• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Тамыз, 2015

Тараз. Тойға дайындық. Қызу құрылыс

435 рет
көрсетілді

Ешбір халық тарихсыз болмайды. Сол сияқты қазақ халқының да өзіне тән терең тарихы бар. Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтудің бас­ты мақсаты – тарихы сонау тереңнен басталатын халқымыздың өткенін ұмытпай, бүгінін бағалап, болашаққа нық сеніммен қарау. Той бір-екі күнде дуылдап өте шығады. Ал оның тарихта қалар орны, сипаты, ізі болуы керек емес пе?

Алла қаласа, Қазақ хандығының мерейтойы 11 қыркүйек күні Астана қаласында, 9-10 қазан күндері Таразда аталып өтпек. Дәл қазір тойға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Той қарсаңында Тараз қаласында бірқатар нысандардың бой көтеріп, еліміздің барлық облыстары мен қалалары мерейтойға атсалысып, қаланы көркейтуге, абаттандыруға өз үлестерін қосып жатқанын бұған дейін жазған болатынбыз. Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев той дүбірі басталғалы бері осы өңірге бірнеше мәрте атбасын бұрып, құрылыстардың жай-күйімен танысып, облыс-қалалардың қолға алған нысандарын аралап көрді. Шынында, еліміздің 14 облысы көмекке келіп, көне қаланың той өтетін жерлерін абаттандыру, жаңарту, көркейту жұмыстарын жүргізуді міндеттеріне алғалы бері Тараздың төріндегі құрылыстар қатары күн санап көбейіп, қарқын алып келеді. Қазірдің өзінде Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Атырау, Павлодар облыстарының алды міндеттеріне алған құрылыстарды аяқтауға жақындаса, соңы жұмыстың жартысынан астамын еңсеріп тастапты.

Жалпы, бұл бағыттағы іс-шаралар мерейтой тұжырымдамасына сәйкес жүруде. Дәл қазір «Ежелгі Тараз» музейі, ашық аспан асты мұражайы, «Қазақ хандығы» монументі, Достық үйі секілді жаңа нысандарға республикадан қаражат бөлініп, құрылыстарын бастады. Сонымен бірге, бірнеше нысанға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек ұлттық компаниялар, жергілікті кәсіпкерлер демеушілік танытып, қалада абаттандыру жұмыстары кеңінен жүріп жатыр. Яғни, мерейтойға дейін ежелгі Тараз жаңарып, келбеттене түсетін болады. – Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуде Елбасымыз Н. Назарбаев тиісті тапсырмалар берген. Мерейтойдың негізгі іс-шаралары Астана және Тараз қалаларында ұйымдастырылғанымен, еліміздің барлық елді мекендерінде аталып өтілетін болады. Қаржы дағдарысына қарамастан Мемлекет басшысының тапсырмасымен мерейтойға қомақты қаржы бөлінді. Бұл қаржыға «Ежелгі Тараз» музейі, ашық аспан асты мұражайы, «Қазақ хандығы» монументі, Достық үйі секілді нысандар соғылып, сондай-ақ, қазақ драма театрының ғимараты күрделі жөндеуден өтіп және басқа да іс-шаралар атқарылатын болады. Қазіргі жұмыстардың беталысы жақсы. Енді жаңадан салынып жатқан ғимараттар құрылысының қарқынын бір сәт те бәсеңдетпей, мерзімінде бітіру – ең бас­ты міндет. Той – бір күндік. Әп-сәтте өтеді де кетеді. Тойға жасалған дүниелер ертеңгі күні елдің қажетіне жарауы тиіс. Сондықтан бәрін ақылмен шешіп, өте ұтымды ойластыруымыз қажет, – деген болатын Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысына келген сапарында. Иә, еліміздегі бірліктің, ынтымақтың және тарихи сабақтастықтың көрінісі болғалы отырған Қазақ хандығының 550 жылдығы көпұлтты мемлекетімізде тұратын барша қазақстандықтардың, барлық ұлттардың ортақ мерекесіне айналатыны сөзсіз. Бұл бір тараздықтарға ғана емес, бүкіл елімізге ортақ той. Сондықтан еліміздің барлық облыстары қаланың жекелеген аумақтарын абаттандыру және нысандарды жөндеу жұмыстары арқылы қала сәулетінің артуына өз үлестерін қосуда. Атап айтар болсақ, Солтүстік Қазақстан облысы – автобекет аумағынан сквер салу жұмыстарын атқаруда. Нысанның құны 50 млн. теңгені құрайды. Тамыз айының алғашқы он күндігінде пайдалануға берілмек. Ал, Қызылорда, Қостанай облыстары – «Қарахан» кесенесі маңында сквер орнату жұмыстарын жүргізуде, нысанның құны 150 млн. теңгені құрайды. Жалпы алғанда, жұмыстарын