осылайша, 14686 – тұрақты, 5559 – уақытша жұмыс орындарының болуына қол жетті. Өткен жылы облыста 1025 мүмкіндігі шектеулі азамат жұ­мыспен қамту жөнінде өтініш бер­ген екен. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлім­дерінің араласуымен олар­дың ішін­де 442 адам тұрақты жұмыс­пен­ қамтылды. Қалған өтінім ие­ле­­рі қоғамдық, әлеуметтік және мау­­сымдық жұмыстарға тар­тылды. Әсіресе, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы­ның тиімділігі орасан. Бағдарлама шеңберінде өңірде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым желілерін дамытуға бағытталған 530 жоба жүзеге асырылып, 3950 жаңа жұмыс орны құрылды. Сонымен бірге, ауылдық жерлерде жеке ісін ашып, шаруа қожалығын құруға, біліктілігін жетілдіріп, қайта даярлаудан өту арқылы жаңа мамандыққа ие болуға мүмкіндік алғандар да жетерлік. Бағдарламадан пайда көп Тараздан – Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». 2014 жылы Жамбыл облысында жұмыссыздардың саны 1882 адамға қысқарып, 27,8 мың адамды құрады, жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайыздан 4,9 пайызға дейін төмендеді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының шеңберінде 7,2 млрд. теңге бөлініп, игерілді. Ол бойынша 14223 аза­матпен­ әлеуметтік келісімшарт жасалып, жылдық жоспар 101,6 па­йызға орын­далды. Бағдарлама ая­сын­да әлеу­мет­тік келісім­шарт жа­са­ған 14223 адам­ның 96,9 пайызы немесе 13 778 адам жұмыс­қа орналас­ты, оның ішінде 85,5 пайызы (11783 адам) тұрақты жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, бағдарламаның бірін­­ші ба­ғыты аясында 138 жоба жүзеге ­асы­рылып, білім, денсаулық, мәдениет, спорт және әлеуметтік сала нысан­дарында күрделі және ағымдағы жөн­деу жұмыстары жүргізілді. Осының есебінен 2020 адам жұ­мысқа ор­наласса, оның ішіндегі 1079-ы­ жұмыс­пен қамту орталықтарының жолдама­сы арқасында мүмкіндік алды. Қазір ел арасында еңбекті насихаттау кеңінен қолға алынуы қажет. Еңбектің адамды өсіретінін, барлық жетістіктерге жеткізетінін, әсіресе, жас­тар жақсы түсініп өсуі тиіс. Көрсеткіш жақсара түсуде Шымкенттен – Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстіктің халқы еңбек­қор­лығымен ерекшеленеді. Сайрам бар­саңыз бір «Қарабұлақ» ауылының өзі бордақыланған сойыс малының етімен төрт облысты қамтамасыз ете алады. Ауылдың бір бөлігі жылыжай өнімдерімен айналысады. Енді бір бөлігі өңдірілген өнім, бордақыланған мал етін Қазақстан іші, Ресейге дейін тасымалдайтын ауыр жүк машиналарының иесі. Оңтүстік Қазақстан облысы жылыжай салудан республикалық көрсеткіштің 87 пайызын құрап отыр. Атақты шараптарымен халық­­аралық жарыстарда шаппай бәйге алып жүрген Қапланбек ауылының әрбір отбасында жылыжай бар десең өтірік айтқандық емес. Облыс әкімі бастамасымен дү­ние­ге келген «Оңтүстік Қазақстан облысы мал шаруашылығын дамы­ту іс-шараларының 2014-2016 жылдарға арналған жоспары» бойынша тек 2014 жылы ғана 2,7 млрд. теңгеге 715 жоба қаржы­ландырылды. Тек, осының өзінен-ақ 1020 адам жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етілді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 18881 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. 2015 жылы қосымша 43 мың жұмыс орнын құру көзделген. Осы шараларды жүзеге асыру нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 5,3%-дан көтерілмейді деп болжап отырмыз, дейді еңбекпен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева. Басқарманың мәліметі бойынша былтыр 36 мыңнан астам адам жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етілген.