• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Тамыз, 2015

Транскаспий транзиті

365 рет
көрсетілді

Транскаспий өңіріне маңызы зор оқиға Каспий теңізінің Әзербайжан астанасы Бакуден 65 шақырым жерде өткізілді. Жаңадан ашылған Алят теңіз портында Транскаспий транзиттік «Шихази (ҚХР)–Достық–Ақтау порты–Алят порты–Кишлы (Баку маңында)» бағдарымен алғашқы қарлығашы «Номад экспресс» контейнерлік пойызын қарсы алу салтанаты болды. Салтанатты шараға Әзербайжан Премьер-министрінің орынбасары Әбид Шарифов, Көлік министрінің орынбасары Ариф Әскеров, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин, «Әзербайжан темір жолы» ЖАҚ төрағасы Джавид Гурбанов, Грузия темір жолының басшысы Мамука Бахтадзе, Қытай Халық Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Хун Цзюинь қатысты. Бұл жылжымалы құрам Қы­тай, Қазақстан, Әзербайжан ел­дері мен Ақтау және Алят теңіз порттарының бірлескен үйлес­ті­рілген қызметтерінің нәтижесі болып табылады. Контейнерлік пойыз Қазақ­стан мен Каспий теңізі арқылы 3500 шақырым ұзақ жолды бес тәулікте жүріп өтті. Пойыз Дос­тық стансасынан Ақтау портына барды. Ақтаудан паром арқылы Әзер­байжан Республикасының Алят портына жеткізілді. Одан әрі қарай Баку маңындағы Кишлы стансасына бағыт алды. Пойызды күтіп алу салтанатында сөз сөйлеген «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Ас­қар Мамин Транскаспий бағдары­ның Қазақстан мен Әзербайжан мемлекеттерінің әлеуетін көтеруге Азия мен Еуропа арасындағы тран­зиттік көпір қызметін атқара­тын­дығын атап өтті. Оның айтуынша, Транскаспий бағдарының негізгі бөлігі болып табылатын Карс–Ахалкалаки теміржолы пай­далануға берілсе, аталмыш бағдардағы жүк тасымалы зор серпін алады. Өз кезегінде «Әзербайжан темір жолдары» ЖАҚ төрағасы Джавид Гурбанов осы бағдар­дың маңызды екендігіне тоқ­талып, Қазақстан тарапының халықаралық жобаға белсенді қатысып отырғандығына алғыс білдірді. Асқар Маминнің айтуынша, аймақтағы елдердің арасындағы тауар айналымын есепке алған кезде, Транскаспий контейнерлік тасымалы 2020 жылдарға қарай шамамен 300 мың фут­тық эквивалентті құрайды. Бұл жоба Қытай, Қазақстан, Әзер­бай­жан, Грузия мен Түркия мемле­кеттерінің теміржолдары, Кас­пий теңіз порттары, кеме жүру кеңістігі, терминалдардағы сервистік қызметтерді жеткізудің барынша оңтайлы жолдарын қарастырғанда, барлық мульти­мо­дальдық шешімдерді үйлестір­генде, бірыңғай тарифтік саясатты жүзеге асырғанда мүмкіндік алады. Бұл бағдар Қазақстанның тран­зиттік және экспорттық әлеуе­тін арттырады. Транскаспий ха­лықаралық көлік бағдарындағы бәсекелестікті өсіреді. Қазірдің өзінде осы бағдарға еуропалық елдердің жүк жөнелтушілері де қызығушылық танытып отыр. Транзиттік және сыртқы сауда жүктерін тасымалдауға тарту үшін бірыңғай бәсекелестікке сай теміржол тарифі енгізіледі және жалпыға ортақ жол қозғалысы технологиясы қолданылады. Болашақта контейнерлік пойыздар бағыты дамытылып, Үйлестіру комитетіне мүше ел­дер­дің бағдарына Қазақстан арқылы транзиттік жолмен Түр­кияға одан Еуропаға бет алады. «Қазірдің өзінде біздің бір­­лес­­кен жұмысымызға әлемдік кор­порациялар үлкен қызығушы­лықпен қарап отыр. Себебі, Қытайдың, Оңтүстік Азияның өндірістік әлеуеті мен логисти­калық-көліктік қызмет өнімдері және тауарлары Азиядан Еуро­паға жеткізіліп, одан кері қарай да тасымалдануы жүзеге асырылуда, деп атап өтті ҚТЖ жетекшісі. А. Маминнің айтуынша, жы­л аяғына дейін Қытайдан Әзер­бай­жан арқылы Грузия мен Ыстамбұлға контейнерлік пойыз ұйым­дас­тырылады. Оның әріптесі Мамука Бахтадзенің хабарлауына қарағанда, бұл бағыттағы жүк­терді тасымалдауға Корея мен Жапония да қызығушылық таны­туда. Екі ел арасындағы Транс­каспий бағдары Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Н.