• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
14 Ақпан, 2015

Ынтымақтастық көрінісі

491 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Н.Назар­баевтың Жарлығымен 2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп белгіленген болатын. Тәуелсіз қазақ жерінде 140-қа жуық өзге ұлт өкілдері тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтап, тату-тәтті өмір сүруде. Биыл елімізді мекен ететін түрлі ұлт өкілдерін бір арнаға ұйыстырып отырған теңдесі жоқ институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойы.

Целиноград ауданында «Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясы жылы­ның бастау алуы» атты акция өтті. Шараға аудан басшысы Мал­ғаж­дар Тәткеев, аудандық ҚХА-ның төр­ағасы Магомед Сукалов, жер­гі­лік­ті мәслихат депутаттары, бөлім басшылары мен БАҚ өкіл­дері қатысты. Мерейтой кішігірім көрініспен ашылды. Қилы заманда шашырай әр жерге қоныс тепкен ұлт өкілдерінің бейнесін суреттеген әр этнос өкілдері бірте-бірте жиылып, достық символындай қауышып, ақ ананың батасын алып, айналаны ән-жырға бөледі. Малғаждар Тәткеев респуб­ликамызда 130-дан астам ұлт пен ұлыс болса, біздің ауданымызда да 30-дан аса этнос қоныс теуіп, шаруашылық пен өндіріс салаларында еңбек етіп жатыр. Целиноград ауданы жылдан-жылға көркейіп, гүлденіп, кемелденіп келеді. Биыл Қазақ елі маңызы зор  4  бірдей  мерейтойды атап өтке­лі отыр. Соның бірі – Қазақ­стан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы. Біздің мемлекетіміздің басты жетістігі еліміз халқының ұлтаралық және конфессияаралық келісімі, өзара түсіністігі мен сыйластығы болып табылады. Қазақ елінде шоғырланған ұлттар арасындағы  бірліктің орнауы Елбасы Н.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасы, деді әкім. Ал ҚХА-ның төрағасы Мо­гамед Сукалов барлық жиналған қауымды бүгінгі айтулы шара­мен құттықтады. «Қазақ елі көп ұлттың басын қосқан, киелі мекен. Мемлекет басшысы Н.Назар­баевтың көреген саясаты арқасын­да барлығымыз береке мен бейбіт өмір кешудеміз. Біз осы жүре­гіміздің төрінен орын алған  тату, ынтымақшыл қасиетімізді мәңгі сақтауымыз қажет», деді  ол. Шара соңы үлкен концертке ұласты. Әр ұлттың ұлттық билері орындалып, әндерінен шашу шашылды. Жастар арасында флеш-моб өткізілді. Дана АЛДАНҚЫЗЫ. Ақмола облысы.