Кеше Алматыда әдебиет пен өнер қайраткерлеріне және жас таланттарға 2014 жылғы Президенттік және Мемлекеттік стипендиялар табысталды. Елбасының тапсырмасын орындау үшін оңтүстік астанаға арнайы келген Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова осынау аманатты атқарып, зиялылармен дидарласты.
Стипендиялар жыл сайын мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында Қазақстан Республикасының құрметтi атақтары мен мемлекеттiк наградаларын иеленген мәдениет және өнер қайраткерлеріне, сондай-ақ, аса дарынды шығармашыл жастарға зор шығармашылық жетістіктері үшін берiледi.
Қазір қандай мәселе қозғалса да әңгіменің аяғы экономикадағы ахуалға, әлемдегі тұрақсыздыққа барып тіреледі. Оның салқыны тимей жатқан сала жоқ. Бірақ осының бәріне қарамай, биыл да Елбасының арнаулы Өкімімен әдебиет пен өнер қайраткерлеріне мемлекеттік стипендиялар көлемі қысқартылмай, дәстүрлі түрде тапсырылды.
Мемлекеттік стипендияларды табыстау рәсімі қай кезде де шығармашылық ордасы болып келген, әдебиет пен өнердің танымал өкілдері шоғырланған Алматыда өтті.
Ел дамуының ең қиын кезеңінде осыдан 21 жыл бұрын, 1994 жылы жалақының да, зейнетақы мен стипендияның да уақытында төленбей жатқан тұсында, Қазақстанның әр шалғайындағы үлкен кәсіпорындардың жұмысы тоқтап тұрғанда, Президентіміз ұлттық интеллигенцияның қаймағын жинап, бір жағынан рухани сеп болсын деп, осы стипендияны тағайындаған болатын. Осыны айтып, рәсімді ашқан Гүлшара Әбдіқалықова отандық мәдениетті дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқандарға Елбасының алғысын жеткізе отырып:
– Енді осы әңгімеміздің алдында жақсы бір қуанышты хабарды жеткізсем деймін. Бүгін ортамызда отырған, бәріміз әндерін сүйіп тыңдайтын көрнекті композитор Ескендір Хасанғалиев 75 жасқа толып отыр. Осыған орай, Елбасы Ескендір Өтегенұлына өзінің арнайы құттықтауын жолдады, – деп Мемлекет басшысының өз қолымен жазған сәлемдемесін оқып берді.
Шынында да, дәл осы күні әйгілі сазгер мерейлі жасқа толған еді. Осындай әдемі оқиғамен басталған рәсім келелі әңгімеге ұласты. Мемлекеттік хатшы өткен жылы отандық мәдениетті жаңа белеске көтеру үшін Қазақстан Республикасының ұзақмерзімді Мәдени саясатының тұжырымдамасы қабылданғанын еске сала отырып, осыған орай шығармашылық адамдарының алдында елдің жаңа әдебиетін, жаңа өнерін жаңа биіктерге көтеру міндеті тұрғанын атап көрсетті.
2014 жылдың қорытындысы бойынша отандық мәдениетті дамытуға қосқан маңызды үлесі үшін әдебиет пен өнер саласының 100 қайраткеріне стипендия тағайындалды. Президенттік стипендияға ие болғандар қатарында Олжас Сүлейменов, Мырзатай Жолдасбеков, Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, Владимир Толоконников, Асанәлі Әшімов, Юрий Померанцев, Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази, Анатолий Молодов және басқалар бар.Сондай-ақ, Алан Бөрібаев, Еркебұлан Дайыров, Әйгерім Бекетаева, Жанель Төкеева, Әлия Телебарысова, Қасымхан Бұғыбай және басқа да бірқатар жас дарындар Мемлекеттік стипендияға ие болды.
Г.Әбдіқалықова мәдениет пен өнер қайраткерлері Мемлекет басшысының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын іске асыруға сүбелі үлес қосатынына сенім білдірді. Мемлекеттік хатшы күнделікті әрі қажырлы шығармашылық еңбек мәдениет пен өнерді экономикалық өсудің, инновацияның және адами дамудың негізгі ресурстарының біріне айналдыратынын айтты.
Кездесу отандық мәдениет пен өнерді дамытудың өзекті мәселелерін талқылаумен аяқталды. Мемлекеттік хатшы көкейтесті проблемаларды шешу үшін сындарлы ұсыныстарды қалыптастыруға және өзара түсіністікті тереңдетуге жол ашатын мұндай тұрақты әрі ашық әңгімелесудің маңыздылығын атап көрсетті.
Г.Әбдіқалықова мәдениет, әдебиет және өнер қайраткерлері Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын өткізуге, сондай-ақ алда келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына, Конституцияның 20 жылдығына, Қазақ хандығының 550 жылдығына және Жеңістің 70 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шараларға белсене атсалысатындарына сенім білдірді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
Суретті түсірген
Айтжан МҰРЗАНОВ.