Назарбаев пен Әзербайжан Республикасының Президенті И.Әлиевтің жоғары деңгейдегі келісімдері негізінде жүзеге асырылып отыр. Осы күні алғашқы транзиттік контейнерлік пойызбен Бакуге ТЭЗЗА «Evolution» сериясындағы қазақстандық тепловоздың алғашқы партиясы жеткізілді. Салтанатты шарада «Әзер­байжан темір жолы» ЖАҚ төра­ғасы Д. Гурбанов екі ел арасында ұзақ жылдардан бері сенімді серік­тестік орнағандығын атап өтті. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин Қазақ­станның Әзербайжанға темір­жол көлігі машиналарын жеткізетін сенімді орындаушы екен­дігін айта келіп, қазіргі таңда теп­ловоздар, электровоздар, бағыт­тауыш бұрмалар мен теміржолдың басқа да өнімдерін жеткізе алатындығын айтты. Барлық келісімшарттың бағасы 350 миллион АҚШ доллары шамасына жетіп отыр. Осы мақсатта Астанадан жет­кізілетін «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ тепловоздарын «Әзер­байжан темір жолы» ЖАҚ Қазақ­стан даму банкі беріп отырған ли­зингтік қаржыға алады. Бұл Қазақстанның халықаралық деңгей­дегі отандық тауарларды шетел­ге лизингтік қаржыландыру арқы­лы шығарып отырған бастап­қы жобасы. Жыл аяғына дейін «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ Әзербайжанға он локомотив жеткізіп беруді жоспарлап отыр. Бұған дейін экспортқа шы­ға­рылған қазақстандық тепловоздар Қырғызстан, Тәжікстан, Украина, Түрікменстан аумағында жүйткіп жүр. Осылайша елордадағы локомотив құрастыру зауыты өз өнімдерін шетелге шығару аясын кеңейте түсуде. Кәсіпорын «Нұрлы Жол» бағ­дар­ламасы аясында отандық темір­жол көлігі машиналарын экспортқа шығаруды мықтап қолға алмақ. Қазақстан, Әзербайжан, Гру­зия теміржол әкімшіліктерінің бірлескен жобасы Қытайда жасақ­талған контейнерлік құрамның Қазақстан аумағын көктей өтіп Әзербайжанға келіп тоқтауы үлкен құбылысқа айналды. Бұл жыл­жымалы құрам өзімен бірге Қазақстанның астанасында құрастырылып жатқан заманауи локомотивті жеткізді. Тепловоз кабинасында қазақстандық және әзербайжандық локомотив бригадалары бір-бірін құшақ жая қарсы алды. Алғашқы тепловозды Алматы локомотив пайдалану депосының машинисі Аманат Абдуллаев пен көмекшісі Дидар Көпбаев жеткізсе, Әзербайжан теміржолы локомотив пайдалану депосының машинистері Александар Гаврилов, Резван Мириев, Ровшан Нәбиев, Шагин Асланов қызыға тамашалап, үйренуге кірісті. Салмағы 138 тонна тартатын алып тепловозды жеткізген алматылықтардың бойынан бір жүк түскендей жеңілдеп қалды. Бесінші буындағы соңғы үлгідегі аса қуатты техникаға әзербайжандық әрептестері шаттана қуануда. Енді олар мықты техникамен Евлах–Балакан, Евлах–Кучарли, Ширван–Астара, Имишли–Хорадиз бағдарларына зымырайтын болады. Жаңа үлгідегі тепловоздың маңдай тұсына қазақ және әзербайжан тілдерінде сенімді серік­тестің Транскаспий транзит­тік бағдарына зор серпін бере­тіндігі айшықталып, жазылған. Енді бұл бағдар Ұлы Жібек жо­лының жаңаша жалғастық таба­тын­дығының шынайы кепілі болады. Ескендір ЕРТАЙ.