алғашқы күннен-ақ қарқынды бастаған бұл қос облыс осы төңіректі абаттандырып, тіптен құлпыртып жіберді. Әулиеата кесенесіне бұрын да келушілер қатары көп болатын. Қазір бұл маң тек зиярат етушілерге ғана емес, жаңадан шаңырақ көтерген жас жұбайлардың, жастардың, қала тұрғындарының жиі келетін көрікті орнына айналды. Кесене орналасқан қорық аумағына кіреберісте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың аманат хаты сақтаулы тұр. Айтпақшы, бұл істе аймақтардан келген сәулетшілерге еркіндік беріліп, қиял-ғажайып, фантазияларына ешқандай шектеу қойылмады. Мысалға, Атырау облысының сәулетшілері бір қарағанда-ақ өзіндік сән-салтанаты, ою-өрнегімен Сарайшықты еске түсіретін макеттер жасады. Яғни, Тараз қаласының төрінен еліміздің барлық облыстарының өз бет-бейнесі, өз ерекшелігі, сұлбасы орын тебеді деген сөз. Атырау облысы – Тұңғыш Президент саябағы маңында сквер салу жұмыстарын атқаруда, нысанның құны – 50 млн. теңге. Дәл сол сияқты Маңғыстау облысы да «Тараз» қонақүйінің алдына сквер салу жұмыстарын жүргізіп, осы жерден ерекше үлгідегі субұрқақ пен әктастан жасалған киіз үй пайда болды. Қазір мұнда абаттандыру және субұрқақты қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Ал, Батыс Қазақстан облысы – «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында «Мыңбұлақ» скверін (құрылыс құны – 98 млн. теңгені құрайды), Оңтүстік Қазақстан облысы «Оңтүстік қақпа» аркасын жаңғырту жұмыстарын бастады. Сондай-ақ, Алматы облысы – Жамбыл Жабаев алаңын абаттандыру және екі барельеф орнату жұмыстарын атқаруда, нысанның құны – 98 млн. теңге. Ақтөбе облысы – Жамбыл даңғылындағы көпір өткелін безендіруді жүргізуде, нысанның құны – 8 млн. теңге. Павлодар облысы Тәуке хан көшесіндегі көпір өткелін абаттандыру бойынша атқарып жатқан жұмыстары да қарқынды жүруде. Нысанның құны – 55 млн. теңге. Ал, Алматы қаласы – «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында абаттандыру жұмыстары және кіреберіс арка орнату жұмыстарын қолға алды. Бүгінде 100 млн. теңгеге жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, келісімшарт жасалды. Ал, Астана 122 млн. теңгенің құрылыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысы да жақын күндерде Тараз қаласындағы Абай скверін жаңалап, төріне ұлы ақынның ескерткішін орнатпақ. Осылайша Тараз төрінде облыстар және Алматы, Астана қалаларымен миллиардқа жуық теңгенің жұмыстары қолға алынып, іске асырылуда. Кешегі көктем айларында Ақмола және Қарағанды облыстарының бірқатар елді мекендерінде су тасқыны жүріп, төтенше жағдай орын алуына байланыс­ты бұл аймақтар осынау құрылысқа атсалысуға мүмкіндігі болмады. – Биыл – мемлекетіміз үшін маңызды жыл. Елдігімізді танытатын тағы бір тарихи кезең туды десек, артық айтқандық емес. Ел үшін, тарих үшін мерейлі датаны атап өтуге бастамашы болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа айтар алғысымыз шексіз. Төрткүл дүние көз тігіп отырған Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту – елдігіміз сынға түсетін кез. Елдік тойды бірлесіп өткізу жолында барлық жұмыс ынтымақ-бірлікпен атқарылуда. Осы дүбірлі тойға атсалысып, қолдау көрсетіп жатқан еліміздегі барлық аймақ басшыларына, барлық облыс халқына ризашылығымды білдіремін. Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу аясындағы дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде, – дейді бұл жөнінде Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев. Иә, шынында Жамбыл жұрты да дайындық жұмыстарына бір кісідей жұмылып кірісіп кетті. Мерейтой қарсаңында Тараз қаласының орталық және басты көшелерінің тазалығын, абаттандырылуын және көркейтілуін қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігіне қарасты 17 басқарма мен 10 аудан әкімдіктеріне және республикалық бюджеттен қаржыландыратын мекемелерге 40 көше бекітіліп берілді. Талас ауданы – Сүлейменов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйді сырлады, қураған талдарды кесіп, арықтарды тазартты, бағаналар сырланды. Дәл осылайша Қордай ауданы – Қойгелді, Байзақ батыр, Қапал көшелері бойындағы, Меркі ауданы – Балуан шолақ көшесіндегі, Байзақ ауданы – Сыпатай батыр, Жамбыл ауданы Жібек жолы, Мойынқұм ауданы Жауғаш батыр, Сарысу ауданы Пушкин көшесіндегі, Шу ауданы А.