Үстіміздегі жылдың ақпан айының басында Көліктегі ІІД-нің есірткіге қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен жүргізілген жедел іздестіру шаралары барысында Астана бекетінің теміржол вокзалы перронында «Алматы-1-Астана» бағытында келген жолаушылар пойызынан түскен Алматы облысы, Қаскелең қаласының 28 жастағы тұрғыны ұсталды.
Тексеру барысында оның қара түсті жол сөмкесінің ішінен ақ түсті ұнтақты полиэтиленді пакет алынып, тәркіленді. Сараптаманың қорытындысына сәйкес, оның жалпы салмағы 8 кило 446 грамм болатын аса ірі көлемдегі «героин» есірткі заты екендігі анықталды.
Тексеру кезінде күдікті есірткі затын Алматы қаласынан Астана қаласына дейін теміржол көлігімен тасымалдауды жүзеге асырып, ол үшін ақшалай сыйақы алуы керек болғаны белгілі болды. Сондай-ақ, қосымша жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында Алматы қаласында осы есірткі затын жөнелтуші ұсталды.
Оларға қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады Көліктегі ІІД баспасөз қызметі.