• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
14 Ақпан, 2015

Экономикалық тұрақтылықты сақтаған елміз

253 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде мемлекеттің дағдарысқа қарсы саясаты тақырыбы бойынша кезекті брифинг болып, оған Сенат депутаттары Серік Нөгербеков пен Ольга Перепечина қатысты. Алдымен сөз алған Серік Нө­гербеков 2007-2009 жылдары өт­кен ғаламдық экономикалық дағ­дарыстың салдарына тоқталды. Сол уақытта жылына 4-5 пайызға артатын көптеген елдердің ІЖӨ өсімі 0 пайызға дейін түсіп қал­ды. Ал бізде Президент Нұр­сұл­тан Назарбаевтың тапсырмасымен Қазақстан Үкіметі дағ­дарысқа қарсы іс-әрекет бағдар­ла­масын жүзеге асырып, дағ­дарысты еңсерген еді. Әлемдік сарап­шылардың қорытындысына қара­ғанда, осы дағдарыста эконо­ми­калық тұрақтылығын сақта­ған бірнеше мемлекет қана бол­ған. Соның ішінде Қазақстан да болды, сөйтіп біздің еліміз дағ­дарыстан аман шығудың  тәжіри­бесін жинақтады, дей келіп, С.Нө­гербеков қазіргі болып жатқан дағдарысқа қарсы шаралар туралы айтты. Қазір біздің Ұлттық қордағы қаражатымыз 2009 жылға қара­ғанда екі есе көп. Жаңа дағдарысқа қарсы тұратын экономикалық әлеуетіміз жоғары. Ұлттық қордан қосымша 3 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр. Өткен жылы Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлініп, оның 500 млрд. теңгесі сол жылы игерілді, қалғаны биылға бөлінбекші, дей келіп, одан әрі депутат Елбасы Н.Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты жаңа Жолдауында айтылған экономикалық инфрақұрылымды жетілдіру бойынша берілген тапсырмаларын атап өтіп, оларды орындаудың өзектілігіне тоқ­талды. Сонымен қатар, ол ин­дус­триялық-инновациялық да­му бағдарламасының екінші бес­жыл­дығы, «Бизнестің жол кар­та­сы-2020» сияқты бағдар­ла­малар­дың іске асырылуы ел эконо­микасының бәсекелестікке қабі­лет­тігін арттыратынына сенім білдірді. Сенатор Ольга Перепечина Елба­сының қатысуымен бол­ған Үкіметтің кеңейтілген отыры­сының шеңберінде талқыланған бюд­жет саясатының кейбір қыр­ла­рына тоқталды. Әрине, ел­дің әлеуметтік-экономикалық мін­деттерін іске асырудағы ең бас­ты құрал – тер төге жұмыс істеу. 2015 жылғы макроэкономикалық көрсеткіштерді түзету 2014 жыл­ғы бюджеттің орындалу қоры­тындысына және қалыптасып отырған геосаяси жағдайлардың әсеріне байланысты. Бюджетті түзету ұлттық экономикаға кері әсер ететін сыртқы факторлардың зиянын азайтып, азаматтардың әлеуметтік жағдайын қорғауды көздейді. Түзетулер оның шығыс бөлігін ғана емес, кіріс бөлігін де қамтыған. Нақты айтатын болсақ, бюджеттің кіріс бөлігі 900 млрд. теңгеге оңтайландырылатын болды. Бұл, әрине, мұнай бағасымен қатар, қазақстандық экспорттың алтын, темір сияқты, басқа өнімдері баға­сының да төмендеуінен туындап отыр, деді депутат. Ал Ұлттық қордан бөлінетін 1 триллион 702 млрд. теңгені құрай­тын кепілдендірілген трансферт көлемі өзгертілмейді, деп жал­ғады сөзін О.Перепечина. Әлемде қалыптасып отырған жағдайға сәйкес Елбасы бюджеттің шығыс бөлігін 10 пайызға қысқарту жөнінде тапсырма берді, бұл – 700 млрд. теңгедей қаражат. Бұл түзетулер дағдарысқа қарсы қол­данылып отырған шаралар. Алайда, осындай түзетулерге қара­мастан, бұрын жоспарланған бар­лық әлеуметтік кепілдіктер толы­ғымен сақталып, өзгертілмей орындалады. Бюджеттегі түзетулер негізінен қазақстандықтардың әл-ауқатын төмендетпейтін бағыттар мен жобаларға ғана қатысты. Сонымен бірге, Президенттің Ұлттық қордан бөлінетін қара­жаттың барынша тиімді пайдаланылуы жөнінде қатаң тапсырма бергенін айтуға тиіспін. Оны бақылайтын арнаулы комиссия қаражаттың мөлдір әрі тиімді жұмсалуын қадағалайтын болады, деді Президент. Әсіресе, бұл істе әкімдердің жауапкершілігі қатаң болатыны да ескертілді. Одан әрі депутат О.Пере­пе­чина Мемлекет басшысының ЭКСПО-2017 көрмесіне, Универ­сиадаға, Алматы метрополитеніне, сонымен қатар, салтанатты шара­ларға қарастырылған қа­ражат көлем­дерін түзету жөнінде тапсыр­ма бергенін атап өтті. Нақты сан­дарға қа­тыс­ты айтқанда, ол «Самұрық-Қазына» АҚ ағым­дағы шығындары 7 пайызға (337 млрд. т.), «Бәйтерек» холдингінің шығыс­тары 11,8 пай­ыз­ға (3,8 млрд. т.), «Қаз­Агро» АҚ  12 пайызға (196 млн.т.) қысқартылатынын айтты. Жал­пы айтқанда, Үкіметтің үсті­міз­дегі жылғы шы­ғындары 4 млрд. АҚШ долларына дейін түзеті­летінін жеткізді. Сөзінің соңында О.Перепечина елдің дағ­дарысты тиімділікпен еңсере алатынына сенім білдірді. Осыдан әрі брифингке келгендер журналистердің көптеген сұрақтарына жауап берді. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».