Асқаров, Т.Рысқұлов ауданы Т.Рысқұлов көшесіндегі, Жуалы ауданы Б.Момышұлы көшесіндегі көпқабатты үйлердің қасбетін сырлап, қураған шөптерден тазартып және жеке сектор үйлерінің қоршауларын жөндеу, сырлау жұмыстарын атқаруда. Көше бойындағы талдар әктеліп, арық жүйелері толық тазартылды. Сондай-ақ, облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы Төле би даңғылы, қаржы басқармасы Желтоқсан көшесі, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы Көшеней көшесі, ауыл шаруашылығы басқармасы мен энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы Абай даңғылы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы Комратов көшесі, жер қатынастары басқармасы әл-Фараби көшесі, еңбек инспекциясы мен кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармалары Жамбыл даңғылы, білім басқармасы Қазыбек би көшесі, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Әйтеке би көшесі, спорт және денешынықтыру басқармасы Қонаев көшесі, денсаулық сақтау басқармасы Әйтиев көшесі, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы Байзақ батыр көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттерін сырлап, ауласын абаттандырды, талдарын әктеді, бағаналарын сырлап, арық жүйелерін тазартты. Қураған ағаштарды кесу жұмыстары жүргізілуде. Ішкі саясат басқармасы осы Байзақ батыр көшесінде орналасқан 185 бизнес нысандарының иелерімен түсінік жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде 106 нысанда жөндеу жұмыстары атқарылды. Сәулет және қала құрылысы басқармасы мен тілдерді дамыту басқармасы да талдарды әктеу мен бағаналарды сырлау жұмыстарын жүргізуде. Басқармалар мен аудан әкімдіктеріне бекітілген көшелерді абаттандыру, гүлзарлар егу, жаяу жүргіншілер жолдарын қалпына келтіру және жеке сектордағы үйлердің қоршауларын жөндеу сынды жұмыстарға 56 әртүрлі техника жұмылдырылып, 350 адам еңбек етуде. Бүгінге дейін жоспарланған жұмыстардың 80-85 пайызы атқарылды. Осы жұмыстардың нәтижесінде 24 көшедегі 223 көп қабатты тұрғын үйдің қасбеттері толық жаңартылды. Осы жұмыстарға 450 млн. теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Сондай-ақ, барлық атқарылып жатқан жұмыстарға облыс әкімінің орынбасарлары жетекшілік етеді және нысандарды жаңғырту жұмыстарына облыстың ірі, орта және кіші кәсіпкерлік нысандары да атсалысып жатыр. Сонымен қатар, «Қазақ хандығы» монументін орнату жұмыстары жүргізілуде. Монументті орнатуға 3,5 гектар жер бөлінген. Монумент орнатылатын аумақты абаттандыру және автотұрақ ұйымдастыру нысандары І кезеңінің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өтті, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Ескерткішті жасап, орнату бойынша «КазАртСистем» ЖШС-мен келісімшарт жасалынып, жұмыс басталды. Бюджет қаражаты есебінен мерейтойға дайындық шаралары аясында Тараз қаласында инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған көптеген жұмыстар атқарылуда. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 3 млрд.теңгеден астам қаржы бөлінді. 2015 жылы жергілікті бюджеттен 1 928,6 млн. теңге қарастырылып, жалпы ұзындығы 46 шақырым жол күрделі және орташа жөндеуден өткізілуде. Оның ішінде, қаламыздың басты көшелерінің бірі – Жамбыл даңғылы 598,1 млн. теңгеге, Сүлейменов көшесі 223 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өтіп, Тәуке хан көшесіндегі жол өткелі 291,7 млн. теңгеге қайта жаңғыртылуда. Жамбыл, Төле би даңғылдары жаяу жүргіншілер жолдарының 13,6 шақырымын жөндеуден өткізуге 209,6 млн. теңге қарастырылып, қазір құрылысы қызу жүруде. Төле би даңғылындағы жұмыстар аяқталды, ал, Жамбыл даңғылындағы жұмыстар 1 қыркүйекте аяқталатын болады. Қала көшелеріндегі аялдамаларды жаңартуға 100 млн. теңге бөлініп, қыркүйек айына дейін қаланың негізгі көшелеріндегі 44 аялдама толық ауыстырылады. Тараз қаласындағы 11 көшенің сыртқы жарықтандыру желілерін қайта жаңғырту нысаны бойынша 252,3 млн. теңге бөлініп, бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жоспар бойынша 1394 дана жарықдиодты шамдар ауыстырылып, 65 бағандар орнатылатын болады. Бұдан бөлек, «ССТ Лайткинг» ЖШС 302 млн. теңгеге Абай, Төле би даңғылдарындағы 49 ғимаратқа айшықты жарықтандыру жұмыстарын бастады. Үстіміздегі жылы қаланы көріктендіру, көркейту және санитарлық тазалық жұмыстарына 454,6 млн. теңге бөлініп, оның 209,9 млн. теңгесі игерілді. Мерейтой кезінде республикадан, шетелден келетін қонақтарды қабылдайтын «Әулиеата» әуежайының терминалында құрылыс жұмыстары да қызу жүруде. Әуежай алдына гүлдер отырғызылып, жол бойындағы гүл сауыттар ретке келтіріліп, абаттандырылуда. Қаланың демеушілері есебінен Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябағы маңындағы аллея 20 млн. теңгеге абаттандырылды, Тәуке хан және Абай көшелерінің бойында үш барельефтік-архитектуралық композициялар 83 млн. теңгеге орнатылды, Абай, Төле би көшелерінің бойындағы аркалар 22 млн. теңгеге жаңартылып, басқа да жұмыстар атқарылуда. Мерейтойға дайындық шаралары және қаланың инфрақұрылымын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың мерзімінде аяқталуы тұрақты бақылануда. Қазақ хандығының 550 жылдығы – халықтың тарихи санасын жаңғыртуға, яғни, жастарға ұлттық тарихты, оның ішінде Қазақ хандығы кезеңінің маңыздылығын терең білуге ықпал етуі тиіс. Міне, осы мақсатта Жамбыл жерінде «Ерліктің арқауы, елдіктің бас­тауы – Қазақ хандығы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, жас жазба ақындар арасында республикалық жабық жыр мүшәйрасы жарияланды. Дәстүрге айналған «Көктем» халықаралық классикалық өнер фестивалі, «Шу-Талас жазығынан бастау алған Қазақ хандығы» атты семинар, Шу ауданында «Қозыбасы – хандықтың бастауы» атты дәстүрлі өнер байқауы, Тараз қаласында «Қазақ хандығы – ата тарихымыздың асқар белесі» атты ғылыми конференциясы, «Қазақ тарихы» тақырыбында жергілікті суретшілерге берілген тапсырыс жобаларының алдын ала көрмесі облыс, республика жұртшылығының назарын аудартты. Сондай-ақ, әр аптаның жұмасында Тараз төріндегі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағында сахналық қойылымдар, тарихи көрмелер, концерттік бағдарламалар мен Тараз қаласы мен аудандардың мәдениет және өнер күндері өтіп, қала жұртшылығының рухани сұранысын қанағаттандыруда. Сондай-ақ, шілде айынан бастап арнайы кестеге сай барлық аудандарды қамтитын «Мәңгілік Ел» идеясы аясында «Қазақ хандығы ту тіккен өлке» атты тарихи-мәдени жоба жұмысын бастап кетті. Құрамында тарихшы, мәдениеттанушы, айтыскер ақындар бар тарихи-мәдени керуен әр ауданның зиялы қауымымен кездесіп, тың деректер жинап, соның нәтижиесінде әдеби-көркем, деректі-тарихи шығарма кітаптар шығару ойластырылуда. Өткен жылы жергілікті сазгерлердің шығармаларынан «Әулие ата өңірінің музыкалық мұрасы» атты 7 дискіден тұратын жинағы көпшіліктің қолына тиді. Сондай-ақ, той күндері «Еуразия барысы», ақындар айтысы, мүшәйра, арнайы дайындалған қойылымдар мерейтойдың мәнін аша түспек. Қазақтың ұлт болып қалыптасуында ерекше мән-маңызға ие сол тарихи кезеңдерді жаңғырту арқылы елдің рухын көтеріп, санасын жаңартатын Қазақ хандығының 550 жылдығы ұлттық болмысымызды нығайтып, халықтық дәстүрлеріміз бен мәдениетімізді дамытатыны тағы анық. Елбасы өзінің Ұлытау төріндегі сұхбатында: «Тарихын білмеген ұлттың болашағы да бұлыңғыр», деген болатын. Міне, көне Тараз төрінде халқымыздың өнегелі өмірі мен ерлігін зерделеу бағытында үлкен тірліктер атқарылып жатыр. Ендеше, той тойға ұлассын, ағайын! Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». ТАРАЗ. ––––––––––– Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.